Туған жерін түлеткен

Уақыты: 10.09.2016
Оқылды: 1459
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық коммуникация қызметінің Ақсу ауданындағы көшпелі отырысы барысында Ақсу ауданы әкімінің орын­басары Сәбит Қорғанбаевтың бастауымен өңірдің бірқатар елді мекенін аралап, ондағы тыныс-тіршілікпен танысып қайттық. Сондай-ақ, аудан әкімінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша атқа­рып жатқан жұмыстарын көріп, көңіл қуантар көп жайдан хабардар болдық. Расымен, Ақсу ауданы – өзені мен бұлағы мол, Жоңғар Алатауы­на арқа сүйеп, Балқашқа емініп жатқан құтты мекен. Жалпы, аудан тұрғындарының тұрмысы егін мен малға тәуелді десек те ақсулықтар бүгінгі күннің үдесінен шыға­тын жаңа техно­ло­гияларды қолдана отырып, иннова­циялық дамудың жар­қын үлгісін көрсетіп келе жатқанын мақтанышпен айтуға болады.

Жалпы, Ақсуда инвесторлардың назарын аударатын байлық та, құнар­лы жер де бар. Сондықтан, кейінгі жыл­да­ры Ұлт жоспарында көр­се­тіл­ген ба­ғыт­тар бойынша жүйелі жұмыс істелуінің нәтижесінде ірі кор­по­ра­циялар аудан­нан өкілдіктерін ашып, кәсіпкерліктің іргетасын көтерудің қамына кіріскен. Осындай жаңа бас­тамалардың арқа­сында ауданның бюд­жеті де толыға тү­сіпті. Бір сөзбен айтқанда, «100 нақ­ты қадамның» әр қадамында көр­се­тіл­ген бағыттар бойынша жұмыс ат­қарылған. Тыным­сыз ізденістің ар­қа­сында ауданда жыл сайын егіс көлемі ұлғайып, өнім түсімі көбейген. Егін шаруашылығына жаңа техно­ло­гия­лар­ды енгізу, жеке қа­ражат пен лизинг әдістерін пайда­ла­на отырып жаңа техникалар сатып алу қарқын алыпты.

 Сол қатарда экономиканың ба­сым секторларында «зәкірлік инвес­тор­­лар­мен» бірлескен кәсіпорын құру бағы­тында ауданға инвестиция тарту жөнінде комиссия құрылып, жоспар жаса­лыпты. Айталық, Ақсу қант зауы­тын іске қосу мақсатында немістердің ВМА фирмасымен келіссөздер жүр­гі­зіліп, зауытқа 38 млрд. теңге көлемін­де неміс технологиясымен қант қы­зыл­­шасын өңдейтін құрал-жаб­дық­тарды орнату жоспарланған. Жо­баның ерек­шелігі – қант өндірісі қал­дықтарын да қайта өңдеу іске асы­рылмақ. Бұл ақ­су­лық диқандардың қант қызыл­ша­сын өсіруге деген белсенділігін арт­тыра түскен. Сол қатарда Жақан Қы­лыш­беков бас­шылық ететін «Бәй­терек» коопе­ративінің бастамасы жұртты сүй­сін­дірді. «Қылышбеков», «Жұлдыз», «Диқан» шаруа қожалықтарының басын қосқан кооператив «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК АҚ-ның қолдауымен 300 миллион теңгеге жаңа техника сатып алыпты. Германия мен Беларусь елдерінен сатып әкелінген жаңа техникалар адам күшін көп қажет етпейді. Оның үстіне бүгінгі заманауи үлгімен жаб­дықталған техникалар компьютерлік жүйемен жұмыс істейді. Жаңа тех­никаның күші­мен ұжым бір ғана қант қызылшасын 400 гектарға жуық жерге егіп, өнім жи­нау алдында.

Ақсулықтар судан да таршылық көрмейді. Алдағы уақытта Қызыл­ағаш су қоймасы толық қалпына кел­тірілсе, Жоңғар Алатауының бау­райын­дағы кең жазықта қант қызыл­шасы жайқалып өсетін болады. Бүгін­де ақсулықтардың тәтті түбір өсіруге деген ұмтылысы жақсы. Бір ғана Алтынарық ауылын­дағы егістікте жайқалып өскен бағалы дақылды көргенде, ала жаздай төгіл­ген тердің дастарқанымыздың бере­кесін кіргізіп, диқандардың қаржысын еселей түсе­тіндігін байқадық. Басқа аумақта да осындай берекенің бар екенін аудан әкімінің орынбасарлары айтып берді. Сонымен қатар, ауданда майлы да­қыл­дарды, әсіресе, қант қызылшасын себетіндердің саны арт­қан. Күздік-жаздық бидай, жаздық арпа, май­бұршақтан да мол өнім алы­на­тын­дығы көрініп тұр.

