Баспана – балаларымның несібесі

Уақыты: 29.02.2024
Оқылды: 327
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халқымыздың «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген нақыл сөзі қалай жүйелі айтылғанына баспанасыз жүргенде талай мәрте көз жеткіздім. Баспанасыз жүріп, қиындықты бастан өткердік. Бірақ «жыртық үйдің Құдайы бар» дегендей, балаларымның несібесіне бір шаңырақ бұйырғанына шексіз ризамын.


Көпбалалы ана үшін ең үлкен бақыт – балаларының амандығы. Менің алдымда үлкен міндет тұр. Ол – өмірге алып келген балаларға саналы тәрбие беріп, елдің баласы етіп тәрбиелеу. Осы жолда талмай, тынбай еңбек етуге бармын.

Өмір болған соң қуаныш пен қайғы да қатар жүретіні заңдылық қой.  Тәңір берген 4 қызымыз бен 3 батырымызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жолдасым екеуміз тәрбиелеп келеміз. 12 жыл үй кезегінде тұрып, өз баспанамызға жеткен сәтте қуаныштан төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Жалпы, бұл баспана бізге «Қарекет» қоры арқылы берілді. Осы бір қуанышты сәтті біз ұзақ жыл күттік. Үш бөлмелі үйіміз жарық, жылы. Ең бастысы – шаңырағымызда шаттық, береке, бірлік бар. 

Аспаз болып, көпшілікке адал ас әзірлеп, көптің алғысын алу үлкен бақытым деп білемін. Қазір бала күтіміне байланысты декреттік демалыстамын. Ең бірінші, халықты баспанамен қамтуды жолға қойған Мемлекет басшысына, Жетісуымыздың көркейіп, кемелденуіне атсалысып жатқан облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлының командасына, «Қарекет» қайырымдылық қорының жақсы адамдарына мың рахмет. Шаңырағымыздың кілтін алған күні облыс әкімі дастарқанымыздың құтты қонағы болып, балаларыма батасын беріп, ақ тілегін арнаған. Міне, сол сәттен бастап берекеміз еселеніп, шаттығымыз шалқыды. Балаларым енді өзгенің табалдырығын тоздырмай, алаңсыз өз үйлерінде асыр салып ойнап жүр. Перзенттерімнің риясыз күлкісіне, қуанышты күйлеріне қарап, әр сәтімнің осындай бақытқа толы болғаны үшін жанашыр асыл азаматтарға аналық жүрегіммен алғыс айтамын. 

Әлия ТАЗАБЕКОВА, 
көпбалалы ана