АЙТ ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

Уақыты: 10.09.2016
Оқылды: 1377
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын Құрбан айт қарсаңында өңірлік коммуни­кациялар қызметінде биылғы айт мерекесіне дайындық жұмыстары мен ерекшеліктері талқыланды. Тілшілермен тілдесуге арнайы келген дінтанушы Құрметхан Байғара мен дін істері басқармасы дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының маманы, дінтанушы Дәулет Қазкенов айт күніне арнаулы шаралар тізімімен таныстырса, орталық «Иман» мешітінің наиб-имамы Ардақ Оразбаев құрбандық игіліктерін айтып өтті.

Құрбан айт барша мұсыл­манға ортақ ұлық мейрам. Ал­дағы дүй­сенбі сол қасиетті мерекенің алғаш­қы күні. Бұл ерекше күнде мал шалынып, ақ түйенің қарны жары­лады. Қа­жы­­лық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, дұға оқиды. Дүйім мұ­сыл­ман баласы құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады. Құрбандық тек мал бауыздаумен ғана шек­телмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, басқаларға жан­ашыр­лығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Жалпы айтқанда бұл ұлық мереке күллі мұсылман жұрт­шы­лығын бір-біріне жанашыр, өзара мейірімді болуға, қамқорлық жасауға, қи­нал­ғандарға көмек­тесуге, жағ­дайы төмен жамағатқа қарасуға шақырады.

Бұрынғыдай емес, бүгінгі таң­да діннің дәріптелуі жоғары дең­гейде. Күнтізбеден ойып тұрып орын алған күн мұсыл­мандар үшін ең үлкен екінші мереке. Ал алғаш­қысы ол жақсы­лыққа шақырып, барды бағалауға үйрететін ораза айт екені белгілі. Дәулет Серікұлының айтуынша облыс көлемінде 579 діни бір­лестік бар. Міне, қазір соның барлығында Құрбан айт күніне дайындық жұмыстары жүр­гі­­зілуде. Биылғы Құрбан айттың былтырғыдан қарағанда, ерекше­ліктері де баршылық. Мәселен, өткен жылда ұйымдастырылған қайырымдылық саны биыл артып тұр. Сондай-ақ құрбандық шалып, мал сою үшін әр жануарды жеке жіліктейтін кабиналар жасалған. Яғни, құрбандыққа түсетін түлік­терді бір-біріне көрсетпей бауыз­дамақшы. Бұл жануардың сес­кеніп, бойында қаны қалып қалмауына септігін тигізбек. Биыл қасап жұ­мыс­тарын жүргізетін арнайы 89 орын белгіленген. Сондай-ақ, Тал­ды­қорған өңіріндегі Иман орталы­ғында осыған дейін 60 қасапшы оқып, білім курстарынан өткен. Барлығы халал союдың жолдарын үйреніп, арнайы сертификат алған. Әр қасапшыға жеке мөр де табыс­тал­ған.

Теолог, дінтанушы Құрметхан Байғара өз сөзінде құрбандық етінің үшке бөлінетінін айтып өтті. Бір бөлігі өз отбасыңа, ал екіншісі жетім-жесірлерге, үшінші бөлігі көрші-қолаңға таратылуы керек екен. Биылғы айт мерекесіне дайындық жоғары. Ардақ Нүсіп­ханұлы мешіттерде ұлттық ойын түрлері ойнатылып, қала көшеле­рінде қайырымды істердің жос­пар­ланғанын айтып өтті. Айт намазынан кейін көңілі қалап, жақсылық жасауға асыққан жүр­гізу­шілер, алыста тұратын бол­маса кембағал жандарға көмек көрсету үшін мешіт тұрағында тегін такси қызметін ұсынбақ. Сондай-ақ, қала ішінде қоғамдық көлікте жеңілдік болып, 400-400 такси қызметі жеңілдетілген баға­мен тұрғындарды тасымақ. Биыл­ғы айттың басты жаңалығы «Құр­бан айт қоржыны» болмақ. Тұр­ғындарға тартылар бұл сыйлық­тың ішінен балаларға арналған тәттілер мен көңіл қуантарлық базарлық та табылады. Міне, осындай өзгерістер көбейіп, мере­ке аясы кеңейіп келе жатқанына биыл төртінші жыл. Найб-имам­ның сөзіне жүгінсек, жалғыз «Иман» мешітінің өзі әкімші­ліктен алынған тізім бойынша 500-ге жуық мұқ­таж жандарға көмек беруде. Орта есеппен 16 отбасына 1 тонна ірі қара еті бөлінбек. Сондай-ақ, жылдағыдай «Айналайын» бала­лар үйіне үлкен көмек көрсету жоспарда бар. Брифинг бары­сында мамандар құрбандық шалу­дың жөнін біл­мей, қой сойсам болды дегендерге айтылар ескерт­пені де ұмытпады. Құрбандыққа шалынар қой түлігі 6 айдан кіші болмауы тиіс және еркегін сойған жөн. Ал сиыр малынан керісінше ұрғашысын сойған ұтымды. Ша­масы келген­дер бір қойдан құр­бандық ету керек. Ал жеті адам бі­рі­гіп ірі қара сойса бұл да құр­бандық болып саналады. Сон­дай-ақ, дінтану­шылар Құрбан айттың қасиеті Арафадан екенін айтып өтті. Арафа айтқа бір күн қалғанда болатын ораза тұту күні. Тал­дықорған өңірі бойынша айт на­ма­зы таңғы сағат 7.00-де оқыл­мақ. Жоқ-жітік қуанышқа бөленіп, сансыз сауапқа кенелетін күннің қасиетін сезінейік.

Ай Ниса.