Шаруаларға «Агробанк» қажет

Уақыты: 25.02.2024
Оқылды: 557
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Ол үшін ең бірінші ауылшаруашылық саласын дамытып, шаруаларға барынша қолайлы жағдай жасау аса маңызды. Бірақ ол межеге жету үшін біздің алдымызда тар жол, тайғақ кешулер шыға беретіні анық. Тіпті, күн сайын шағын шаруашылықтар несие беретін ауылшаруашылығы ұйымдарының қызметіне түсетін шағымдар бұл істің ілгері баспауына кедергі келтіреді. Мұндағы басты себеп – қаржы мәселесі. Ауылшаруашылығы саласын дамытуға ниетті щаруалардың қаржылық мәселелері бір орталық арқылы шешілетін болса, мүмкін, түйткілді мәселесінің түйіні шешілер еді.

Отандық ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің жеңілдетілген несие мен субсидияға қол жеткізулері жыл сайын үлкен дауға айналары анық. Бірақ бұл шаруаларға еш жағдай жасалмай отыр деген сөз емес. Мәселен, елімізде «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» сияқты квазимемлекеттік қаржы инс­титуттары қаржылай көмек береді. Алайда олар беретін несие көлемі шаруалар үшін тым аз және үстеме пайызы да қомақты. Ал біз Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталыққа айналамыз десек, бұл қаржы соқыр тауыққа жем шашқандай ғана болып қалады. Орташа есеппен алғанда фермердің қажеттілігі 2-3 триллион болуы керек дегенді мамандар жиі айтуда. Демек, шаруалар жұмысына берілетін несие олардың шығынын да ақтамайды. Ал егер нақты шаруалардың мәселесін көтеріп, оларға жағдай жасап, кәсібінің тасын өрге домалатуды көздесек, онда арнайы банк құру қажеттілігі туындайды. Банк болмағандықтан шаруалар да кіріс көзін аша алмайды. Ал басқа банктер аграрлық саланың дамуына қаржы құюға ынталы емес. Бейресми статистикаға сүйенер болсақ, өзге банктер қаражатының басым бөлігін құрылыс саласына жұмсайды. Үнемі, үздіксіз жүріп жатқан құрылыс саласы олардың негізгі қаржы көзіне айналуда.

Шаруашылық иелері несие алуда ұзын сонар құжат тізімін жинаудан шаршағандарын да жасырмайды. Біз сөзге тартқан шаруалар жұмысты жеңілдетуді ұсынған шағымның да аяқсыз қалғанын жасырмайды. Бүгінгі таңда депутаттық мінберде агробанк құру мәселесі жиі көтеріліп келеді. Бірақ әлі де нәтиже көңіл көншітпей тұр. Бірақ бұл тәжірибені біз «қажет пе, жоқ па?» деп допша ары да, бері де теуіп жүргенімізде өзге мемлекеттер мұның жемісін әлдеқайда көріп үлгерген. Мәселен, Беларуссияда «Белаг­ро­промбанк», Қытайда «Agrocu­ltura Bank of China», Өзбекстанда «Агро­банк», Ресейде «Россельхозбанк», Францияда «Credit Agricoi» деген дәл осы ауылшаруашылық саласына арналған банк жүйесі үздіксіз шаруаларға қызмет көрсетіп келеді. Ал осы аталған елдердің ауылшаруашылық саласында қол жеткізген нәтижесі айтпасақ та бәрімізге белгілі. Аты аталған мемлекеттің шаруалары аграрлық банктерге жерін иә болмаса өз мүлкін кепілге қойып, ұзақ мерзімге төмен пайызбен несие алады. Оның көрінісі, еліміздегі сауда нүктелері мен дүкендерден көріп отырмыз. Олардың өнімдері біздің нарықта қолжетімді бағамен саудалануда. Ал біздің отандық өнімдеріміздің жай-күйі белгілі. Егемендік алып, өз қолымыз аузымызға жетті деп көкірек керіп мақтансақ та нарықтағы статистикаға көз жүгіртсек, тауардың әсіресе, ауылшаруашылық тауарларының басым бөлігі шетелдің өнімі. Өкінішті-ақ.

 «АгроБанк» құру мәселесінің көтерілгеніне де 10 жылдан аса уақыт кеткен.  Бірақ нәтиже әлі де жоқ. Жалпы, «АгроБанк» – «Ауыл» партиясының идеясы. Партияның белді мүшелері егер банк құрылса, ауыл кәсіпкерлерінің бәрі сол жерден арнайы есепшот ашып, жұмыс істейді деп отыр. Шоттағы шаруалардың қаржы айналымын тұрақты бақылап отырған банк  оларға сеніммен қарап, кепілдік бойынша басты талаптарды жеңілдету арқылы, шаруаның қажетін толық қанағаттандыратын несие береді. Және бұл несие пайызы төмен болады. Сондықтан да қоғам белсенділері, партия мүшелері, депутаттар «АгроБанк» құрудың тиімділігін алға тартады.

Біз дәл осы тақырыпта белсенділік танытып, депутаттық мінбеде жиі-жиі шаруаларды толғандырған кесек-кесек мәселені айтып жүрген Парламент Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаевпен сөйлескенімізде, ол бірден «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және басқа қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттен жыл сайын бөлінетін қаржыны бір банке топтастырып, мемлекеттің қатысуымен «Агробанк» құру қажеттігін, өңірлердегі шаруаларға айналым қаражаты қажет екенін алға тартты.

