АНА – БАҚЫТ, АНА – ӨМІР, АНА – ГҮЛ

Уақыты: 06.03.2024
Оқылды: 555
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көктем! Жасыл мәуіт, көк шұғаның жанданар, жасанар, тамырына талшық, өзегіне өмір дарытар киелі мезгілі. Көңілді керім күй кернейтін сәт. Осынау ғажайып шақтың алғашқы онкүндігінде адамдар бір-біріне алқаусыз алғыс айтса, келесі кезекте дүниенің жұмағын табанына қондырған аналарды, аяулы қарындас пен абзал әпке, жер бетінің жылуын, мейірі мен махаббатын құшағына сыйдырған әйел затын мерекесімен құттықтап жатады. Қандай жарасымды?! Әйел де көктем ғой, өмірге нәр беретін, адамзат баласын көктетіп, көгертетін...

Жетісулық жұртшылық осынау ғажайып көктеммен ілесе келген Халықаралық әйелдер күнін айрықша атап өтті. Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында ғазиз жүректі аналар, абзал жанды әйелдер қауымы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың ақ тілегін тыңдады, көпбалалы аналар облыс басшысының қолынан «Алтын алқа» және «Күміс алқа» тағынса, өңірдің ажары мен базары болған іскер ханымдар Алғыс хат арқалады.

– Ана – тіршіліктің бастауы. Мейірімнің қайнар көзі. Шаңырақтың шамшырағы. Жер бетінде ананың шексіз сүйіспеншілігіне тең келетін асыл қасиет, құдіретті күш жоқ. «Әкенің ақылы – бұлақ, ананың ақылы – шырақ» дейді халқымыз. Хауа анадан басталған отбасылық құндылықтар, ұрпақтар сабақтастығы, рухани адамгершілік жолы бүгінге дейін үздіксіз жалғасып, мемлекет мүддесіне, ел болашағына қызмет етіп келеді. Ақыл-парасатымен, өшпес өнерімен, қайсар болмысымен ел есінде қалған Домалақ ана, Тұмар ханшайым, Айша бибі, Ұмай ана, Зере әже, күйші Дина, батыр Хиуаз, Әлия, Мәншүк сынды қазақ халқының тарихи тұлғаларының өнегеге толы өмірі кейінгі буынға әрдайым бағдаршам іспетті, – деген облыс әкімі Бейбіт Исабаев әйел, ана ұғымын тереңнен толғады. Өз кезегінде ол бүгінгі таңда қоғамның түрлі саласында көпке үлгі болып келе жатқан Еңбек Ері Күләш Айтжанова, Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, «Құрмет» орденінің иегері, қоғам белсендісі Несіпжамал Баймадиева, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Светлана Гаитова, Лариса Котельникова сияқты асыл жандардың салтанатты жиын төрінде отырғанын айшықтап, Жетісу жұртшылығы есімі елге танылған абзал жандармен мақтанатынын тілге тиек етті.

– Бүгінгі күні облыс тұрғындарының 50%-дан астамы әйелдер болса, соның 42% немесе 148 мыңнан астамы экономикалық тұрғыда белсенділер қатарында. Өз кезегінде облысымыздағы барлық бастама мен игі жобаларымызға әйелдер ерлермен бірдей қатысса, бір ғана ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасында облыс бойынша өткен жылы қолдау тапқан 533 жобаның 44%-ы әйелдерге тиесілі. Солардың қатарында ақсулық Қарлығаш Тұмарбай, Панфилов ауданынан Минура Қасымжанқызы тігін цехын ашып, ұлттық стильдегі өнімдер тігуді қолға алды. Мал өсірудің ауыртпалығына қарамастан талдықорғандық Гүлзира Тәуірбек осы бағдарламамен ұсақ мал сатып алып, жеке шаруасын табысты жүргізіп отыр, – деген Бейбіт Өксікбайұлы әуелі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, «Қамқор» арнаулы қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының директоры Меруерт Жиенбекова, 20 миллионыншы сәбидің анасы Диана Әзімбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Светлана Гаитоваға табыс етті.

Өз кезегінде отбасының жылуын сақтап, ұрпағына тәлім-тәрбие дарытқан қызылшашы, тігінші, еден жуушы, санитар, шаруа сынды қарапайым жандар облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Ән әуелеп, күй күмбірлеген ғажайып кеште ҚР Президентінің 2024 жылғы 19 ақпандағы №484 Жарлығына сәйкес жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелегені үшін ескелділік Гүлнұр Абдрахманова, талдықорғандық Іңкәр Адишева мен Гүлзат Кентыбаева, қараталдық Лида Жанбота, жаркенттік Саида Кадырова, алакөлдік Гүлсім Төлегеновалар «Алтын алқа» иегері атанды.

Қазақ елінің санын көбейтуге үлес қосып, бүгінде Батыр ана атанған Алакөл ауданы Бұлақты орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Гүлсім Төлегенова мен Текелі қалалық пошта байланыс торабының хат тасушысы Валентина Шерстобитова тілек білдірді. Өз кезегінде аталған Жарлыққа сәйкес алты бала туып, тәрбиелегені үшін сарқандық Гүлвира Баймолданова, талдықорғандық Бақыт Бозтаева мен Әлия Неғымеджанова, күреңбелдік Гүлжан Қалиева «Күміс алқа» тағынды. Мерекелік шараның соңында облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының өнерпаздары және облыстық симфониялық оркестрі әннен шашу шашып, күмбірлете күй төкті. Әлемдік классикалық туындылар, қазақ халқының ұлттық шығармалары әйелдер қауымының назарына ұсынылды.

Асыл Сұлтанғазы
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай