ЖЕР СІЛКІНГЕНДЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Уақыты: 27.02.2024
Оқылды: 342
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық әкімдікте жалпыоблыстық сейсмикалық оқу-жаттығу өтті. Шараның мақсаты – зіл зала  бола қалған жағдайда азаматтардың дайындығын арттыру. 


Жиында төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері апат кезіндегі эвакуациялау жолы, қауіпсіз жерлерді алдын ала анықтау жайын түсіндірді. Сонымен қатар, «Жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекет», «Дабыл чемоданын жинау», «Үйіндінің астында қалған жәбірленушіні құтқару», «Жер сілкінісі кезіндегі алғашқы көмек» тақырыптарында практикалық сабақ өткізді. Мамандардың айтуынша, бұл шара облыстағы барлық мемлекеттік мекемелерде өткізіліп, 130 мыңға жуық адамға жер сілкінісі кезінде не істеу керектігі түсіндіріледі. 

Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Данияр Тілеуханов. 
– Облыс 9 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Осыған орай  оқу-жаттығуда жер сілкінісі кезінде жұмыста, үйде қандай әрекет істеу керектігін айттық. Ең бастысы, сабырлық сақтап, дүмпудің алғашқы толықыны өткеннен кейін далаға шығу қажет, – деді. 

Жиын соңында тұрғындардың төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарға дайындық деңгейі тексеріліп, жаттығуға арналған ескерту дабылы қағылды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Фото: egemen.kz