«Ауыл аманатының» арқасында жетісулықтардың әл-ауқаты жақсаруда

Уақыты: 14.12.2023
Оқылды: 582
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу өңірінде ауыл тұрғындарының табысы артуда. Оған «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаулардың ықпалы зор. Бағдарламаның негізінде ауыл тұрғындары жеңілдікпен несие алып отыр. Жыл басынан бері өз ісін бастап, дамытуға 2,9 млрд. теңгені 500 адам нақты қолына алған. Қолдау көрсетілген бизнес жобалардың бағыты әртүрлі.

Мәселен, Кербұлақ ауданының тұрғыны бағдарламаға қатысып, өз наубайханасын ашқан. Ал көксулық азамат үйінде сүт өнімдерін дайындаса, Қаратал ауданынан тағы бір кәсіпкер Текелідегі мәрмәр ұнтағын пайдаланып, үйлердің қасбетіне арналған қаптама материалдар дайындай бастады. Бағдарлама қатысушылары өз өнімдерін бүгін Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шарада көрмеде ұсынды.

Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, шаруаларға тынымсыз да қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді. Еске салсақ, биыл жалпы жиналған дәнді дақылдар өнімінің көлемі бойынша Жетісу облысы республикада алғаш рет 4-ші орыннан көрінді. Осы жылы облыс диханшыларының қажырлы еңбектерінің арқасында 517,8 мың гектар егіс алқабынан 1,9 млн.тонна ауыл шаруашылық дақылдары жиналды. Өткен 11 айдың қорытындысында ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 475,9 млрд. теңгеге жетті. Бұл ретте биыл агросубъектілерді қолдауға бюджеттен 46 млрд. теңге қаражат бөлінді, оның 28 млрд. теңгесі субсидия және 15 млрд. теңгесі жеңілдетілген несие ретінде және 3,1 млрд.теңге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға лизингіге берілді.

Қарашоқы ауылының тұрғыны наубайханаға қажетті ғимаратты өткен жылы сатып алған, ал биыл жеңілдікпен алған несие қаражатына жаңа жабдықтар – 3 пеш пен 2 қамыр илейтін құрылғы сатып алған. Өткен жылы ол наубайханасында күніне 100-150 дана нан өнімдерін шығарса, қазір оның санын 300-350-ге жеткізіп отыр.

- Бағдарлама жақсы жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан жасалған қаржылай қолдау маған зор пайдасын тигізді. Қазір нан-тоқаш өнімдерінің 10 түрін пісіреміз. Пицца мен самса да бар. Қазір өнімді өз ауылымызда және Сарыөзектегі 2 дүкенге өткізіп отырмыз. Қосымша Қонаев пен Алматы қалаларындағы ірі сауда нүктелерімен келісім жүргізіп жатырмын. Наубайханада 2 ауысымда 7 адам жұмыс істейді, - деді кәсіпкер Асхан Мәлінбаев.

Бағдарламаның тағы бір қатысушысы, Көксу ауданы Ақтекше ауылының тұрғыны Ертай Байтайұлы:

- Алатау тұқымды 19 сиыр сатып алуға 7,5 миллион алдық. Қазір олардың біразын сауып отырмыз, қалғаны буаз. Әзірге әйеліміз екеуміз үйде құрт, қатық, сары май, ірімшік жасап сатуды жолға қойдық. Сұраныс бар. Жұмысты ары қарай жалғастырамыз, - дейді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушыларымен қатар көрмеге өңірдің әр қиырынан келген шаруашылықтар қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Көрмені аралап, шаруалармен тілдескен облыс әкімі Бейбіт Исабаев салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеп, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталып өтті. Мәселен, ауыл шаруашылығы үшін өзекті проблемалардың бірі - жер мәселесі. Жер жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін 2022 жылдан бүгінге дейін пайдаланылмаған және мақсатқа сай падаланылмай отырған 375 мың га ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды, 35,9 мың га жер ауылдықтардың малын жаюға берілді. Сол сияқты конкурс арқылы 140 мың гектар жер учаскелері берілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Суармалы сумен қамтуға да көңіл бөлінуде. Осы жылы су үнемдеу технологиялары 1,2 мың гектарға енгізілсе, алдағы екі жылда су үнемдеу технологиясын қолдану алаңын 12 мың га жеткізу межеленіп отыр. Бұл ретте инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы жаңбырлатқыш машиналар мен тамшылатып суару жүйелерін сатып алған шаруашылықтардың шығыны 50 пайызға субсидияланады.

- Агроөнеркәсіп саласының басты міндеті – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 120 кәсіпорын жұмыс жасайды. Өткен жылмен салыстырғанда 20 пайыздан артық өнім өндірілді, оның ішінде сүт өнімдері – 8,2%, сұйық май – 63,9%, балық өнімдері – 47,8%, шұжық өндірісі – 5,7%  ұлғайды, - деп атап өтті Б. Исабаев.  Сөзінің соңында шаруа адамдарының өңірді дамытуға қосқан үлестері үшін алғысын білдіріп, бірқатар азаматтарды марапаттады.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бірқатарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, «Еңбек ардагері» медалі және «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісі берілді.  

Мұнан соң «Облыстың үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» аталымы бойынша жеңімпаздар марапатталды. Жаңа тракторлардың кілті мен І дәрежелі дипломды Кербұлақ ауданындағы «Қызылшоқы» ЖШС және Сарқан ауданынан «Абылқасымов Б» шаруа қожалығы алды. Өңдеу кәсіпорындары арасында «JLS Сүт» сүт зауыты үздік деп танылып, зауыт басшылығына 1-дәрежелі диплом және сыйлық ретінде 800 мың теңгенің ақшалай сертификаты табыс етілді. 2-орынды «Бақытбек Қаратал» ЖШС және 3-орынды «Текелі сүт зауыты» иеленіп, оларға сәйкесінше 500 мың және 400 мың теңге сыйақы берілді.

Мерекелік шаралар концерттік бағдарламамен жалғасты. 

Дереккөз: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай