ЖЕРҰЙЫҒЫМ - КИЕЛІМ

Уақыты: 09.04.2024
Оқылды: 329
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу жері жайлы сөз қозғалса «Жер жаннаты» тіркесі ойымызға келетіні сөзсіз. Жеті өзен жері, бабалар үні тоғысқан мекен, тұмса табиғаты таңғалдырар өлкеге қаншама теңеу, қаншама ғажайып атаулар арнасақ та туған жерімді сипаттауға жеткіліксіз.


Арнасынан күндіз күміс, түнде алтын ағатын киелі Көксу өзенін бойлай орналасқан Көксу ауданы Жетісудың солтүстік аймағында, Жоңғар Алатауының құт қойнауында орын тепкен. Көксу, Қаратал өзендерінің көрікті атыраптарына, құмайт-шөлейттеріне созылған ауданның жер көлемі 6,9 мың шаршы километр. Жалпы біздің өңіріміз туралы мәліметтер  Қытай саяхатшыларының жазбаларында көптеп кездеседі. Әйгілі жиһангез Вильгельм Рубрук 1253-1254 жылдары осы өлкемізді басып өткен. Сонымен қатар, 1271-1291 жылдары бүкіл Азияны аралап шыққан венециялық Марко Полоның жүріп өткен іздері де бұл өлкеде сайрап жатыр. 1840 жылы императорлық ботаника бағының  ғалымы А. Шренк пен әйгілі натуралист Г. Карелин Көксу өзенінің батыс жағын, Алтынемел тауларына дейінгі атыраптан бағалы зоологиялық, ботаникалық коллекциялар жасаған. Саяхатшы ғалымдар Ш. Уәлиханов, Н. Северцев, А. Регель жазбаларынан да Жоңғар Алатауының Көксу бойындағы сілемдері, тамаша табиғаты  жайында жазылған деректер табылған. 1912 жылы П. Казанскийдің «Қапал қаласы мен Іле өзені аралығындағы  геологиялық зерттеулер туралы» еңбегі жарық көрді. Онда Жоңғар Алатауының батыс бөлігіне қарай төмендей түсетін  сілемдердің өн бойында таскөмір кені жатқандығы жазылған.

Аудан аумағында өткен ғасырлардың үлкен өркениетінен хабар беретін ірі қалалар болған. Осы жерлермен  Ұлы Жібек жолының керуендері  тоқтаусыз өтіп жатқан. Бұған әйгілі Қойлық пен Жарлыөзек шаһарларын алсақ та жеткілікті. Бұлар турасында атақты археолог Карл Байпаковтан бастап небір оқымыстылар жазған. Көксу ауданының шығыс, оңтүстік  бөлігі таулы қыратты, оңтүстік-шығысында Шаған таулары, шығысында Албасу, Қызылауыз, Сарыбастау, оңтүстігінде Ашудасты, Достар, Ақшоқы, батыс бөлігінде Көкеншелі жотасы орналасқан. Батысын   Мойынқұм, Аралқұм, Жетіжал құмдары алып жатыр. Ауданның  ең биік жері Шаған тауларында кен байлықтарынан Желдіқара кен орнында алтын және күміс кендерінің қоры бар. Аудан жерімен  Көксу, Быжы, Қарасу, Мұқыры өзендері ағып өтеді. Аудандағы 39 елді мекен 10 ауылдық әкімшілік округтерге біріктірілген. 

Көксу ауданы 1944 жылы 8 мамырда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен құрылды. Аудан құрамында сол шақта 7 ауылдық және 1 кенттік кеңес, 38 колхоз, 1 совхоз, 1 МТС, Айнабұлақ және Көксу стансылары, қант зауыты, 1 орта және 7 жылдық, 13 бастауыш мектеп болды. Ауданымыздың орталығы Балпық би ауылының негізі 1831 жылы Орта Азия мен Сібірді байланыстыратын сауда жолындағы ежелгі Дүнгене және  Мәті елді мекендері орнында қаланған. Балпық би ауылының жанында Ақшатоған мен Теректі ауылы қосылып жатыр. 1942 жылға дейін Дүнгене, одан соң Тентек деп аталса, 1993 жылға дейін Кировск кенті аталып келген. 1993 жылдан бастап Балпық би бабамыздың есімі берілді.

Есімдері ел жадында мәңгілік қалған  Кеңес Одағының Батырлары  Мұсабек Сеңгірбаев, Әлиасқар Қожабергенов, Иван Шадрин, Қызыл жұлдыз орденінің иегері  Темірғали Исабаев, ІІІ дәрежелі Даңқ орденінің иегері Петр Крухмалевтар өлкеміздің даңқын асқақтатқан қаһармандар.

Ауданымыздың  өндірісін дамытуға өз үлестерін қосқан Еңбек ерлері де елдің есінде. Екі мәрте Социалистік Еңбек  Ері Нұрмолда Алдабергенов, Мәмилә Әлімбаева, Зылиха Тамшыбаева, Битай Тәтенова, Закария Сейітова, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі»  ордендері иегері Жылқайдар Егінбаев, Ленин орденінің иегері Қайнұр Байғазиновалардың ерен еңбегі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. 

Көксу ауданы өнер қонып, жыр дарыған жер. Туған өлкеміз қай кезде де елін жырлаған дарабоз ақындарға кенде болмаған. Қабан жырау, Мәулімбай ақын, Қалқа Жапсарбаев, Зайда Елғондинова, Сағындық Тәнеке, Нұрилә Бектеміровалар ауданымыздың мақтанышы. Көксу ауданы  Жетісу өлкесіндегі  өнері көкке өрлеген, жыр дарыған, күмбірлеген күй, асқақтаған әнге бай өлке. Ұлттық өнердің көгіне өрлеген жұлдыздары  Әли Алпысбаев, Болат Атабаев, Әлімғазы Райымбеков, Дариға Тілендиева, Нұржұман Ықтымбаев, Нұри Сүлейменов, Амангелді Тоқымбетовтер ауданның абыройын асқақтатты.

Жетісу өңіріндегі құнарлы, жері жасыл желекке бөленген, сылдырлап аққан мөлдір бұлақтары, қайнар көздері мол Көксу ауданының кен қазынасын игерумен ерте бастан шұғылданған ел-жұрт қазіргі кезде осы аймақты  құтты мекенге, жайлы қонысқа айналдырып отыр.

Туған елге, туған жерге, туған тілге деген ыстық сезімнің үздік үлгісі мен үшін осындай болмақ. Отан туралы ой толғасаң  жан толғанысын айтып тауыса алмассың, сірә. Киелі мекен Көксуымыздың берекесі артып, ырысы таси берсін деп тілейміз. 

Ш. НҰРҒАЛИЕВА, 
аудандық кітапхана 
қызметкері