ШОҚАН - АЛҒАШҚЫ АБАЙТАНУШЫ

Уақыты: 29.03.2024
Оқылды: 386
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қытай тілі дүниедегі күрделі және көне тілдердің бірі екені даусыз. Олардың, көбіміз ойлайтындай, біртұтас ұлт емес екені де белгілі. Тілінде де бір-бірін түсінбейтін диалектілер жеткілікті. Қазіргі таңда біз «қытай» дейтін, ал өздерін «хань» атайтын халықтың тілі (путунхуа) басымдық алды (бұған қосымша көптеген ұлт пен ұлыс барын ескеру керек). Бұл тіл солтүстік Қытай тілі негізінде, қарапайым халықтың (байхуа) емес, «шенеуніктер тілі» (гуаньхуа) негізінде қалыптасты.


Ал жазуына келсек, әріптерге негізделген емес, онда таңба-иероглифтер қолданылады. Қазіргі ғалымдардың зерттеуінше, олардың саны 80 мыңнан асып жығылады (түгел білу мүмкін емес). Алайда, оның күнделікті, көбірек қолданылатын 500-ге дейінгісін білген адам мәтін мағынасын да түсінеді.

Шыңғысхан заманында күйрей жеңілген Қытай княздіктері Құбылай заманынан бастап орталықтандырылған мемлекетке айналып, ендігі кезеңде өзі де біреудің елі мен жерін жаулайтын империяға айналды.

Қазақ елінің бұл империямен түрлі экономикалық, мәдени, әскери қарым-қатынаста болғаны сөзсіз. Ендігі кезекте ондай байланыстардың қалай іске асырылғаны турасында айтсақ, мұсылман ұйғыр, дүнген, қытайға бағынышты моңғол, қалмақ, манжур тектес, т.б. халықтардың өкілдері, саудагер, тілмәштары, оқымыстылары арқылы жүзеге асқаны мәлім.

Жоңғар жойылып, Қазақ хандығы Қытаймен іргелес көрші болған соң мұндай байланыстардың үдей түскені анық. Бұған мысал ретінде Абылай ханның Қытай билігіне қалмақ тілінде жазған хаттарын келтірсек болады (ханның өзі де қалмақ-жоңғар тілін, жазуын жақсы білген). 

Тарихшыларымыздың «Абылай хан екі империяның да «көңілін» тауып, арасында өзіндік – қазақы дербес саясатын ұстана білді» дегенін өзінің кей балаларын орысқа, Уәли, Әділ сияқты ұлдарын Цинге (Манжу империясы) аманатқа жіберіп тұрғанынан да айқын көреміз. Ауызекі әңгімелерден «Сол жақтың билігі қосқандықтан Жетісуға, Ұлы жүзге тікелей қатысы болған Әділ сұлтанның бір әйелі қытай қызы екен...» дегенді де естігенбіз.

Бұл үрдіс Абылайұлы Уәли хан тұсында да жалғасын тапқан. Атап айтсақ, Цин империясында оның ұлы Ғаббас сұлтан аманатта болған. Кейінірек Ғұбайдолланы (Кенесары тұтқыннан босатуды талап еткен) Ресей империясы мойындамағанда, Қытай империясы Көкшеге грамотасымен өкіл-делегация жібергені тағы бар.     

Ресей империясы алдымен Кіші жүзді, сосын Орта жүзді, кейінірек Ұлы жүзді жаулап алу кезеңінде де қазақ-қытай қарым-қатынасының үзілмегені анық. Жергілікті елдің жағдайымен санаспай, өз беттерінше көптеген келісімге келіп, шегара сызып алған екі империя біз сияқты ұсақ елдің бір бауырының анда, бір бауырының мұнда қалғанын ескерді деп ойлаудың өзі күлкілі. Олар тек өз мүдделерін ғана ойлады! Содан кейін де Қытай әлі күнге дейін Балқашқа дейінгі жер біздікі деп санайды.

