Бекболат Әшекеев жайлы не білеміз?

Уақыты: 29.10.2018
Оқылды: 6599
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халық қиналғанда қаһарманын табады. Табанының бүрі, жүрегінің түгі бар, рухы берік, ел намысын қорғай білген жан ғана ту ұстап, жанын шүберекке түйіп, қол бастайды. Бекболат Әшекеев жайлы маған алғаш жан-жақты айтып таныстырған белгілі журналист Есберген Естаев деген ағамыз еді. 1971 жылы Есберген Естаев ағамыз Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінің редакциясына келіп, бізбен әңгімелесіп, өзінің жаңа шыққан «Өмір өткелдері» деген кітабын сыйлаған болатын. Сонда «Ел ауырын ер көтереді» деген тақырыппен Бекболат Әшекеев жайлы біз біле бермейтін тың деректер жариялапты. Есберген аға өте білімдар, ізденімпаз, архивпен жақсы жұмыс істейтін, ел ішіндегі әңгімелерді жазып алып жүретін алғыр журналист еді. Мен кейін ол кісімен көп әңгімелесіп, сырласып жүрдім.

–  Бекболат Әшекеевті Үшқоңырда 1916 жылы хан көтергенін сен білесің бе? – деп мені таңғалдырып, бар жағдайды айтып берген. Ол кезде ондай жағдайды айтқызбайтын да, жазғызбайтын да.
Екінші бір ерекше нәрсе – Бекболат жайлы жыршы, термеші Хамза қажы Екейбаевтың атқарған игі ісін ерекше атап жүруіміз керек. Бірде ол кісі маған телефон соғып, тез осы 1 май ауылындағы үйіне келіп кетуімді өтінді. Дереу келсем, Хамза қажы ағам былай деді:
 – Түнде түсіме Бекболат батыр Әшекеев кірді. «Мен елім үшін шаһид болдым, асым берілмей қалды ғой. Хамза балам, саған сол аманат!» – деп ақ сақалы желбіреп, маған батасын берді. Үш ат ерттетіп дайындап қойдым. Жүр, Бекболат батыр қол жинап, шайқасқан Үшқоңырға шығып, аралап қайтайық – деді. 
Не керек, содан Хамза қажыда тыным болмады. Мен екі ай орталық архивте отырып Бекболат Әшекеев бастаған Үшқоңыр көтерілісі жайлы материалдар жинап, «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жарияладым.
1 май ауылы тұрғындарын жинаған Хамза қажы Екейбаев осы ауылдың атын «Бекболат» деп атау жөнінде ұсыныс түсіріп, хаттама алып, облыс әкіміне кіріп жүріп, ол жақтан республиканың ономастика комиссиясына хат жолдады. Хамза ағам тікелей өзі сөйлесіп, мені Астанаға жіберді. Тек осы мәселемен ғана сол кездегі Мемлекеттік хатшы, атақты жазушы қайраткер Әбіш Кекілбаевтың қабылдауында екі мәрте болдым.
Ақыры 2000 жылы 1 май ауылына Бекболат есімі берілді. Ауыл жанына 10 киіз үй тігіп, 10 жылқы сойып Бекболат батыр Әшекеевке ас беріліп, Құран бағыштап, құрбан шалынды.
Ата шежіреге үңілсек ол ырысты қалың Дулат, оның ішінде Жаныс, одан Жайлымыстан шыққан Есенқұл батырдың ұрпағы.
Есенқұл жауға шапқанда он ұлы бірге аттанады екен. Есенқұлдың он ұлы: Бигелді, Баубек, Дайырбек, Бидайбек, Сайбек, Тойынбек, Ақылбек, Бибек, Нүсіпбек, Айдарбектер ешкімге есесін жібермеген көкжал текті батыр, алғыр болып өседі.
