Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласының тұрғындарымен кездесті

Уақыты: 20.12.2023
Оқылды: 492
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласының тұрғындарымен кездесіп, өңір әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстармен, алда атқарылар тың жоспарларымен бөлісті. Бұл – Бейбіт Өксікбайұлының аймақ басшылығы тізгінін тартқан уақыттан бергі халықпен отызыншы, Талдықорған қаласы тұрғындарымен үшінші кездесуі. Қала тұрғындары алдыңғы кездесуде 25 мәселенің тінін тарқатуды сұраған болатын. Бүгінде осы мәселелердің 12-сі толық шешіліп, 13-і бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Қашанда заң үстемдігі қажет

Баспана – бас қайғы. Шаршы метр пәтер сұрап әкімдік жағалаған жұрттың қарасы қалың. Сандарды сөйлетсек, өңір былай тұрсын, республикада миллиондаған шаршы метр тұрғын үй салынады. Сонда да баспана жетпейді. Талдықорған қаласында да жылына мыңдаған пәтер пайдалануға беріледі. Бірақ кезегін даулап жүргендер толастар емес. Шаршы метр неге жетпейді? Жетпегеннің жыртығы қалай жамалады? Жоқтың бары қашан түгенделеді? Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұл сұрақтарға Талдықорған қаласының тұрғындарын қабылдағанда жауап берді.

Алғаш болып аймақ басшысының қабылдауына Оңалбай Жексембинов есімді қария келді. Қызылағаш ауылы тумасының айтуынша, жұбайы 2012 жылы пәтер кезегіне тіркелген. Бүгінде құдайқосқаны денсаулығы сыр беріп, мүгедек болып қалған. Оған қоса жалғыз ұлының да дімкәстігі қарияны әбден қажытса керек. Облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы О. Жексембиновтың жағдайын таразылай түсіп, өзге балаларының да жөнін сұрады. Қарияның айтуынша, екі ұлы дүние салыпты, бір қызы шалғайға тұрмысқа шыққан. Қолында бір қызы бар. Тағдыр әлде тұрмыс, онысы белгісіз, үш баласымен ажырасып ата-анасына, науқас бауырына болысып отыр екен. Қызы жұмыста болған сәтте қос науқасқа қарау, жағдайын жасау қарияның міндетінде. «Сотыңа бардым, прокурорыңа бардым» деп өктемдей сөйлеп енген қарияның жайына әбден қаныққан аймақ басшысы бұл мәселені қатаң назарда ұстауды қала әкімі Ернат Бәзілге тапсырды. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевқа материалдық, медициналық көмек беруді жүктеді.

– Баспана, пәтер кезегінде тұрғандардың санына қарап айтар болсақ, бір ғана адамның мәселесі емес, өңір үшін түйткіл. Ал оның тінін тарқатуға қауқарлы тірлігіміз бар. Биыл 1083 пәтер пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы бірнеше тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Келер жылғы меже – екі мыңнан аса пәтерді қолданысқа енгізу. Ақсақалдың жағдайы белгілі, жан-жақты қолдау білдіруіміз керек. Бірақ, «сотыңа бардым, прокурорыңа бардым» дегенді қою керек. Бізде Отан ортақ, ел ортақ, жер ортақ, сол сықылды сот та, прокурор да, әкімдік те ортақ. Заң үстемдік ететін мемлекетте өмір сүреміз. Заңнан аттап, пәтер кезегін жылжытуға құқығымыз жоқ. Тек құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізіп, қордаланған баспана кезегін екі есе қысқарту – біздің құзыретте, – деді аймақ басшысы.

Қартайған шағында әкімдік жағалаған Оңалбай Жексембиновқа Бейбіт Өксікбайұлы келер жылы баспаналы боларын айтып сүйіншіледі. Мүмкіндік болса жергілікті қайырымды жандардың көмегімен баспана әперуге уәде етті.

