ТМД БОЙЫНША ҮЗДІК СТУДЕНТ

Уақыты: 17.02.2024
Оқылды: 445
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Көзі ашық, көкірегі ояу білімді ұрпақ өз Отанының даму жолында аянбай тер төгеді. Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету әркімнің міндеті. Дәл осындай міндетті мінсіз атқарып жүрген Жетісу университетінің мақтанышы Ербол Смағұлдың есімін ерекше атап өткеніміз жөн.


Ол өз білімі мен еңбекқорлығының нәтижесінде «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру қоры ұйымдастырған байқауда топ жарды. Білімді жас «ТМД-ның үздік студенті – 2024» атанып, оқу орнының мерейін асырды. 

Кербұлақ ауданы Алтын- емел ауылының тумасы мектеп жасынан білімге құштар болып өскен. Ол дәрігер болуды армандаған. Бірақ ойлана келе «ғылымды дамытуға өз үлесімді қосамын» деген ол «химия-биология» мамандығына грантқа оқуға түседі. Қазір Жетісу университетінің 3-курс білімгері. Президент стипендиясының иегері.  

– Біз – Жаңа Қазақстанның ұрпағымыз. Сондықтан елдің ертеңі біздің қолымызда. Университетке түскелі ғылымға деген қызығушылығым артты. Алдағы уақытта оқуымды жалғастырып, еліме өз пайдамды тигізсем деймін. Ал менің білімді, үздік студент атануыма ең бірінші ата-анамның, мектептегі ұстаздарымның, университеттегі оқытушыларымның еңбегі зор. Мен үшін үздік болу маңызды емес. Ең бастысы – адам болып өмірге келіп, адами жолдан аттамай мәнді ғұмыр кешу. Жақындарымның үкілеген үмітінің ақталғанына шексіз қуанамын. «Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек» деген әл-Фараби бабамыздың осынау нақыл сөзі менің басты ұстанымыма айналды. Енді осы жолда адал еңбек етуге бар білімім мен күш-жігерімді арнаймын, – дейді болашақ ғалым Ербол.  

Білімді де білікті білімгер оқу орнының ғана емес, елдің мақтанышы. Үнемі жаңашылдыққа ұмтылатын оның кітап оқымайтын күні жоқ. Еңбекқорлығының нәтижесінде ол ІІ дәрежелі дипломмен, өзінің оқу және ғылыми қызметіндегі жетістіктері үшін арнайы медальмен марапатталды. Білімгердің ғылыми жетістіктері «Бөбек «Жалпыұлттық қозғалысы» қауымдастығы нысанында заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ғылыми-білім беру мекемелері арасындағы халықаралық журналына жарияланды. Болашақ ғалымға ғылым жолының оңы мен солын танытып жүрген ғылыми жетекшісі Лаура Хайролдайқызының еңбегі ерен.

Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Қандай мықты мемлекет болмасын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін  ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек. 

Еңлік КЕНЕБАЙ