Шағын және орта бизнесті дамы­туға қан жүгірте бастаған «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қам­ту жол картасы – 2020», мүге­дек­терді оңалту бағдарламаларын орын­дау бағытындағы жұмыстар жан­данып, тұрғын үй құрылысы, шағын кәсіпкерлік, инвестиция, аудан халқын сапалы ауызсумен қамту, жол жөндеу, білім, денсаулық, мәдениет және тіл, спорт және туризм салаларында жаңа бас­та­малар қолға алынып, жетістіктер тір­келген. Ауданның діни ахуалы мен қо­ғамдық тәртібі орнықты. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын ширату мақ­са­тында қомақты қаржы бөлініп, тың жо­балар қолға алынған. Ау­данның әлеуеті артқан сайын тұр­ғындар арасындағы береке-бірлік нығайып, өмір сүру деңгейі де жоға­ры­лай түсіпті.

Өңірдің экономикалық дамуының іргетасы өнеркәсіп өнімі десек, осы саладағы Ақсу ауданы үлесінің арта түскені байқалады. Сол қатарда Суық­сай ауылындағы «Жетісу – Гранит» ЖШС-нің жетістігіне ерекше тоқтала кет­кен жөн. Өнімі өрісті кәсіпорын «Ақ­суда инвестиция жоқ» деген сөзді жоққа шығарғандай. Жоңғар Алатауы бауырына басып жатқан байлықты ел игілігіне асыруда ұжым ерекше табан­дылық танытып келеді. Олар өткен жылы «Даму – өндіріс-2» бағдар­ла­ма­сы бойынша Қапал өңіріндегі гранит кен қазба орнын әзірлеу және өндіру мақ­са­тында 256 млн. теңге несие алып, кен барлау, анықтау жұмысын жүргізген. Сол жұмыстардың нәтижесінде шілде айынан бастап гранит блоктарын өн­діре бастапты. Қазіргі жұмыс ауқы­мы да ойдағыдай. «Олар «Экспо–2017» нысан­дарын салу үшін «АБК Кұрылыс» ЖШС-ін құрылысқа қажетті 17585 шаршы метр гранит бұйым­да­ры­мен қамтамасыз ету туралы 374 млн. 471 мың теңгеге ке­лісімшарт жасасқан. Бүгінгі күні соның 12330,92 шаршы метрі немесе 229,7 млн. теңгенің өнімін өт­кізіп үлге­ріп­ті. Қазірде мұнда жұмыс істеп жүрген 60-қа жуық адамның бәрі сол өңірдің тұрғындары екен. Жұмыс­шылар жатақ­ханасының өзінде қала­дағыдай жағдай жасалған. Сонымен қатар, «Жетісу – Гранит» ЖШС жоба­лық құны 1 млрд. 800 млн. теңге гра­нит өңдейтін зауыт салып, өңірлік даму картасына ену үшін тиісті құжат­тарын облыстық кәсіпкерлік және инно­ва­циялық-индустриялық даму бас­қар­ма­сына өткізіпті. Егер жоба бекітіліп, тиісті қаржы бөлінсе, Суықсай ауы­лынан 100-ге жуық адамды жұмыс­пен қамтитын ірі өндіріс орны бой кө­термек. Бұл Ақсу өңіріне құйылатын ин­вес­ти­цияны кө­бейте түсуге мұрындық бо­латыны анық. Сонымен қатар, электр энер­ге­тикасына инвестиция тарту мәселесі бойынша Ақсу өзені бойына бірнеше шағын су электрстансысын са­лу жоба­сы қолға алыныпты. Ақсу өзен­і­нің бойында ГЭС салу үшін жер пай­д­а­ла­нуға мемлекеттік актінің құжат­тарын ре­сімдеу жүргізіліп жатыр екен. Өзен­нің жоғарғы учаскесінде геоло­гиялық барлау жұмыстары атқа­ры­лу­да.