Мұнан соң қоғамдық қабылдауға келген Эльмира Манасова да баспана жайын базыналай келіпті. Айтуынша, 2012 жылы анасы пәтер кезегіне тұрған. Ол дүниеден өткен соң кезек әкесіне тиген. Әкесі Ілияс Төлегенов 2016 жылы денсаулығына байланысты І топ мүгедегі атануға мәжбүр болған. Алайда пәтер кезегіне мүмкіндігі шектеулі жан ретінде емес, тек зейнеткер ретінде тіркелген. Бүгінде І. Төлегенов 954-ші болып пәтер кезегінде тұр. Эльмира Манасованың айтуынша, ағасының құрқылтайдың ұясындай жер үйінде екі отбасының бірігіп тұруы тіпті қажытқан. Жуынатын бөлмесі, дәретханасы жоқ үш бөлмелі үйде дімкәс жанға болысу қиынның қиыны. Пәтер сұрай келген әкелі-балалы екеудің көңілін аймақ басшысы келер жылы үйлі болатынын айтып серпілтті. Әлі пәтер алмаса да әкімнің сөзіне жұбанған екеу алғаусыз алғысын айтып тарқасты.

Қабылдауға үшінші болып енген Ғалия Нұрахметованың жайы тіптен басқа. Қолда барын меншіктей алмай әлек. 2012 жылы көпбалалы отбасы ретінде баспанаға қол жеткізген. Жергілікті әкімдіктің салғырттығы, бәлки, жауапсыздығы, онысы белгісіз, пәтер кілтін табыстағанмен меншік құқығын дәлелдер бір құжат бермепті. Аймақ басшысы уақытында Талдықорғанда пәтерлердің оңды-солды берілгенін, мұқтаж емес жандардың да баспаналы болғанын сөз етіп, шын қажеттілігі бар тұрғындардың баспаналары толық заңдастырылатынын жеткізді. Ғалия Нұрахметованың баспанасы да заңдастырылады. Ол үшін тұрғын үй комиссиясына өтініш білдіруі тиіс. Бейбіт Өксікбайұлы мәселенің тінін тарқатуды қала әкімі Ернат Бәзілге жүктеді.

Облыс әкімінің қабылдауына жөн сұрай келетіндер де болады кейде. Өте жиі емес, бірақ болып тұрады. 2001 жылдың тумасы, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған және қазір сәтті жүзеге асып жатқан «Jetisu Jastary» КММ-нің әдеп және құқық менторлығымен тер төгіп жүрген Дәулет Сағынай жастардың баспаналы болу мүмкіндігін сараптай келіпті. Көзінде жалын, жанында қуат бар жастың осынша талапты алдына қоя білгеніне разылық танытқан аймақ басшысы жігерін жанып, үлгі-өнеге айтып, «Жетісу жастары» бағдарламасы арқылы және «Отбасы банкі» АҚ арқылы пәтер алу жолдарын түсіндірді. Жалынды жасқа тілеулестік танытып, ағалық ризашылығын да жеткізді.

Бұдан соң қабылдауға қала тұрғыны Дина Балқашқызы келіп, бірнеше мәселенің жайын тарқатты. Солардың қатарында «Жетісу» футбол клубы директорының 1 млн. теңге жалақы алуы қоғам белсендісін алаңдатса керек. Алайда, аймақ басшысы бұл мәселеге нүкте қойылғанын, заң шеңберінде жалақысы төмендетілгенін, оған дейін үстеме жалақы ретінде берілген қаржы кері қайтарылатынын жеткізді. Мұнан өзге мәселелерін де мұқият тыңдаған аймақ басшысы оны заң шеңберінде қарастыру керегін алға тартты. Артынша Назыгүл Нұрқасымова қабылдауға келіп, базынасын жеткізді. Көз жасын көл еткен қала тұрғынына облыс басшысы баспаналы болатынын, тек кезек бойынша үй алатынын, облыстағы құрылыс қарқынымен келер жылы қоныстойын тойлау мүмкін екенін жеткізді.

