Прогресс бір орында тұрмайды

Уақыты: 19.01.2024
Оқылды: 563
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өздеріңіз білетіндей, прогресс бір орында тұрмайды. Жыл сайын адам күшін қажет етпейтін автоматтандырылған жұмыстар көбейіп келеді.

Осыдан 30 жыл бұрын роботтандырудан сақ болудың маңызды екенін ешкім ойламаған еді. Яғни, бұл қол жетпейтін фантастикалық нәрсе сияқты болып көрінді. Жақында шетелдік банкте қызмет істейтін бір танысым жұмысынан қысқарды. Себебін сұрағанымда, адам күшімен атқарылатын қызметтің бәрін жасанды интеллект алмастыруда екен. Бір қызығы, сол елде тұратындардың көбі болашаққа оптимистік көзқараспен қарайды және роботтарға сенеді!

Роботтандырудың артықшылығы  сол – ол адамға қарағанда өнімді әлдеқайда көп өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ, оның пайдасы – жарамсыз өнімдер азаяды. Өйткені, роботтар дәлдікпен жұмыс істей біледі. Әсіресе, олар зиянды өндірістерде аса қажет. Себебі, мұндай жерде еңбек еткен адам әртүрлі созылмалы ауруларға шалдығуы мүмкін. Ал бұл машиналарға әсер етпейді. Сонымен бірге еңбек шығындары төмендейді. Әсіресе, еңбекке жоғары ақы төлейтін елдерде өзекті. 

Роботтандырудың бір кемшілігі – адам үшін ең маңызды саналатын еңбек орындарының қысқаруы. Яғни, мамандар тұрақты жұмысынан айырылады. Роботтандыру кейбір жұмыс орындарын жойса да басқа салаларда жаңаларын жасайды. Бірақ, ол орындарға қабілеті жоғары мамандар мен жаңа мамандықтар қажет болады. Мысалы, өндіріс шығындарының төмендеуіне байланысты тауарлардың бағасы арзандап, өнімнің өтімділігі жоғарылайды. Яғни, сауда саласында көп кадр керек болады. 

Қалай десек те робот – жұмыс күшінің тапшылығы жағдайында өте маңызды орын алады десек те адам күшімен іске асырылатын еңбек өз маңыздылығын ешқашан жоймақ емес. Ал сіз бұл туралы не ойлайсыз?

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: dzen.ru