СҰРАУЫ БАР СУДЫҢ ДА

Уақыты: 17.02.2024
Оқылды: 423
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тіл сарайында өткен облыстық қоғамдық кеңестің отырысында халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы бойынша мониторингтік топ құру туралы ұсыныстар қаралып, облыстық экология департаменті мен су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш–Алакөл бассейндік инспекция басшысының есебі тыңдалды.


Жиналысқа қатысушылар алдымен облыстық қоғамдық кеңестің биылғы жұмыс жоспарын тыңдап, бекітті. Сондай-ақ, кеңес мүшелері қоғамда жиі талқыланып жатқан медициналық қызмет көрсету төңірегіндегі толғақты мәселелерді шешуге белсене араласатыны, соған орай аймақтағы медициналық қызмет көрсетуді мониторингтік қадағалау мақсатында қоғамдық кеңес және сарапшылардан  топ құрылғаны әңгіме өзегіне айналды.

Бүгінгі таңда қоршаған ортаны қорғау мәселесі де өзекті. Бұл жағдайға Мемлекет басшысы айрықша назар аударып отыр. Аталған жағдай Жетісу облысы үшін де маңызды. Себебі, өзені мен көлі бар, айналасын тау қоршап, орман көмкеріп тұрған аймақтың кез келген уақытта табиғи апаттардан зардап шегуі мүмкін. Оның үстіне, жылдан жылға туристік әлеуеті артып отырған облыстың экологиялық жағдайын нашарлататын себептер де жетерлік. Отырыста облыстық экология департаментінің басшысы Орман Ақкөзиев баяндама жасап, атқарған жұмыстарды ретімен таныстырды.

– Облыстық экология департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, облыстардың бөлінуін ескере отырып, «2023-2025 жылдарға арналған Жетісу облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі жол картасын» әзірледі. Оны былтыр сәуір айында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі бекітті. Жол картасында облыстың экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған 7 іс-шара көзделген. Оның ішінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу, жасыл желектерді отырғызу жоспары орындалса, елді мекендерді газдандыру жұмысы жалғасуда. Ал қалған тармақтар алдағы уақытта жүзеге асады, – деген департамент басшысы қоршаған ортаны қорғау ісінде олқылықтар барлығын жасырмады.

Оның айтуынша, әлі күнге тұрмыстық қалдықтарды толық өңдеуден өткізудің жүйесі қалыптаспаған. Кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғауға қатысты көзқарасы түзелмеген, халықтың экологиялық мәдениеті төмен. Шөп шүйгін шықсын деп даланы өртеп, оның соңы орман өртіне ұласатын кездерді де көріп жүрміз. Ас пісіру үшін сексеуіл шауып, отын қылатындар ара-тұра кездесіп қалады. Күре жолдардың бойында пластикалық құтылар мен алюминий қалбырлардың шашылып жататыны жасырын емес.  Оған ірі зауыттардың өзен-көлдерге төге салатын лас сулары мен ауаға шығаратын улы түтіндерін қосыңыз. Ал айналаны тазалау ісіне тек сенбіліктерде ғана шығамыз. Сөйте тұра, таза жерге барып демалғымыз келетіні бар. Қысқасы, қоршаған ортаны қорғауда әлі де атқаратын жұмыс көп.

Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің  бірі. Әсіресе  судың сапасы  және  оның  халыққа  қолжетімді  болуы аса маңызды  дүние. Кеңесте көтерілген мәселеге Су шаруашылығы комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш – Алакөл бассейндік инспекциясының басшысы Раушан Иманбет жан-жақтылы түсінік берді.

Кеңес отырысының күн тәртібіне енгізілген сұрақтар толығымен қаралып біткен соң кеңес мүшелері Алакөл ауданына эколог және су шаруашылық  маманын  тағайындау; көл жағалауында демалушылардың қауіпсіздік жағдайын жақсартып, ұрлық мәселесін тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын заң жүзінде жүргізу үшін техникалық қауіпсіздік және туристік полиция қызметкерлерін тағайындау; Қаратал өзенінің және оның ішінде Мойнақ ауылының маңындағы экологиялық жағдайға назар аудару;  Қаратал өзені су арнасының жағажайын бекіту; Кербұлақ ауданындағы өзен арнасынан заңсыз құм-тас алатын компанияларды  анықтауға қатысты сұрақтарды назарға алды.

Алдағы уақытта аталған сұрақтарды шешу бойынша жұмыс жүргізілмек.

Қажет АНДАС