Қоғамдық қабылдауға келгендердің дені баспананы базыналай келіпті. Облыс әкімі айтқандай, заң аясынан аттап ешкім баспаналы болмайды. Реттілік пен кезек болмаса, заң үстемдік етпесе анархия орнайды ғой. Сондықтан баспана кезегіндегілерді шыдамды болуға, кезегін сабырмен күтуге біз де шақырамыз.

Экономиканың әртараптануы аса маңызды

Қоғамдық қабылдаудан кейін аймақ басшысы Бейбіт Исабаев облыс орталығы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы уақыттың еншісіндегі жоспарымен бөлісті. Өңірдің бас шаһары Талдықорғанның әлеуметтік-экономикалық өрісін кеңейтіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруда толайым тірлік бар. Өткен 11 айда облыс орталығында 117,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 4 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін өнеркәсіп өндірісі 130 млрд. теңгеге жетеді деп межеленуде.

Қаланың өндірістік әлеуетін ілгерілетуде де ауыз толтырып айтар тірлік бар. Биыл екі кәсіпорын іске қосылды: «Халық астық Экспо» ЖШС-нің ауыл шаруашылық өнім кептіру элеваторы және «Алтынғажинов» ЖК-нің жүн көрпе өндіру цехы. Сонымен қатар «Алмас Керамикс» серіктестігі өндірісін кеңейту шараларын жүзеге асырды. Әлі де құрылысы жүріп жатқан «ASMA Industrial» компаниясының аккумулятор зауыты облыс орталығының әлеуетін көтеруге жұмыс істейтін күн алыс емес.

Жалпы өңірдегі басты мәселенің бірі – Талдықорған қаласындағы индустриялық аймақтың ірі өндіріс орындарымен толмауы, инвесторлық жобалардың қолға алынбауы. Аты дардай аймақта бар-жоғы алты кәсіпорын бар. Келер жылы жұмысы тұралаған «Жетісу Май» және «Жетісу Мажико агрокешені» кәсіпорындарының тамырына қан жүгіреді деп күтілуде. Аймақ басшысы жергілікті әкімдік пен тиісті басқарма басшыларына атаулы аймаққа инвесторлар мен инвестициялық жобаларды тартуға жұмыс істеу керегін тапсырды.

Жалпы, экономиканың локомотиві – шағын және орта кәсіпкерлік нысандары десек, жаңсақ болмас. Талдықорған қаласында 17 мыңнан астам кәсіпкерлік бірлікке жеткен. Өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда өсім 16 пайызды құрайды. Жоғарыдағы сөзімізді жандандыра түссек, қала халқының біршама бөлігі осы саладан нәпақа тауып жүр. Нақты айтсақ, 39 мыңға жуық талдықорғандық шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында еңбек етеді. Аймақ басшысы экономиканы әртараптандыруда шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру маңызды екенін тілге тиек етті.

– Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қала кәсіпкерлерінен 179 жоба ұсынылып, 3,4 млрд. теңгеге қаржыландырылды. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің экономикамыздағы үлесін арттырады. Қазір Талдықорған қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 17 кәсіпорын жұмыс істейді, оның бесеуі – ірі кәсіпорын. Халықты уақытында әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтуда, баға тұрақтылығын қалыптастыруда да ауыз толтырып айтар жетістік бар. Бүгінде «Жетісу агрокешені» кәсіпорнының қоймасында 6 мың тоннаға жуық азық сақтаулы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай халықтың тұрмыс сапасын жақсартуда баға тұрақтылығын сақтау аса маңызды. Осы бағытта биыл 2 шағын әлеуметтік дүкен ашылды. Сонымен қатар, биыл наурыз айынан «Алтын Орда Жетісу» әлеуметтік базары тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Осы үдеден төмендемеуді көздеп, 2024 жылдың басында тағы бір әлеуметтік орталық дүкен ашамыз, – деді Бейбіт Исабаев.

