Өнімділік жоғары

Уақыты: 18.08.2016
Оқылды: 1574
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Садық Әбдіқадыров Кербұлақ ауданындағы «Қарашоқы» өндірістік кооперативінде болып, жұмысшылармен кездесті.

Айналасын тау қоршаған қонысы құйқалы, өрісі кең Қарашоқы егінді, малды ауыл. Кезінде осы өңірде ұстаздық етіп, кейіннен аудан көлемінде түрлі лауазымда қызмет еткен Садық Әбдіқадыров біз келген елді мекеннің өткені мен бүгіні жайлы әңгімелеп берді. Бұдан соң бидай алқабына қарай ат басын бұрдық. Бізді аталмыш кооператив басшысы Мұхаметхан Нұрелов күтіп алды. Оның айтуынша, биыл 3500 гектар жерге бидай егіпті. Әзірге соның 2000 гектардан астамы жиналған.

– Биыл бір гектардан 25 центнер өнім жинаймыз деп жоспарлаудамыз. Қуаңшылық жайлаған жылдарда да гектарынан 10-15 центнерден өнім алдық. Биылғы ауа райының қолайлылығына байланысты егініміз бітік шықты. Бүгінде ұжымда 40 техника бар. Сондай-ақ, 60 адам жұмыспен қамтылды. Ору науқанының уақытылы аяқталуы күн райына байланысты. Алдағы күн ашық болса қалған егін орылатын болады, – дейді Мұхаметхан Нұрелов.

Құйқалы топыраққа тамыр тартқан бидай егістігі анадайдан көз тартады. Бізді бастап келген Садық Нұрсапанұлы техника тілінен де хабардар екенін аңғартып комбайнды тізгіндеп, айналасындағы жастарға үлгі көрсетті. 

– Бұл оңай жұмыс емес екенін білемін. Таңның атысынан күннің батысына дейін тынбай тырбанасың. Десек те бұрынғыға қарағанда қазір жағдай жақсы. Комбайндарда салқындатқыш бар. Әрине, мұндай қолайлылық жұмыс өнімділігіне оң әсер ететіні рас, – дейді Садық Нұрсапанұлы.

Осылайша, шаруалар өмірінің бір күнімен танысқан біз жұмысшылар еңбегінің бағалы екеніне тағы бір мәрте көз жеткізіп, сәттілік тіледік.                 

 

Қ. ӘБДІҒАПАР.

Кербұлақ ауданы.