«БАЙСЕРКЕ-АГРОДАҒЫ» өркенді істер

Уақыты: 16.08.2016
Оқылды: 1758
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасының Премьер-Минис­трі Кәрім МӘСІМОВ жұмыс сапарымен Талғар ауданына келді. Министр бастаған топ алдымен Арқабай ауылында орналасқан «Байсерке- Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысты.

Үкімет басшысын аталмыш компанияның құрылтайшысы Темірхан Досмұхамбетов қарсы алып, серіктестік кешенін аралатты. Премьер-Министр алдымен тамшылатып суару әдісі бойынша өсіріліп жатқан егістік алқабын көрді. Онда түсімді бірнеше есеге дейін арттыруға мүмкіндік беретін суарудың озық жүйесі орнатылған. Бұдан соң агрохолдингтің заманауи үлгіде жетілдірілген жаңа техникаларына назар аударылып, ауылшаруашылығы саласының өнімдері қойылған көрмені де тамашалады. Онда негізінен өсімдіктерді қорғау және карантин, қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы, қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы, ветеринарлық ғылыми-зерттеу институттарының қол жеткізген тың жетістіктері көрсетілді. Сөрелерге ауылшаруашылығы өнімдері мен дәнді дақылдардың жаңа сорттары, пестицидтер мен биотыңайт­қыштардың саналуан түрі, тағы басқалары қойылған.

Өсімдіктерді қорғау және карантин институтының басшысы Абай Сағитовтың айтуынша, бүгінде олар жаңа технологияны пайдалану арқылы аталмыш серіктестікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатқан көрінеді. Олар бұл компанияға майбұршақ, арпа, жүгері, жоңышқа сияқты дақылдардың тұқымдарын шет елден әкеліп береді. Жалпы, алқаптағы өсімдіктердің дұрыс өсіп-өніп, жетілуін қадағалауларына алған. Сондай-ақ, бұл институттың Алматы және Шымкент қалаларында зиянкестердің таралуына жол бермеу мақсатында пайдалы жәндіктерді көбейтетін биофабрикалары жұмыс істеуде. Бұған қоса, олар егістік алқабын зиянкестер мен арамшөптерден қорғап, топырақ құнарын бақылауға алған. Мұндай күрделі шаруаны ұшатын құрылғы арқылы жүзеге асырады. Осындай институттармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің арқасында қазір аталмыш компания сапасы жоғары ауылшаруашылығы өнімдерін алуға қол жеткізген.

Көпсалалы агрохолдингтің негізгі атқаратын жұмыстарымен танысқан Үкімет басшысы Қазақстанда ауылшаруашылығы саласын дамыту үшін отандық шаруалар мен ғылым арасында тығыз байланыс орнату қажеттігін айтып өтті. Айта кетейік, Байсерке-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі елдегі ең ірі мегаполис оңтүстік астанаға жақын орналасқан. Аталмыш агрокешен 2002 жылы құрылып, содан бері ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру ісімен қызу айналысып келеді. Кәсіпорын ірі тауар өндіруші ретінде Қазақстан мен ТМД елдеріне кеңінен танымал. Серіктестік ауылшаруашылығы шикізаттарын қабылдау, тазалау, кептіру, қайта өңдеу және сақтап, олардан ұн, жарма, макарон сияқты халық тұтынатын тағам түрлері мен үй жануарларына арналған жем әзірлеуде алдыңғы қатардан көрініп келеді.

Осы істерді жүзеге асыруда диірмен, жарма және макарон цехтары, жүгері сорттайтын орын, құрама жем зауыты, жүгері сабағы кептіргіштері жұмыс істейді. Сонымен бірге дәнді дақылдар, сүтті және етті тұқымды ірі қара мал, асыл тұқымды жылқы өсіру, қой шаруашылығы, ет өндіру және сүт өнімдерін өңдеу секілді маңызды істермен айналысады. Атшаптырым алаңды алып жатқан егістік алқаптарында майбұршақ, жүгері, арпа, бидай, қарақұмық пен мал азығына арналған дәнді дақылдардың әр түрі өсіріледі. Агрохолдингтің шамамен 3600 гектар егістік жерлері бар, оның 500 гектарында жерасты тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Қазіргі таңда серіктестікте сүт және ет өндіретін ферма жұмыс істейді. Онда сүтті бағыттағы сиырлар бағылады.

Мұнда жыл сайын 1800 тонна сүт өнімдері шығарылады. Одан айран, қаймақ, ірімшік, кілегей, йогурт, сыр және сары май сияқты сүт өнімдері дайындалады. Сонымен бірге жылына 1250 тонна ет өнімдері өндіріледі. Ет өнімін салқындату, мүшелеу, арнайы вакуум ыдыстарға бөлектеп салу және шұжық жасау секілді істер де оң жолға қойылған. Өндірілген өнім елдің түкпір-түкпіріне таралып, саудаланады және алыс-жақын шетелдерге де шығарылады.

«Байсерке-Агро»-ның еншілес кәсіпорны – оқу ғылыми-өндірістік орталығы аграрийлер үшін семинарлар өткізетін жетекші кәсіпорын саналады. Мұнда алдыңғы жы­лы өсімдік, мал және ветеринария тақырыбы бойынша оннан аса семинар өткізіліп, төрт жүз шақты адам оқытудан өткен. Осылайша, бұл серіктес­тік өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді.

Айгүл Байбосынова

 

Талғар ауданы.