Баға тұрақтылығы мен экономиканың өсуі үшін «Айналым схемасы» шеңбері де сәтті жүзеге асуда. Нәтижесінде 20 кәсіпкерлік нысанына жеңілдетілген несие беріліп, әлеуметтік маңызға ие 14 түрлі азық-түлік өндірісі жолға қойылды. Ауыл шаруашылық тауарларын өндіру үшін саладағы мәселелер де шешілуде. Мәселен, суармалы егістіктердегі су желілерін жаңғырту жұмыстарына баса назар аударылып, су тапшылығының алдын алуда маңызға ие Балықты өзенінен су қоймасын салуға да қажетті шаралар қабылдануда.

Әлеуметтік саланың әлеуеті артады

Бүгінде Талдықорған қаласы мен оның маңайындағы елді мекендердегі тұрғындардың 90 пайызы көгілдір отынға қол жеткізген. Өткен жылы 5 елді мекенге газ желісі тартылса, биыл Үйтас саяжайы мен «Жастар-2» ықшамауданындағы тұрғындар көгілдір отынның игілігін көруде. Аймақ басшысы Талдықорған тұрғындары 2025 жылы толық табиғи газ тұтынатынын алға тартты. Ол үшін келер жылы Ынтымақ және Мойнақ елді мекендеріне газ тартылса, қалған 8 елді мекен 2025 жылы көгілдір отын тұтынады.

Талдықорғандықтар үшін ауызсу төңірегінде мәселе жоқ. Тұрғындардың 98 пайызы таза су тұтынып келеді. Енді осы көрсеткішті 2025 жылға дейін 99 пайызға жеткізу межесі тұр. Алдағы жылы Жастар 1/1 тұрғынжайына, Ұлан әскери қалашығына, Еркін ауылына, Оңтүстік-Шығыс аумағына су желілері тартылады. Сонымен қатар, Қызылтас және Қаратал саяжайларындағылар да таза ауызсу тұтынатын болады. Халықты таза сумен қамту үшін Сарыбұлақ және Балықты саяжайларында жерасты суларына геологиялық іздеу-зерделеу жұмыстары да жүргізілуде.

Халықтың сапалы өмір сүруі үшін жолдың да маңызы зор. Биыл облыс орталығындағы 235 көшені жаңғыртуға және күтіп ұстауға бюджет қорынан 9,5 млрд. теңге қарастырылған. 2021 жылдан бері СолтүстікБатыс тұрғын ауданы, 8, 9 және «Жастар-1» шағынаудандарында жол салу жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл бағытта бюджеттен қарастырылған 17 млрд. теңге қаржы 2025 жылға дейін толық игеріледі. Сонымен қатар Оңтүстік-Шығыс және Шығыс тұрғын аудандарында да жол салу жұмыстары 2025 жылы аяқталады. Осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде жақсы және қанағаттандырарлық жолдардың үлесі 86 пайызға жетті. Алдағы уақытта «Талдықорған – Үштөбе» тас жолы және Шайқорған, «Жастар-2» тұрғын аудандарындағы, Көктал ауылы мен Үшінші бөлімшедегі 97 көше жаңғыртудан өтеді.

Халықтың сапалы өмір сүруі үшін жолдың да маңызы зор. Биыл облыс орталығындағы 235 көшені жаңғыртуға және күтіп ұстауға бюджет қорынан 9,5 млрд. теңге қарастырылған. 2021 жылдан бері Солтүстік-Батыс тұрғын ауданы, 8, 9 және «Жастар-1» шағынаудандарында жол салу жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл бағытта бюджеттен қаралған 17 млрд. теңге қаржы 2025 жылға дейін толық игеріледі.

