Қар құрсауынан құтқарды

Уақыты: 29.02.2024
Оқылды: 407
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ақпанның ақтүтек бораны ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға шыққан жолаушылар мен құтқарушыларды әбігерге салды. Қиын-қыстау кезде жапа шеккенге алдымен келіп, көмек қолын созар  – төтенше жағдай қызметі.


Табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұра алмай күйеубалам екеуміз көлігімізбен Үшарал-Достық тасжолында қалың қарда қалып қойдық. «Ердің ерлігі сын сағатта танылады» демекші, құтқарушылар қарлы бұрқасынға қарамай  бізді құтқарып қалды. Оқиға орнына жедел жеткен төтенше жағдай қызметкерлері жалғыз маған ғана емес, діттеген жеріне жете алмаған жолаушыларды ашық жолға шығарып, ыстық шай беріп, медициналық көмек көрсетіп, тіпті жақын елді мекенге дейін жеткізіп салды. 

Қыстың қақаған аязында басын қатерге тігіп, қар құрсауында қалған адамдарды құтқарып жүрген жандарды көріп, бейбіт күннің батырларына алғыс айтуды жөн көрдім. Сын сағатта өмірлеріне түсер қауіп-қатерге қарамастан  күн-түн демей азаматтардың өмірін сақтауда жанкештілік танытқан Алакөл ауданы, Ақши ауылының құтқару бөлімшесінің бас құтқарушылары Талғат Мырзабаевқа, Азамат Нұрмұханбетовқа, Қуаныш Абдельдаевқа, Мади Әбішке мың алғыс айтамын.

Батыл және жедел әрекеттерінің  арқасында қаншама адамның өмірін аман алып қалып жатқан жандардың отбасына амандық тілеймін. 

Жасболат ЫСҚАҚОВ 
Алакөл ауданы
Фото: kaz.orda.kz