ӘБЕННІҢ ӘДЕМІ ӘЛЕМІ

Уақыты: 27.02.2024
Оқылды: 329
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жалған дүниенің бүкіл ауыртпалығы қос иығына түссе де жанының жарық шуағын айналасына төгуден аянып қалмайтын ақындар қатарындағы Әбен Дәуренбековтің туғанына биыл 85 жыл толып отыр. «Қызықпай атаққа да, мәнсапқа да, өмірден өтсем болды ән сап қана» деп өзі жырлағандай, елдің алқауын, ақеділ пейілін көргені болмаса, тірісінде жоғары марапат алмаған, шен мен шекпенге, үлде мен бүлдеге бөленбеген ақық жырдың ақтаңгерін жетісулықтар еске алды.


Ақпан айының басында бастау алған облыстық «Жыр-жауһар» жобасының кезекті саны Ә. Дәуренбековке арналып, «Тойың тойға ұлассын» деген атаумен айшықталды.

Жыр жүйрігі, қара өлеңнің қағылезі Әбен ақынды еске алу шарасында шайырдың көзін көрген жетісулық белгілі ақындар Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым, Айт- ақын Бұлақов, Жұматай Оспанұлы мен жазушы Қанат Тілеухан, асылдың тұяғы Светлана Дәуренбекова қонақ болды. 

Шара меймандары қарапайым тірлік кешсе де кеудесіндегі қазынасын қопарып, жырдың жауһарын еліне ұсынған ақын туралы лебіздерін білдірді, естелік айтты. Бірі тұмса табиғаттай сырлы, қарапайым, кісілігі мен кішілігі мінезін жібек еткен қаламгердің болмысы туралы толғанса, енді  бірі Әбен әлеміндегі әдемі әзілдерді жеткізді. Келесі бірі ақынның ой омартасында бал боп тұрған шәрбаттай өлеңдерін оқып, әдеби тұрғыда талдап берді. 

Жақсылыққа үндеген, жырға деген сүйіспеншілікті оятқан, ақынның болмысы мен табиғатын аша білген шарада І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті «журналистика» мамандығының білімгерлері ақынның, жетісулық шайырлардың және өз өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Осылайша бірегейлердің бекзат жыры оқылып, жас ақындардың тұсауы кесілген шара барысында Абылайхан Қармысов, Бақберген Асқарбеков, Серікбол Шыныбаев, Бақытгүл Әбенова сынды белгілі әншілер ақынның өлеңіне жазылған «Жетісу», «Мәдина», «Белжайлау», «Ауыл тойы» секілді ғажайып әндерді әуелетті.

АРДА БИ