Қаланың тәртіп сақшылары да сын садағына ілінді. Жаңадан бой көтерген шағын ауданда учаскелік полицейлерге арналған пункттің жоқтығы, осы аудандарда бейнебақылаудың аздығы және алаяқтық қылмысының қоғамда өршуі мен қылмыстың сирек ашылуы тұрғындарды ашындырса керек. Аймақ басшысы жергілікті құқық қорғаушыларға халықтың шағымына сай жұмысты үдетуді тапсырды.

Тұрғындар да құлықты болуы тиіс

Аймақ басшысы тұрғындарды баспанамен, білім және медициналық сапалы қызметпен қамту, қаладағы саябақтарды жаңғырту жайында атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Жоспарлармен де бөлісті. Оның үстіне облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің қайырымды жандарына ерекше тоқталып, алғаусыз алғысын жеткізді. Айтуынша, меценаттар облыстағы мұқтаж жандарды баспанамен, науқастарды дәрі-дәрмекпен, тағысын-тағылармен қамтуда белсенділік танытып жүр. Сонымен қатар аймақ басшысы Талдықорғанның «бас ауруына» айналған коттеджді қалашығының мәселесіне келер жылы нүкте қойылатынын жеткізді. Қала әкіміне бұл жөнінде нақты шешім шығарып, тиянақты жұмыс жүргізуді тапсырды.

Жиынның алғашқы сауалы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығынан жолданды. Айтуларынша, жыл сайын соңғы айларда орталықтың жабылуы жөнінде әңгіме өрбиді екен. Аймақ басшысы нысанның жабылмайтынын, қайта тағы да жаңа орталықтың ашылатынын алға тартты. Оның үстіне жергілікті әкімдік ғимарат салмайды, жекеден ғимаратты сатып алып, оның бір бөлігін осындай орталыққа айналдырса, бір бөлігін мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайды.

Еркін ауылдық округінің тұрғындары жол, қаңғыған иттердің көбеюі турасында сауалдар жолдаса, саяжай аймақтары ауызсу, ағын су және жол мәселесін қаузады. Людмила Расулқызы есімді Заречное саяжайының тұрғыны Қаратал өзенінен су тартатын құрылғы әперуді облыс әкімінің осыған дейінгі халықпен кездесуінде өтініпті. Тіпті, аймақ басшысы Бейбіт Исабаев өзі бір құрылғы, қала әкімі Ернат Бәзіл бір құрылғы алып беруді уәде еткенін еске салды. Аймақ басшысы «айтылған сөз атылған оқ екенін айтып, уақытында су насосын алып бермегені үшін келер көктемде бір емес, екі қондырғы әперуге уәде етті.

Қала тұрғыны Толымбек Данабеков қала базарындағы жайма сауда мен тазалық жайын қозғады. Айтуынша, орталық базардағы тазалық адам шошырлық деңгейде. Оның үстіне жүргінші жолына, автомобиль жолына «шығып» кеткен жайма базар мұндағы қозғалысты әбден қиындатқан. Сонымен қатар, қаладағы қоқыс шығару шаруасы да талдықорғандықты алаңдатса керек.

– Қала әкімі Ернат Бәзіл орталық базардағы бей-берекетсіздікті қалпына келтіруге қарекет етті. Барды, жабайы сауданы доғаруға күш салды. Артынша ҚР Президенті Әкімшілігіне хат жолданып, әлеуметтік желіде даттаған жазбалар шықты. Қазір бізде демократия. Базардағы тәртіпсіздікті қалпына келтіру үшін тұрғындардың да құлық танытқаны жөн. Петиция деген бар. Қала тұрғындарының 30-40 пайызы қол қойған базардың жұмысын ретке келтіру жөніндегі петиция құзырлы органға табысталса жұмыс істеледі. Көптің сөзі үстем екенін ұмытпаған абзал. Бар шаруаны әкімдіктің мойнына іліп қойған жөн емес, – деді Бейбіт Исабаев.