Дайырбек дәулетті, сәулетті болады, одан тоғыз ұл туған. Әшеке төртінші ұлы екен. Жасынан барымта-сырымтада бүкіл қырғыз-қазаққа жаужүректігімен аты шыққан сайыскер, барымташы болыпты. Тезек төреден де, Қоқан ханынан да қаймықпай, тіпті солардың кейбір жүйріктерін топ-тобымен айдап әкеп Үшқоңырдың жықпыл-жықпылына сүңгітіп жіберіп, ұстатпайды. Тікелей тиісуге қара ормандай жаужүрек ел-жұртынан сескенген қоқан бектері алдап қонаққа шақырып алып, үзеңгісіне у жағып жібереді. Содан Әшеке орта жолда Шу өзеніне жеткен жерде қаза табады. Сонда у бойына тарап, ісіп-кеуіп жатқан Әшеке:
– Менің атымды түбінде Бекболатжан шығарады, соның төңірегінде болыңдар, – депті өлерінде.
Әшекенің Тұрысбек, Әменбек, Құрманбек, Бекболат, Албан, Пәзілбек секілді ұлдары шетінен өнерлі, он саусағынан өнер тамған ұста болған.
Бекболат Әшекеев 1843 жылы Үшқоңыр тауында туған. Ол жасынан арабша оқыған, сауатты, көзі ашық, билікке араласып би болған, орысша жақсы білген, ел ішінде қадірлі, сыйлы, әділдігімен аты шыққан, ағайындарының басын қосып, басшылық жасаған, сөзге ұста, бес мезгіл намазын қаза қылмаған, Құран оқыған діндар жан болған екен, елі болыстыққа да сайлаған. 1905-1906 жылдары Мекке-Мединеге барып, қажы атанып келген. Немере бауыры Ниязбекұлы Сәт болыс Қарғалыда мешіт сала бастағанда Бекболат бүкіл бауырларымен болысып, бірге салысқан.

***
Бекболат Әшекеевті 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде бүкіл ел-жұрты, Алатаудың күнгейіндегі қырғыздар, Шу бойындағы дұнғандар барлығы бірауыздан басшы сайлап, хан көтереді.
Көтерілістің пісіп-жетілуіне жалпы отар өмірінің ауыртпалығы, бодан ел-жұртты озбырлықпен қанауы, құнарлы жерлерді қилы сылтаумен «мемлекет пайдасына» жүйелі түрде тартып ала беруі, одан Ресейдің Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуына байланысты үкіметтің империя бұратаналарына шектен тыс алым-салық салуы әсер етті. Ал көтеріліс қимылдарының Қазақстан мен Орта Азия халықтары арасында жаппай орын алып, іс жүзінде бір мезгілде шығуына Ақ патшаның әйгілі «Июнь жарлығы» – Ресей императоры ІІ Николайдың 1916 жылғы 25 маусымда қол қойған «Империяның еркеккіндікті бұратана халқын армияның іс-қимылы ауданында қорғаныс құрылыстарын және соғыстың қатынас жолдарын салу жөніндегі жұмыстарға, сонымен бірге мемлекеттік қорғаныс үшін қажет кез келген өзге де жұмыстарға тарту туралы» пәрмені себеп болды. Жарлық бойынша тыл жұмыстарына 19-дан 43 жасқа дейінгі қазақтардан 240 мыңға жуық кісі алу белгіленді. Егер сол кездегі қазақ шаруашылықтарының саны 700 мыңнан сәл асатынын ескеретін болсақ, патша жарлығы тұтастай орындалған жағдайда әрбір үшінші шаруашылық өзінің негізгі еңбек етушісінен айырылады екен. Ал мұндай мөлшерде жұмысшы қолын майданның тыл жұмыстарына әкету Қазақстанды ұлттық апатқа ұшыратуы мүмкін еді. Жарлық Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік жаппай наразылық тудырды. Әлихан Бөкейхановтың сөзімен айтсақ, «қалың елдің дариядай толқуы басталды».
