ТІЛ БІЛУ - ЗАМАН ТАЛАБЫ

Уақыты: 17.02.2024
Оқылды: 414
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тәуелсіз елдің ертеңі – жастардың қолында. Сондықтан да олар білімді, білікті болуға міндетті. Қазір мектеп оқушыларының жақсы білім алуына, жан-жақты дамып, мықты тұлға болып қалыптасуына барлық жағдай жасалған. Олардың алдында бір ғана міндет тұр. Ол – жақсы оқып, елінің өркендеуі жолында аянбай еңбек ету. Ол үшін бүгінгі жастар ана тілімізді ардақтап, өзге тілді еркін меңгеруі тиіс. 


Ақпарат пен жаңа технологияның дамыған уақытында ағылшын тілі әрбір жасқа ауадай қажет десем, артық болмас. Сондықтан да шет тілін меңгеру бүгінгі күннің талабы. Әлемде ең көп тараған халықаралық тілді біздің жастар да меңгеруі қажет. Алты құрлыққа кең тараған бұл тілде қазір 400 миллионнан астам  адам  сөйлейді. Бүгінгідей жаһандану заманында көп тіл білетін адамның қоғамдағы алар орны да ерекше. Өзге тілді үйрену, оны жетік меңгеру — бұл ең алдымен халықаралық қатынастар кезінде айрықша рөл атқаратынын естен шығармағанымыз абзал. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды. Сондықтан да мектеп табалдырығынан бастап жоғары оқу орындарында ағылшын тілін үйрету айрықша мәртебеге ие болуда. Ағылшын тілінің Қазақстандағы рөлінің арта түсуі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін іске асыру мәселесін маңызды ете түсуде. Тіл үйренудің ешқандай зияны жоқ, керісінше, пайдасы ұшан-теңіз. Сол себепті де  ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде әрбір шәкіртіме тіл меңгерудің пайдасын айтудан жалықпаймын. Олардың заман ағымына сай білім алуы үшін бойымдағы барлық күш-жігерімді, білімім мен біліктілігімді жұмсауға бармын. Ең бастысы, қазақ жастары заман ағымынан, дамыған елдің көшінен қалмаса болғаны.

Оқушылардың ағылшын тілі пәніне қызығушылығын  арттыру үшін сабақта түрлі әдіс-тәсілдерді кеңінен пайдаланамын. Мәселен, сабақты көбіне ойын түрінде өткізгенді жөн санаймын. Топтық жұмыстың да жемісін көріп келеміз. Ең бастысы, оқушының сабаққа құлшынысы  жоғары болуы керек. Олар қалыптасқан жүйе бойынша білім алудан тез шаршайды. Күнделікті мәтінмен жұмыс жүргізіп, арасында ағылшынша ән салдырып сергітіп, соңында міндетті түрде ағылшын тілінен өлең оқуға тапсырма беремін. Оқушыларымның  бір сөз болса да жаттап алғаны мен үшін жетістік. 

Мәдениетті, жан-жақты, ұлтжанды, рухани дүниесі бай жастар тәрбиелеп шығару – оқытушының басты мақсаты. Жаһанданған заман елімізді барлық елдермен бәсекелесе дамуға итермелейді. Халықаралық сипаттағы ағылшын тілінің рөлі, қазіргі  XXI ғасырда тереңдетілген, маңызды рөл болып саналғандықтан әрбір қазақ баласы білімді, білікті, мықты  тұлға болып қалыптасса деймін. Осы жолда жемісті еңбек ету – менің басты міндетім. 


Арайлым ҚАЙРХАНҚЫЗЫ, 
ақын Қабан жырау атындағы орта мектептің  ағылшын тілі пәнінің мұғалімі 
Ақтекше  ауылы
Көксу ауданы