Әріптестікті нығайтудағы тың қадам

Уақыты: 06.09.2016
Оқылды: 1236
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға жұмыс сапа­ры шеңберінде ҚХР Төрағасы Си Цзинь­пин­мен кездесіп, бір­қатар маңызды мәсе­лелерді талқылады.

Қытай Халық Респуб­лика­сының Төрағасы Си Цзинь­пиннің арнайы шақыруымен G-20 («Үлкен жиырмалық») саммитіне қатысу үшін осы елдің Ханчжоу қаласына кел­ген Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың жұмыс сапары сәтті болды. Халқымыз үшін қа­сиет­ті саналатын жұма күні болған Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасының кезде­суі әдеттегідей достық рәуіш­те өтті. Бұған дейін сан мәрте кездесіп, екі жаққа қатысты көптеген күрделі мәселелерді оңтайлы шешіп, өзара сенім мен серіктестіктің озық үлгі­сін көрсетіп жүрген Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин бұл жолы да ынтымақтаса жұмыс істеп, арадағы татулықты одан әрі нығайта түсудің маңыз­дылығына екпін берді.

Келіссөз барысында өзара ынтымақтастықтың, оның ішін­­де сауда-экономика, ин­вес­тиция, көлік-транзит, отын-энергетика, сондай-ақ, мәде­ни-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайту перспективаларының кең ау­қым­ды мәселелері қарас­ты­рылды. Бұдан бөлек, екі мем­ле­кеттің басшылары өңірлік және халықаралық күн тәр­тібін­дегі бірқатар өзекті мәсе­лелер жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев Си Цзинь­пинге Қытайға жұмыс сапа­рымен келуге, сондай-ақ G-20 саммитіне қатысуға ша­қыр­ғаны үшін алғыс айтты.

– Қытай ұйымға күрделі кезеңде төраға болды. Сіздер әзірлеген күн тәртібі дамудың қазіргі кезеңінде өте өзекті. Бүгінде G-20-ның экономи­калық мәселелерге мән беруі бүкіл әлем үшін маңызды мін­дет­терді шешуге септігін тигі­зетін болады, – деді Қазақстан басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұл­тан Назарбаев ынтымақтастық орныққан жылдарда Қазақс­тан мен Қытай арасындағы сенім­нің айтарлықтай нығая түс­кенін атап өтті.

– Біздің байланысымыз мемлекетаралық қарым-қаты­настың үлгісі бола алады. Стра­те­гиялық серіктестіктің үлгілі моделін құрып, эко­номи­калық ынтымақтастықты жаңа дең­гейге көтердік. Қазақстан мен Қытайдың үкіметтері қол жет­кен келісімдер қорытын­дысы бойынша алға қойылған міндет­терді орындау жұмысы­мен бел­сене айналысуда. Биыл біз Қа­зақ­стан тәуелсіздігінің 25 жыл­дығын, ал келесі жылы ел­де­­ріміз арасындағы диплома­тия­лық қарым-қатынастың 25 жыл­дығын атап өтетін боламыз, – деді Елбасы.

Си Цзиньпин еліміздің жа­һан­дық үндесуге елеулі үлесін қосып келе жатқанына риза­шылық білдіріп, Қазақстанның өңірдің және бүкіл әлемнің эко­но­микалық дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Былтыр осы уақытта Бей­жіңде біздің кездесуіміз өтіп, оның қорытындысы бойынша қарым-қатынастың жаңа кезеңі туралы бірлескен декларацияға қол қойылған болатын. Қазір барлық саладағы екіжақты се­рік­тестік қарқын алып келеді, оның одан әрі дамуы жолын­дағы міндеттер айқындалды. Біздің қарым-қатынасымыздың орнағанына келесі жылы 25 жыл толатынын ескере отырып, өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайта түсу қажет. Сондай-ақ, бірлескен күш-жігер арқылы адалдық, өзара сенім, ауыз­біршілік және өзара көмек ру­хын­дағы қарым-қатынасты қа­лып­тастыра отырып, страте­гиялық үйлесімді, өзара тиімді ынтымақтастықты күшейте түсу керек, – деді ҚХР Төрағасы.

Тараптар алдағы саммит әлемдік экономиканың бұдан арғы даму жолдарын айқын­дауда маңызды рөл атқарып, жаһандық экономикалық өсім­нің жаңа қозғаушы күшіне айна­лады деп үміттенетінін білдірді.