Бұл оқиғалар тумысынан дарынды, зерек Шоқанға бала күнінен қатты әсер еткені анық. Ауыл молдасынан араб, парсы, шағатай тілдерін оқыған соң қолындағы қытай, қалмақ жазбаларын білімді жандармен талқылауы да мүмкін. Ал 12 жасында Омбы кадет корпусына орысша оқуға барып, Потанин айтқандай, аз-ақ уақыттың ішінде қатарластарын басып озса (оның ішінде шет тілдерді үйрену жөнінен де), мұның әбден мүмкін екеніне ешкім таласа қоймас.
Бұл жерде менің тұжырымым ғана дұрыс дегеннен аулақпын. Өйткені өзім қытай тілін де, жазуын да мүлде білмеймін. Солай бола тұра Шоқанның өз еңбектеріне (әсіресе белгілі бір күнделігіне) сүйене отырып, қорытынды жасауыма болатын шығар.

Ғалымның «Қытай империясының Батыс өлкесі және Құлжа қаласы» атты еңбегін ерекше қарауыма ондағы оқиғалардың қызықтығының, оның үстіне Шоқанның тіптен жас (20-21-дегі кезі) екенінің әсері болды. Оның 1856 жылғы  1 тамыз бен 15 қазан аралығында жазған жолсапар күнделігі сонысымен де тартымды. Шоқан өзіне тән ұқыптылықпен көзіне көрінген бір нәрсені де назардан тыс қалдырмай, кездескен оғаштау адамдарды, олардың тірлігін қуақылықпен, мысқылмен баяндаған.   

Сонымен 1856 жылы Шоқанның орыс өкіметінің дипломатиялық кездесуге барған тобының қатарына аяқасты қосылып, Құлжа өңіріне барған сапары туралы айтар болсақ, бұл сапар империяның Сыртқы істер министрлігінің Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған 1856.23.05. №1248 хатынан басталатынын көреміз. Аталған хатта 1855 жылы наразы топтың Шәуешек қаласындағы орыс факторияларын өртеп, еларалық сауданың тоқтап қалғанына байланысты оны қайтадан ашу жолдарын табу туралы нақты тапсырмалар беріледі. Бұл міндет басында Алатау округінің басқарушысы М. Д. Перемышльскийге тапсырылып, кейінірек миссияға Шоқанды қосу туралы шешім қабылданған. Осыған орай Шоқан Хоментовскиймен бірге болған Ыстықкөл сапарын тоқтатып (өзі айтқандай бұл жақтан «көрерімді көрдім, еститінімді естідім» деп), шұғыл түрде Верный (сол кездегі атаулармен айта берелік) арқылы Қапалға келген. Осы тұста жақсы қаруланған отряд жасақталып, сол жылғы 1 тамызда Борохуджирдегі Қытайдың бекетіне жеткен. Жолдың қазіргі Жетісу облысының Қапал өңірі мен Талдықорған қаласы, Кербұлақ, Панфилов аудандары арқылы өткенін айта кеткеніміз жөн. 

Ғалымның ол жерлердің табиғаты мен географиясын, жан-жануар, өсімдік әлемін, геология мен картографиясын, т.б. зерттеп жазғандары еріксіз таңқалдырып, тәнті етеді.   

Шоқанның сол кездегі қытай шенеунік-мандариндерін салған әзілқой-қуақы суреттері де езу тартқызады. Оның суретшілігіне келсек, қазіргілер былай бағалайды: «Шоқан суреттерін мұқият қарар болсаң, ұлы суретшілерге тән әдіс-тәсілін байқайсың. Оның көптеген суреті «Қайта өрлеу дәуірі» суретшілерінің туындысына ұқсайды, солардың техникасы мен әдістерін қайталайды. Бұл Шоқанның ұлы суретшілер Леонардо да Винчи, Рафаэль Сантидің графикалық суреттерімен таныс болғанын дәлелдейді. Әсіресе, оның долбар суреттері (наброскілері) Леонардо да Винчидің эскиз суреттеріне өте ұқсайды...». Олай болса, мамандардың пікіріне алып-қосарымыз жоқ. 

Осы сапарлары (Ыстықкөл, Құлжа) барысында салынған сондай туындыларының бірі Тезек төре кескіні. Бұл кескінге «Мұнда қазақтың белді сұлтаны, үлкен дипломат бейнесі айшықты да ойлы, терең философиялық дәрежеде кескінделген», – деген баға беріледі. 