Қоқыс мәселесінің жайы да шешілетін күн алыс емес. Қала әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, арнайы тариф енгізіліп, қоқыс көпқабатты тұрғын үйлердің ауласынан күніне 1 мәрте, жеке үйлердің маңынан аптасына 1 мәрте жиналып тұрады.

Мәселенің шешіміне сын себепкер

Келелі кездесудегі сұрақтың әлқиссасы пәтер кезегі мен баспаналы болу төңірегінен басталды. Аймақ басшысына 50-ден астам сауал қойылса, соның 70 пайызы осы мәселе төңірегінде болды деп ашық айта аламыз. Өйткені, қоғам үшін, қала үшін маңызды мәселелерді көтерген сұрақтардың қатары сирек болды. Жиында байқағанымыздай, ұлт ұстазы Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының «Отбасына келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойламайды» деген сөзі осы кезеңге айтылғандай.

Қойылған сауалдардың сапында 2006 жылы пәтер кезегінде тұрып, бірақ бас қайғысын шеше алмаған үш кісінің сауалы аймақ басшысының алаңдаушылығын туындатты. Қала әкімі Ернат Бәзілге бұл мәселе жөнінде зерделеуді ұсынды. Өйткені, биыл 2009 жылы тізімге енгендер баспана алуда. Оның үстіне сауал жолдаушылардың бірі қалалық әкімдік қызметкерлері тарапынан жөнді сөз, мағыналы жауап естімейтінін алға тартты.

– Шыны керек, жиында көтеріліп жатқан сауалдардың дені баспана кезегі төңірегінде. Байқаймын, қала әкімдігінің қызметкерлері тұрғындарды қабылдауда жөнсіз жұмыс жүргізетіндей. Мұндай шағым бір емес, бірнеше рет түсіп отыр. Егер әкімдік қызметкерлері халыққа жайлы қызмет көрсетсе бұл жиында көпшілік баспана мәселесін көтеріп даурығысып жүрмес еді. Ернат Дүйсенбекұлына қала әкімдігінің жұмысын саралауды әрі жүйелеуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Тұрғындар тарапынан қаланы абаттандыру жұмыстары жөнінде де сауал жолданды. Қаланың кей көшелерінде жүргінші жолы қисайған ағаштардан «көрінбейді» екен. Сонымен қатар ағаш егу мәселесінде де тиісті құрылымдар мезгілге қарамайтын секілді. Сондай-ақ уақытында тиімділігін көрсеткен, қазір қажеттіліксіз тұрған газгольдерлердің қала сәнін бұзып тұрғаны да айтылды. Қала әкімі бұл нысандарды көпқабатты тұрғын үй ауласынан алып тастау жұмыстары келер жылдың еншісіне қалдырылғанын, бюджеттен тиісті қаржы қаралғанын жеткізді.

Қаланың тәртіп сақшылары да сын садағына ілінді. Жаңадан бой көтерген шағынауданда учаскелік полицейлерге арналған пункттің жоқтығы, осы аудандарда бейнебақылаудың аздығы және алаяқтық қылмысының қоғамда өршуі мен қылмыстың сирек ашылуы тұрғындарды ашындырса керек. Аймақ басшысы жергілікті құқық қорғаушыларға халықтың шағымына сай жұмысты үдетуді тапсырды.

Сыншыл халық – істелген шаруаның таразысы. Жоғарыда айтқанымыздай, жиында қойылған сауалдардың дені баспана кезегінен әріге бармады. Мұның өзі Талдықорғанда атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың көңілінен шығады деген сөз. Оның үстіне атқарылар жұмыстар да тұрғындарды риза еткендей. Бұрынғыдай жол, ауызсу, көгілдір отын, білім және медицина төңірегінде мәселе қаузаған тұрғын аз болды. Бастысы, Мемлекет басшысы тапсырғандай, «Баршаға бірдей мүмкіндік» орнаған қоғам орнасын.

Дастанбек Садық
Суреттерді түсірген Жеңіс Ысқабай