Сүт және сүт өнімдері өндірісін да­мыту үшін өңірге стратегиялық инвес­тор­лар тарту арқылы сүт өнімдерін экс­портқа шығаруға баса назар ау­да­рыл­ғаны көрініп тұр. Біз бұл бағытта атқа­ры­лып жатқан ауқымды жұмыс­тардың ретін Қапал ауылындағы Қапал сүт зауытының, Суықсай ауылындағы «Ни­ко­лай К» шаруа қожалығының, Алажиде ауылындағы «Ащыбұлақ» отбасылық бордақылау алаңының жұмысымен танысу барысында жа­қыннан біле түстік. Бүгінде аудандағы 20 мың бас сауын сиырдан жыл басы­нан бері 17 мың тонна сүт сауылып, саудаланған. Өңірде дайындалған сүт Қапал ауылында орналасқан «Үштөбе Айдын» ЖШС май зауы­тына өткізіледі екен. Қапал ауы­лындағы май зауытына жақын орна­ласқан Арасан, Көшкентал округтерінен күніне 1500 литрге дейін сүт қабыл­данатын көрінеді. Зауыт директоры Василий Посмитныйдың айтуынша, жыл басынан 360 тонна сүт өңделген. Алдағы уақытта голлан­дия­лық техно­ло­гия бойынша «Жетісу Био Өнім» ЖШС-і Ақсу ауылдық округінің аумағында 400 басқа арналған тауар­лы-сүт фермасын құруды жоспарлап отыр. Серіктестіктің қаражатымен мал қоралары салынып жатыр. Олар сүтті бағыттағы ірі қара мал­дарын сатып алу үшін «Казмясо» ЖШС-мен келі­сімшарт жасасыпты. Ал ет өн­дірісі мен өңдеуді дамыту үшін ст­ра­тегиялық инвесторларды тарту, шикізат базасын дамыту және өңделген өнім­дерді экспорттау бойынша 7 мал бор­дақы­лау алаңы жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні оларда 2870 бас ірі қара бор­да­қылануда. Олар ішкі нарыққа жыл ба­сынан бері 890 тонна сиыр етін шы­ға­рыпты. Тәулігіне 20 тонна сүт өңдейтін зауыт сол маңдағы ауыл тұрғындары малының сүтін сатып алып, нарыққа бейімделген өнім шығарумен айна­лысып келеді. «Николай К» шаруа қожалы­ғының шалғай ауылдан кәсіп­керліктің көзін тауып, ауылдастарына үлгі бол­ғаны көңіл көншітсе, жоғары білімді жас жұбайлар Мейір Жан­бо­латов пен Дана Жұматаеваның Ал­матыдағы жұмыс­тарын тастап, Суық­сай ауылынан отба­сылық сауын сиыр фермасын құрып, жұртқа үлгі болға­нын Елбасы бағ­дар­ламасының шалғай ауылда өркен жая бас­тағанының белгісі деп ұғындық.

«Туған жерге туыңды тік» акциясы ая­сында Матай ауылында спорт және ойын-сауық кешені, Алтынарық ауы­лын­­да «Ақсу агрохолдинг» жеке шар­уа­­­шылық серіктестігі ашылды. 20 жылдан астам су бармай тұрған Үлгілі ауылына су жеткізілді, Жансүгіров ауылында «Мәдина» қонақүйі, Арасан ауылында «Баянжүрек» тойханасы ашылды. Соның бір жарқын көрінісіне Жансүгіров ауы­лын­дағы М. Әуезов көшесіне орналас­қан, жеке кәсіп­керлердің қаржысымен құрылыс жұ­мыстары аяқталған 30 және 24 пәтерлі екі үйдің бүгінгі келбетімен танысқанда көз жеткіздік. Ел қамын ой­лаған кәсіп­кер Қадыр Сабырмен кез­дескен сәті­мізде үлкен жүректі аза­мат­тың ауылым дегенде ішкен асын жерге қоятын азаматтығына тәнті болдық.

