«ЖЕТІСУ БАРЫСЫ» жүлдесін Батыс Қазақстанға қайырымдылыққа аударды

Уақыты: 10.05.2024
Оқылды: 380

Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңі өтті.

Аудандық және қалалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері өзара «Жетісу барысын» анықтады. Бабы келіскен, қарсыластарынан айласын асырған көксулық Ерсайын Нияз жеңімпаз атанып, 5 млн. Теңгені жеңіп алды.

Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев «Бұл турнир келешекте жоғары дәрежелі балуандарымызды дайындап, ел арасында төл спортымызды насихаттауға айырқыша үлес қосатындығына сенімдімін. Бүгінгі додада ұлттық намысымыздың ұйытықысы болған балуандарымыздың баптары бағына сай болып, шын мықтының жеңіске жетуіне тілекшімін» деді. 

Боз кілемге шыққан 20 балуан өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде ІІІ орын Ермек Нұрболатқа бұйырса, ІІ-орынды қараталдық Дурсун Хасен Оғылы алды. Бас жүлдені жеңіп алған Ерсайын жүлдесінің 2 млн.теңгесін су тасқынынан зардап шекке Батыс Қазақстанға қайырымдылыққа қосты.

- «Қазақстан барысында» жеңіске жету кез келген балуанның негізгі арманы. Сол арман жолында алғышарт жасадым. Басты додада Жетісудың намысын абыроймен қорғаймын деген ойдамын. Ол үшін бар күш-жігерімді салып, ақыл-айламды аямаймын, - дейді жеңімпаз.

"Жетісу-Ақпарат'