"Желтоқсан көтерілісі арқылы Қазақстан тәуелсіздігіне қол жеткізді": Ғабит Тұрсынбай

Уақыты: 12.12.2023
Оқылды: 553
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

1986 жылғы 16 желтоқсанда қазақ жастары КСРО-ның тоталитарлық жүйесіне қарсы бой көтерді. Көп жұрт осы датаны оқиға деп қабылдап жүр. Мынаны ескергеніміз абзал, Қазақстанның бірнеше қаласында, оның ішінде сол уақтағы астанасы Алматыда көзі ашық, көкірегі ояу қазақ жастарының бой көтеруі 15 одақтас республиканың орталығында үлкен үрей тудырды. Шынтуайтында, алып империяның аумағында мұндай дүмпу аз болды. Санар болсақ, бір алақанның маңайындағы саусақ жеткілікті. Сондай дүмпуді тек оқиға деп қабылдар болсақ, тарихқа қиянат болар еді. КСРО-ның ыдырауына тікелей себеп болған, Қазақстанның тәуелсіздігіне соқпақ салған 1986 жылғы желтоқсанды көтеріліс деп қабылдауымыз керек. Ал, оған не себеп болды?

Қазақстанның тізгінін тартуға өзге ұлт өкілінің тағайындалуы қанша жылдық қурап тұрған қу ағашқа от тигізгендей болды. Оның алдында өткен ғасырдың басындағы қолдан жасалған ашаршылық, қазақтың зиялысын қынадай қыруға бағытталған репрессияның да бұл көтеріліске әсері бар. Одан қалды Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ер-азаматын майданға аттандырып, буыны қатпаған, емізулі баласын жетектеген ана, мылтық атуға жарамайтын қариялар егін даласында тапқанын майданға аттандырып, өздерінің ішер асқа жарымауы, соғыстан кейін тың игеру деген желеумен Қазақстанға мәжбүрлі көшірілген өзге ұлт өкілдерінің шамадан тыс ағылып, қазақ тіліне, мәдениетіне қауіптің төнуі, қазақ мектептерінің орнына орыс мектептерінің ашылуы, қазақ тіліндегі оқулықтардың жетіспеуі сынды ұлттық кеңістікті тарылтатын мәселелер, ащы запыран халық көкірегінде жиналып-жиналып, ызғарлы желтоқсанда алаулады. Дана халқымызда «Елу жылда ел жаңа» деген тәмсіл бар. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. 50 жылға жуық уақытта сол кездегі жастарымыз соғыс кезінде және соғыстан кейінгі қазақтардың ұрпағы еді. Қазақ әдебиетінің шарықтаған сәтіндегі шығармалармен сусындап, І. Есенберлиннің еңбектері арқылы тарихын тани бастаған ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу болды. 

Қоғамдық сана да тірі организм секілді. Онда да үрей сезімі болады. Мәселен өткен ғасырдың 30 жылдары репрессия, аштық, жалпы И. Сталин қаза тапқанша қазақ қоғамында үрей мен қорқыныш тудырды. Одан кейін дүниеге келгендер сол үрейден ада еді. Міне, желтоқсаншылар сол қатардан, ойы ашық, көкірегі ояу азаматтар еді. Осындай жалынды жастар халықтың мұңы мен зарын 1986 жылы қылышынан қан тамған жүйеге қарсы ашық білдірді. 

Кеңес Одағы сырты жылтыраған аяр мемлекет болғанымен ішінен іріп-шіріп жатты. Оған мысал, Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақ жастарын наркоман, бұзақы, елдің болашағына балта шабушы етіп көрсетуі соның айғағы. Кез келген дамушы не дамыған ел жастарымен санасып, олардың әлеуетін пайдалануға ұмтылса, КСРО қазақ жастарын құрдымға кетуші деп бағалады. Жастарымыз- ды істемеген нәрсеге айыптап қойса жақсы, балабақша, мектеп, Мәдениет үйін қиратты, қоғамды ірітуде деп өзге ұлт өкілдерін қазақ жастарына айдап салып отырды. «ДНД» деп сол өзге ұлт өкілдерін көшеге шығарып, қолдарына қару беріп, алаңға шыққаны бар, шықпағаны бар, жастарымызды «жазалатты». Осылайша ұлттар арасында алауыздық туындады. Қазақ жастарын осындай астыртын әрекетпен жазалау арқылы одаққа қауіп төндірмейтіндей хәлге жеткізуді көздеді.

Сол Желтоқсан көтерілісі арқылы Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Алайда желтоқсаншылардың арман-мүддесін толық жүзеге асырғанымыз жоқ. Әуелі идеология. Қоғамда мешіт салу үрдісі басым. Оның нәтижесі дей алмаймыз, бірақ қоғам әсіредіншіл және әсіредіншілдерге қарсылар деп екіге бөлінді. Мемлекеттік саясат дін мәселесін толық шешіп алмай, қоғамдағы алауыздық ушыға түседі. Одан бөлек, төл тарихымызды түгендеуді қолға алуымыз керек.

Қазақ халқының өткенін зерделеуге мемлекет тарихи институттарды жұмылдыру қажет. Тағы бір жайт, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу маңызды. Қазір шетелде миы миллионға бағаланатын қанша жасымыз жүр?! Оларды елге әкелуге күш салып жатқан ешкім жоқ. Олар да тіл, мәдениет, ақша мәселелерін алға тартып келгісі жоқ. Мағжан Жұмабаевтың «Сүйемін» өлеңіндегідей туған жерді, Қазақстанды қалай бар солай сүю арқылы оның болашағына титімдей де болса септігін тигізуді мақсат етуі тиіс. Сонда ғана желтоқсаншылдардың арманын, мақсат-мүддесін орындаймыз. Болашағымызды жарқын етеміз.

Ғабит ТҰРСЫНБАЙ, 
Жетісу облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі
Фото: zakon.kz