Сонымен, келіссөздер қоры­тындысы бойынша екі мем­лекет­тің басшыларының қаты­суымен 4 құжатқа қол қойылды. Олар:

– 2004 жылғы 17 мамыр­дағы Қазақстан Республи­касы­ның Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi ара­сында Қазақстан-Қытай ынты­мақтастығы жөнiндегi комитет құру туралы келiсiмге толық­тырулар енгізу туралы хаттама;

– «Нұрлы Жол» және «Жі­бек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларын ұш­тас­тыру жөніндегі ынты­мақ­тастық жоспары;

– Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылық минис­тр­лігі мен Қытай Халық Респуб­ликасының Сапаны қада­ғалау, инспекция және карантин жө­нін­дегі бас басқармасы арасын­дағы Қазақстан Республи­касы­нан Қытай Халық Респуб­лика­сына экспортталатын жылқы тұқымдас жануарлар үшін қо­йы­латын карантин және ден­саулығын қорғау талаптары жө­нін­дегі хаттама;

– Қазақстан Респуб­ликасы­ның Ауылшаруашылық минис­трлігі мен Қытай Халық Респуб­ликасының Сапаны қадағалау, инспекция және карантин бас басқармасы арасындағы Қазақ­стан Республикасынан Қытай Халық Республикасына экс­порт­талатын соя бұршағы пар­тия­ларына қойылатын фито­санитариялық талаптар жөнін­дегі хаттама.

Біз осы арада «Нұрлы Жол» және «Жібек жолының эконо­ми­калық белдеуі» бағдарла­мала­рын ұштастыру жөніндегі ын­ты­мақтастық жоспарына қа­тыст­ы мәлімет бере кетейік. Құжатқа Қазақстан тарапынан Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, ал Қытай жағынан Даму және рефор­малар жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Сюй Шао­­­ши қол қойды. Аталған Жоспар екі ел арасындағы сауда-эко­номикалық ынты­мақтастықты, инфрақұрылым, инвестициялар және сауда, өнеркәсіп, көлік және туризм салаларындағы екіжақты қаты­настарды айтар­лықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Тараптар автожолдар салуға және Қазақстан аума­ғындағы автожол инфра­құры­лымдарын жаңғыртуға, сондай-ақ, ҚХР – Еуропа және кері бағдар бойын­ша теміржол ма­гис­тра­лін салу мен жаңғыртуға кәсіп­орындардың қатысуын белсенді түрде көтермелеуге ниетті. Одан басқа, құжат екі елдің аумағында, сол сияқты үшінші елдерде логистикалық терминалдарды дамытуда кә­сіп­орындарға қолдау көрсетуді көз­дейді, ал үшінші елдер Қазақ­стан мен Қытайдың экс­порттық-им­порттық әлеуетін ұлғайтуға ық­пал ететін бола­ды.

Сонымен бірге, жоспар бо­йын­ша тараптар әуежайларға арналған инфрақұрылымды құрып, әуе қозғалысын бас­қару жөніндегі ынтымақ­тас­тықты нығайтуға, ақпарат ал­масу үшін бірлесіп алаңдар қалып­тасты­руға және екі ел­дегі әуе компа­ния­ларының бизнес жүр­гізуі үшін қолайлы орта жасау жұ­мы­сын жал­ғастыруға ниет білд­ірді. Оның үстіне, аталған құ­жат сауда саласын кеңейтуді, сауда құ­ры­лымын оңтайлан­дыруды, сауда ауқымын ұлғай­туды, сондай-ақ, екіжақты сау­да айналымында жоғары тех­но­­логиялы өнімдердің үлесін арт­тыруды көздейді.

Қол қойылған жоспар шең­­берінде, Қазақстан мен Қытай индустрияның жаңа буын био­тех­­нологиясы, энер­гия­ның жаңа көздері және жаңа мате­риалдар сияқты са­лалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Екі мем­лекет инжи­ниринг техникасы мен авто­мобиль өнеркәсібін өндіру са­ла­сындағы ынты­мақтастық ауқы­­мын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, құжат туризм мен комму­нал­дық шаруа­шы­лық және сумен жабдықтау жүйелері сала­сын­дағы инфра­құрылымды салу аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Негізінен, G-20 саммиті бұған дейін 10 рет ұйым­дасты­рылған. Міне, енді «Үлкен жиыр­­малықтың» 11-ші сам­миті ұйымның 2015-2016 жыл­­­­дар­­дағы төрағасы сана­ла­тын Қы­тай жерінде өтіп отыр.