ЕРЛАН ҚАРИННІҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН КЕҢЕС ӨТТІ

Уақыты: 27.02.2024
Оқылды: 381
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.


Басқосуда лудоманияға және заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес шараларын қамтитын құжатты әзірлеу барысы талқыланды.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, лудомания бүгінде еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіре бастаған. Көбінесе жастар құмар ойындардың тұзағына түсіп жатыр. Сондықтан Жастар саясаты жөніндегі кеңес лудомания мен заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрестің орталығы ретінде осы саладағы жұмысты үйлестіріп келеді.

Кеңес мүшелерінің пайымдауынша, қоғам мен мемлекеттік органдар лудоманияға қарсы күресті және оның алдын алу шараларын жүйелі түрде әрі бірлесе жүргізуі керек.

Мемлекеттік кеңесші жиынды қорытындылай келе, еліміздегі реформалардың ұрпақ болашағы үшін жасалып жатқанын және жастар қазірдің өзінде елдегі өзгерістердің бел ортасында жүргенін атап өтті.

Ерлан Қарин сөзінің соңында кеңес аясында жастар мәселесі көтеріліп қана қоймай, сол мәселелер шешіліп жатқанына назар аударды.