Ақсу ауданында 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізуге ар­налған жұмыстар да тыңғылықты орын­далу үстінде. Педагог кадр­лардың білі­мін жетілдіру мен ағылшын тілін да­мытуға байланысты олимпиа­далар, байқау, конференция, семинар- тре­нинг­тер, «дөңгелек үстел» және басқа да іс-шаралар жоспарлы түрде ұйым­дас­ты­рылады екен. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында түсіндіру жұмыс­тарын жүргізу кестесі жасалып, ақпа­раттық кітапшалар таратылыпты. Сол қатарда аудандық Е. Сиқымов атын­да­ғы орта мектептің жа­ны­нан ашыл­ған 81 орынға лайық­талған ин­тер­нат­тың ты­ныс-тіршілігін кө­ріп, мұны Ел­ба­сы тап­сырмасының ел өміріне қан жү­гірт­­кен тағы бір жаңалығы деп тү­сін­дік.

Ауыл – қазақтың алтын бесігі десек, сол бесіктен нәр алып, ұлттық болмы­сы­мызды сақтайтын да көбінесе ауыл азаматтары. Олай болса, ауыл мәде­ниетінің қашанда биік тұрғаны абзал. Ақсу ауданы ауыл мәдениетін жар­қы­ратып көрсетумен, насихат­тау­мен өзгелерге үлгі болып келе жатыр десек, артық айтқандық болмайды. Әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру аза­мат­тарға ғана берілетін жағ­дай орнаған. Бұқаралық, халықтық сипат алған ізгілікті акцияға аудан­дағы мекеме-ұжымдар, ауыл тұрғын­дары, іскер азаматтар түгел қатысып, қайырым­ды­лық қорын құрыпты. Осы мақсатпен өткен жылы 10 млн. теңге қаржы жи­на­лыпты. Осы қаржының есебімен Жансүгіров кентіндегі Пуш­кин және Қабанбай батыр көшелерінің қиылы­сы­на орналасқан, көптен бері бос тұрған 8 пәтерлі 2 қабатты үйге жөндеу жүргізіліп, мұқтаж жандарға беріліпті. Пәтер кілтін алған адам­дар­дың көз­де­рінде қуаныш оты ұш­қын­дап, жүздеріне күлкі үйірілген тол­қы­ныс­ты сәттеріне өзіміз де куә болдық. «Жердің құты күйінде, ердің құты үйінде, елдің құты биінде» деген ха­лық даналығын еске алып, «Ор­нында бар оңалады» деген осы екен-ау деп түйдік біз де.

Ақсу ауданын басып өтетін облыс­тық, республикалық маңызды күре­жол­дар мен ауыл арасын жалғайтын жол­дар­дың мәселесі де тұрғындарды қатты мазалайтын. Биыл аудандағы ауыларалық жолдарды жөндеу, ке­дер­гісіз көлік қатынасын қалпына кел­тіру үшін тыңғылықты шаралар қарас­ты­рылған. Алматы – Өскемен күре­жо­лы­нан Қапал ауылына беттейтін бұры­лыстан Суықсай ауылына дейінгі, Суық­сайдан Жансүгіров кентіне дейін­гі жол­дарды орташа деңгейде жөн­деуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Жобаны атқа­ру­ға қажетті қаржы бөлінсе, аты мәлім «Қапал-Арасан» емдеу-сауықтыру орталығы мен қасиетті Тамшыбұлаққа атбасын бұратын алыс-жақын шетел­дік турис­тер­дің саны артар еді.

Қайта жаңғыртылып, күрделі жөн­деуден өткен аудан әкімдігі ғимара­тына кіргенде еңсеміз тіптен көтеріле түсті. Өткен ғасырдың екінші жарты­сында салынған ғимараттың таға­нынан шаты­рына дейін жаңарып, ішкі бөлмелердің құрылымы өзгертілген. Әкімдік ғима­ратының қарсы алдын­дағы аллеяда демалып, балаларын қыдыртып жүрген жастар көзге шалы­нады. Осындай жетістіктерді көріп, көңіліміз марқайып аудандық әкім­діктің кіші жиынжайына жадыраған көңіл-күймен кірдік. Мұнда аудан әкімі Әділбек Далбағаев бес реформа және оны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары аясында өңірде атқарылған жұмыстарды рет-ретімен айтып өтіп, журналистерден түскен сұрақтарға жауап берді.

Иә, Ақсу ауданындағы бір күндік сапарды осылай тамамдадық. Қай қы­рынан келсек те Ақсу ауданында жақ­сы жетістіктердің көп екендігі анық бай­қал­ды.

Қажет АНДАС