Талдықорғанда кітап жәрмеңкесі өтті

Уақыты: 26.01.2024
Оқылды: 506
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғандағы Көркемөнер галереясында «Jetisu book fair» кітап жәрмеңкесі басталды. Жәрмеңкеде «Ziyat», «Атамұра», «Асыл қазына» сияқты кітап дүкендері мен жеке кәсіпкерлер және жергілікті ақын-жазушылар өздерінің 500-ден астам кітабын сатылымға шығарды. Олардың ішінде шетел және қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары, балаларға арналған ертегілер мен энциклопедиялар, публицистикалық, мотивациялық еңбектер де бар. Осы күні жазушы Қанат Тілеуханның «Ziyat» баспасынан өзі шығарған «Шатырдағы әйел» кітабының тұсауы кесілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кітап жәрмеңкесінің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев іс-шараның мән-маңызына қысқаша тоқтала келе:

- Ұрпақ тәрбиесінде, қоғамның дамуында кітаптың рөлі зор. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен насихаттау, қазақ әдебиетін дамытуға қолдау жасау – біздің ортақ міндетіміз. Адам өмірде өз орнын тапқысы келсе, қандай да бір жетістікке жетемін десе, ең алдымен кітап оқуы керек. Бүгінгі жәрмеңкені жазғы мезгілді күтпей, жылдың басынан бастап кетті. Енді бұл кітаптарды басқа аудан-қалаларға да жеткізетін боламыз, - деді М. Көлбаев.

Іс-шараға арнайы келген ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Серік Сарыбай өз сөзінде Жетісу кітапханасы сериясымен жарық көрген кітаптардың бірнеше данасын Ұлттық Академиялық кітапхананың қорына тапсырып, кітаптардың PDF форматтағы нұсқасын kazneb.kz сайтына беру керектігі туралы ұсынысын жеткізді. Ал ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай цифрлық технологияның қаншылықты қарқынды дамығанына қарамастан, кітап адамзаттың ең басты серігі болып қала беретінін айтты.  

- Жетісу облысында жергілікті қаламгерлердің кітаптарын облыс әкімдігінің қолдауымен шығару дәстүрі бұрыннан қалыптасқан жақсы үрдіс. Ол әлі де жалғасып келеді. Өткен жылы 13 кітаптың тұсауын кестік. Бұл кітаптар да бүгін осы жәрмеңкеде оқырманға ұсынылып отыр. Биылғы жылы да бұл игі іс жалғасады. Бұл ретте Жетісу тарихына және өлкетауға қатысты кітаптар шығаруға басымдық бергелі отырмыз, - дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.

Кітап жәрмеңкесінде өз туындыларын сатылымға ұсынған жергілікті ақын-жазушылар, журналистер мен суретшілер арасында атап айтқанда Нүсіпбай Әбдірахым, Әміре Әрін, Жақан Баримбеков, Сағыныш Намазшамова, Гүлбақыт Қасен, Жангелді Немеребай, Самат Слямғазин, Қажет Андас, Азамат Нұрмұхан, Мұхтар Күмісбек бар.

Кітап жәрмеңкесін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен С. Сейфуллин атындағы кітапхана өткізуде. Жәрмеңке 29 қаңтарға дейін жалғасады. Іс-шара аясында «Muzycal party» класcикалық музыка кеші, «Сан сұраққа саяхат»  викториналық ойындар және  «Библио спорт» алаңында тоғызқұмалақ және шахмат ойындары ұйымдастырылады.

Суреттерді түсірген Дмитрий Ерофеев