Қазақтың қасиетті қара жері өте киелі. Жер-Ана біздің байлығымыз. Осы байлықпен жан бағып, ел экономикасының дамуына үлес қосып отырған шаруалардың еңбегі ерен. Сондықтан да бүгінгі таңда біз ең бірінші шарулардың жұмысына көп көңіл бөлуіміз қажет. Бұл біз ұсынысты жиі көтеріп келеміз. Үкімет тарапынан мақұлданбады. Кедергі көп. Бәрі күмәнмен қарайды. Бірақ біздің мақсат – ауылшаруашылық саласы мамандарына жғдай жасау арқылы ел экономикасын одан әрі көтеру. Өткен жылдың желтоқсан айында кездесу өткіздік. Банк құруға қатысты қарсылық болды. Бірақ банк құрылуды қолдаған мәжілістің, сенаттың барлық дерлік депуттары банктің құрылуын талап еттік. Енді өз жемісін беріп қалар деген үмітіміз де жоқ емес. Шаруалардың басым көпшілігі бұл банктің құрылғанын күтуде. Егер банк құрылса, ауыл кәсіпкерлерінің бәрі сол жерде есепшотын ашып, депозит жинау мүмкіндігіне ие болып жұмыс істейді. Сол шоттардағы ақша айналымын көріп отырған агробанк оларға сеніммен қарап, кепілдік бойынша талаптарын жеңілдетіп, несие бере алады. Қай жағынан қарасақ та агробанк құру өте тиімді. «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және басқа қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттен жыл сайын бөлініп жатқан қаржыны бір жерге топтастырып, мем­лекеттің қатысуымен агробанк ашуды ұсынамыз. Ұлттық банктің аргументін ала отырып, қаржы моделін де әзірленді. Еліміз аграрлық дер­жаваға айналуы үшін ең алдымен өзінің дербес аграрлық банкін құруы тиіс,  дейді Анас Ахатұлы. 

Халық қалаулысының айтуынша, елге келетін азық-түлік импортының көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл шаруалардың қаржылық тапшылығының орын алғанын көрсетеді. Қаржы ұйымының ешқайсысы да тұрақты әрі арзан несие бермейді. Осындай кемшіліктің орнын міндетті түрде «АгроБанк» толықтыруы қажет. «АгроБанк» құрылса, ол төлем қабілетін толық бағалап, болашақта кепілсіз несие бере алады. Депутат, банктің басты құрылтайшысы мемлекет болсын деп, бар жауапкершілік пен салмақты мемлекетке артып қоюдан аулақ. Олар шаруалар мен кәіпкерлер банктің тең құқылы құрылтайшысы болып, акционері атансын деп ұсыныс білдіруде. Банктің басты мақсаты – табыс табуда емес. Коммерциялық мүддені көздемей, елдегі үлкен әлеуметтік мәселені шешіп, аграрлық саланың дамуына алға жетелейді.  

Жетісулық шаруалар да бұл банктің құрылуын асыға тосуда. Олар өздеріне қажетті қаржыны бір арнадан алсақ деген ұсыныстарын да айтты. Мысалы, «Кең дала» шаруа қожалығының басшысы Қалибек Алпысбаев банктің құрылғанын қолдайды. Оның айтуынша, қазір несие беретін ұйым көп. Олар шаруаның мүддесін ойламайды. Қайта ша­руалардың есебінен еселеп та­быс табуды көздейді.

Шаруалар – әуел­ден қа­ғаз-құжатқа қырсыз қауым. Соны жақсы бі­­ле­­­­­тіндер оларды тақырға жиі отырғызып кетіп жатыр. Сон­дықтан дәл қазіргі шақта «Агро­Банк» қажет. Ауылшаруа­­­шы­лығы – экономиканың драй­вері. Демек, осы бағыттағы жаңа­шыл­­­дық­­­тардан, озық тәжірибелерден теріс айналмаған дұрыс. Біз ең бірінше өзге елдердегі тәжіриені терең зерттеп көруіміз керек., Швейцария мен Гер­мания­­ның, Ни­дер­ланд пен Жаңа Зеландия­ның агробанк­терін көпке үлгі деп айта аламын. Біздің мемлекеттің басты негізі осы. Банк бірінші кезекте шаруа­ларға арзан несие ұсынуы шарт. Менің ойымша, аграрлық салада жұ­мыс істеп жатқан «ҚазАгроҚаржы» сын­ды институттарды агробанк етіп жасақтау қажет, – дейді шаруа иесі. 

Елімізде күні бүгінге дейін шаруаларға арзан несие беретін жүйе құрылмаған. Соның салдарынан әрбір шаруаның несиелендіру, субсидиялау мәселесіне клегенде айтар уәжі шаш етектен. Сол себепті де бұл – өте ауқымды мәселе. Үкімет тарапынан қолдамауының да өзіндік себептері бар. Олар тәжірибеде мұндай банктердің болғанын, бірақ жұмыс сәтті жүзеге аспағанын алға тартады. Бірақ елде «АгроБанк» құру мәселесі тоқтап қалмайды. Себебі, ауылшаруашылық саласы жүйелі, тұрақты, ықпалды қаржыландыруға зәру. Ең бастысы – шаруалар істің тасы өрге домаланғанша, қолдауды күтеді.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: apk-news.kz