Осы жолы салынған суреттер жайындағы мына пікірлер де назар аударуға тұрарлық: «Пикассоның туындысындай сызықтың толқынды ізімен туындаған тартымды суреттер Шоқанда жетерлік. Соның бірі – «1856-жылы Құлжада қытай жайсаңдарын қабылдауымыз» атты топтама портреттік шығарма. Мұнда суретші жай сызықты нобай суретпен-ақ қытай елшілігінің адамдарының түр-түсін, мінез-құлқын, көңіл-күйін дөп басып бейнелей білген. Сонымен қоса картинада қуақы күлкіге құрылған көңіл де байқалады...». 

Шоқанның бұл сапары алпауыт екі империяның өзара бірде керісіп, бірде келісіп, жергілікті қазақтарды төр Жетісуынан ысырып тастап, «игеруге» кіріскен кезеңге дөп келіп тұр. Шоқан өзіне тән байқампаздықпен Қытай империясының «жаңа жерлерді» қалай басып алатынын дәл айшықтайды. Онысы «Қытай титықтап, сыртқы саясатта қорғаншақ, құлдырап қалған көне Римді еске түсіргенмен де келген жерінен ешқашан шықпайды, сол жерді өлермендікпен өздеріне қаратады. Бұл мемлекеттің қалайша жоқ болмай келе жатқанына таң қаласың. Рим сияқты мұны да жатжерлік жаулар талай рет талап, олжалап келді, бірақ соның бәрінде де тек патша әулеттері ғана құлап, өзі мемлекет ретінде мызғымай қала берді. Жаулаушылардың өздері сол елге сіңіп, қытайлық болып кете берген...» дегенге саяды.

...Кімдер жоқ десеңші бұл «жаңа жерлерде»? Шоқан айтқандай  «Мұнда халық деген, өзіме татар тілін оқытқан ұстазым айтқандай, құмырсқаның илеуіндей құж-құж қайнайды». Шоқан олардың бірталайын атап, елі, тілі, түрі, кәсібі жайлы мәліметтер бере кеткен. 

Бұл жерде «қойыртпақ» тілдің орныққандығын да Шоқан ерекше атап өткен. Қытай шенеуник-саудагерлерінің (басқаларының да) көбі түркі тілін жақсы білген, оның үстіне араластырып сөйлеуге өздері де құмар сияқты.

Бұл жерде Шоқан Шығыс Түркістан халқының негізгі тілі түркі дей келе қолданыста (әсіресе ресми және сауда) көбіне татар тілі екенін де анықтап көрсетеді. Сол кездегі қазақ-қырғызда жазба, ресми тіл татар тілі екенін ескерсек, олай болатыны түсінікті де. Оның үстіне Орыс империясы мен Орта Азияның (әрине, Шығыс Түркістанның да) байланысы алдымен осы татар тілі арқылы орнағаны белгілі. Шоқанның барлық түркі тілдерін білгеніне (бастысы шағатай) күмән жоқ (қалмақша да білгені еңбектерінен көрініп тұр), сондықтан қытай тілін қалай, қаншалықты меңгергеніне ой жүгіртсек. Жоғарыда бала кезінде ұстаздарымен бірлесіп қытай материалдарын да талдаған болар деген пікір білдірдік, одан кейін Кадет корпусында Батыспен қоса Шығыс тілдерін де (оның ішінде қалмақша да бар) оқығаны белгілі. Олай болса, бұл сапар барысында Шоқан қытай грамматикасымен біршама таныс болды деп есептеуімізге болады.

