Тұмауға қарсы екпе

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 1138
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тұмау және жіті респираторлы вирустар ауа арқылы таралатын жұқпалы аурулар қатарына жатады. Бұлардың ерекшелігі тез арада көптеген адамға жұғып, эпидемиялық сипат алады. Осы орайда тарихқа үңілсек, XX ғасырдың ішінде 7 мәрте тұмау пандемиясы болып, жер шарында миллиондаған  адам көз жұмған. Сондықтан, тұмау аса қауіпті жұқпалар қатарына енгізілген. ​

Тұмау және жіті респираторлы вирусты жұқпалардың инкубациялық өрбу кезеңі – 4 сағаттан 1 тәулікке дейін. Қысқа мерзімде ауру адаммен қарым-қатынаста болғандардың тұмауға тән белгілері пайда болады. Тұмау адамның дене қызуының 39 градустан  жоғары көтерілуіне, жалпы әлсіздікке, бастың, бас сүйегі қаңқасының, бұлшық еттердің, буындардың ауруына әкеп соғады. Вирустар қан тамырларының тұтастығын бұзып, науқасты асқынған тұмау  түрлеріне шалдықтырады. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған мезетте дәрігердің көмегіне жүгінген дұрыс, өйткені тұмау вирусына арнайы қарсы бағытталған дәрілер жоқ, тек оның басқа ағзаларды асқындырмауын, алдын алу шараларын жүргізуге арналған дәрілер тағайындалады.
Тұмау жас нәрестелердің, жиі ауыратын балалардың, жүкті әйелдердің, әртүрлі қосалқы аурулары бар егде жастағы азаматтардың ағзасына енетін болса, жұқпа асқынып кетуі ықтимал екенін ескертеміз. Осы орайда тұмау асқынуларын атап өткен жөн: өкпе қабынуы, ми қабаты қабынулары (менингит), құлақ  ағзасының қабынуы (отит), төменгі тыныс алу жолдарының аурулары (фарингит, бронхит), жүрек бұлшық еттерінің қабынуы (миокардит). Тұмаудың осындай қатерлі асқынуларының алдын алудағы негізгі шаралардың бірі – оған қарсы екпе жасау, жоғарыда көрсетілген қатерлі топтағы адамдарды бірінші кезекте егу. Сонымен қатар, бөлмелердің ауа алмастыруына назар аударамыз. Жеке бас гигиенасына көңіл бөліп, әр адам қалтасына беторамал салып жүруі тиіс. Кез келген ортада жөтелгенде осы орамалмен ауызды көлегейлеген дұрыс. Құнарлы тамақтану керек әрі тағам құрамында минералдар, дәрумендер неғұрлым көп болса, ол иммунитеттің нығаюына ықпал етеді. Бөлмелерді ылғалдап жуу да алдын алу шараларының құрамына кіреді. Таза ауада серуендеуді әдетке айналдыру қажет. 
Жыл сайын қазан айында тұмауға қарсы екпе  жүргізіледі. Әрбір адам жұқпадан қорғанғысы келсе, осы шараны  міндетті түрде орындайды.


А. СМАЙЛОВА, 
облыстық  салауатты өмір салтын қалыптастыру
орталығының маманы