Сапар кезеңінде ресми адамдармен қатар ғалымның қарапайым жандармен де көбірек кездесіп, әңгімелескенін байқаймыз. Бірінші Қытай бекетінде кездескен қарауыл басшысы «Чиляофан?» (ас іштіңіз бе?) деп... және тағы бірдемелерді «иіскелеп» сұрады...», яғни Шоқан бұлардың амандасу-аңдысу салтын біліп тұр! Бұдан әріде кездескен қытай заттарының, т.б. дүниелердің атауларын анықтап, аударып отырғаны жазбалардан байқалады, өсімдік, жануар атауларына латынша  түсініктемелер берілген (латынша жетік білгенінің белгісі) және әскерилердің шендері нақтылап жазылған (мысалы: Сибо-занги – Сибодан шыққан қытай офицері; Амбань – бастық, генерал; Голдай, т.б. және оларды ресми белгілері, таққан шарлары, баскімдеріне, т.б. қарап, қалай ажырату туралы да түсініктер бар). Күнделікте 5 тамызда «...қолыма бір-екі шақпақ қант алып, қытайдың өзім білетін хауле (жақсы) деген бірауыз сөзін қайталап, қыздарды қантпен арбап шақыра бастадым...», яғни, саяхат басында білетінім осы сөз ғана дейді. Алайда, осы тамыздың тоғызы күні «...Қытай тілі у, ау, дау, хау, мау, зау және тағысын тағылары сияқты бірсарынды дыбыстардан құралады. Бұл дыбыстардың бірнеше мағынасы болады. Бір өзінің 500 мағынасы бар сөздер де кездеседі. Мысалы, жиі кездесетін хой деген дыбыстың 214 мағынасы бар...214 түрлі жазуы бар. Сондықтан қытай кітабын тілін білмей-ақ оқи беруге болады...» деп жазады, яғни, жоғарыда айтқанымыздай, қытай тілінің, жазуының емлесін сол кезде біршама білген.

25 тамызда қытай балықшысының лашығына бұрылғанында онда іс тігіп отырған келіншек өздеріне назар аудара қоймайды. Сонда оның мәдениетті елдің өкілінің жауап бермегені әдепсіздік қой дегенінде әйел «мамаде пфи» деп ұрса жөнеледі. Бұл ұрыс сөздің мағынасын алғашқы кезден-ақ түсініп алған  Шоқан: «...әлемде ділі артық елдің қызына лағнет сөз жараспайды, қытайлардың нюйжень (әйел), хао (жақсы), бу-хао (жаман) деген біраз сөздерін пайдаланып, әйел жақсы ғой, бірақ оның сөккені жаман дегенді түсіндірмек болдым... «хаоның» аты хао емес пе, ебін тауып көктемнің әсері фанзаны сездірмек болдым...» дейді. Бұл жерде мысқылдың нағыз шебері екенін көрсеткен Шоқанның осы аз күнде бірталай сөздерді біліп қалғанын байқаймыз. Қытайлықтар қанша тырысса да «н...р... әріптеріне мүлде тілдері келмейді. Құлжада татар мен қытай сөздерінен құралған тіл бар, бірсыпыра татар сөздері қытай диалектісіне кірген» дей отырып, сөйлемдердің қалай құрылатыны туралы түйіндеме жасайды.

Шоқанның қытайтанушы ретіндегі Абылай ханға берілген Қытай грамоталарын талдаған және атақты Қашқария саяхаты, т.б. туралы еңбектері жеткілікті болғанымен осы, өте жас кезіндегі жазған еңбегін басшылыққа ала отырып біраз ойларымызды білдірдік. Бұл сапарындағы бір жарым-екі айдың ішінде Шоқанның қытайлықтарға көбірек көңіл бөліп, тілін, жазуын, салттарын, әскери, саяси, мәдени, экономикалық жағдайы туралы мәліметтерді жақсы меңгеріп алғанын көріп отырмыз. Сондықтан, Шоқанды ғалымдығына қоса қазақтың алғашы синолог лингвист ғалымы деп те білуіміз қажет деген ойдамын (Шоқанды қазаққа әкелген ардақты академик Ә. Марғұлан ағамыздың да талай қырларын ашқанын ұмытпайық).

Еңбекті жазу барысында ғалым ежелгі тарихи латын, француз, араб, парсы тілдеріндегі тіркестерді еркін қолдана отырып, білгірліктің тамаша үлгісін көрсеткен. Оған қосымша, картография, топография, геология, минералогия, нумизматика, т.б. ғылымдардан жоғары деңгейде хабардар екені бірден байқалып тұрады. Сөзі мірдің оғындай өткір, мысқылшыл, жұмбақтап сөйлеудің хас шебері болғаны да айдан анық. Міне, осының бәрін ескерсек, Шоқанның қазақтың ұлы ойшыл, ағартушы ғалымы екеніне нақты көз жеткіземіз.
 

Азамат АҚЫЛБЕКОВ,
өлкетанушы