Көтерілістің алғашқы ошағы Жетісу облысында пайда болды. Мұнда патша жарлығына қарулы қарсылық шілде-тамыз айларында бұқаралық сипат алды. Барлық жерде найза, сүңгілермен, қылыш, шоқпарлармен, жекелеген қарапайым аңшы мылтықтарымен қаруланған сарбаздар жасақтары ұйымдастырылды. 17 шілдеде ресми билік Түркістан өлкесінде, оның ішінде Жетісуда соғыс жағдайын жариялады. Патшалық өкімет органдары Жетісуға ірі жазалаушы әскери күштер жеткізе бастады. Тамыз айында 35 рота жаяу әскер, 2 жүздік атты әскер, 240 атты барлаушылар, 16 зеңбірек, 47 пулемет, майданнан қайтарылған бірнеше әскери бөлімше, жергілікті казак күштері пайдаланылады. Көтерілісшілерді жазалау үшін облыстағы орыс селолары мен казак станицаларының тұрғындарынан қарулы жасақтар құрылды. Бір жағында – бақайшағына дейін қаруланған, әскери өнердің бар қыр-сырына үйретілген патша әскері, екінші жақта нашар қаруланған, үйретілмеген, әлеуметтік және ұлттық азаптан шығуға ұмтылған көтерілісшілер жасақтары шайқасқа түсіп жатқан болатын.
Қызу қарқынмен лап ете түскен Жетісу көтерілісіне қазақ, қырғыз, ұйғыр, дүнгендер жұмыла атсалысты. Қатарларына 10 мыңнан астам адам тұрған көтерілісшілер Самсы төңірегінде жазалаушылар жасағына шабуыл жасап, оларды Верныйға қарай шегінуге мәжбүр етті. Тамызда Верный мен Пішпек арасындағы байланысты үзіп тастады. 
Әскери дала соттарының сүйенген «құқықтық» негіздерінің бірі «Жазалау туралы» әскери жарғының 279-бабы болды. Онда жалғыз өкім – өлім жазасы туралы ғана айтылады. Мұны Жетісу облысының әскери губернаторы Фольбаумның қолы қойылған құжаттар растайды. Бұл құжаттағы «аяусыз жазалаңдар», «тез арада қамаңдар», «тез арада өлтірілсін». «Көтерілісті басудың бір-ақ жолы бар. Көтерілген болыста бірден бірнеше жүз адамды қырып-жою керек» деген сөздер де  сол қанішер губернатордың нұсқауы. Мұндай қанды операцияларды жазалаушылар әр жерде жүргізді. Казак қылышы мен мылтығынан жазықсыз қырылған қазақтар аз болған жоқ. Шамасы жеткен ел үдере көшіп Қытай ауып кетті.1916 жылы тамыз-қыркүйек айларында Асы, Самсы, Отар өңірлерінде де казак-орыс жазалаушыларымен қарулы ұрыстар болды. Қордай мен Верный арасындағы барлық пошта стансылары қиратылды. Екей елін көтеріліске Мақыш Райымбекұлы, ал Шиендегі ел-жұртты Өтеп Омарбек Жантаев бастап алып шықты. Күнбатыс Қастек болысындағы көтерілісті Нүке Сатыбеков, Сатай Көбегенов басқарды. Жайылмыс болысында 73 жастағы қарт, ел басшысы Бекболат Әшекеев атқа қонды.
7 шілдеде Үшқоңырда Жайылмыс қазақтарының съезі болады. Отар приставы Гилевтің бірінші тамыз күні жазған хабарына қарағанда, 8 шілде күні Қарғалы, Бидалы, Күрті, Ұзынағаш болыстарының мыңнан астам қазақтары Үлкенсаз жайлауына жиналады. Мал санағын жүргізуге келген шенеунік Ивановқа қарсы пікір айтады. «Не істесе де балаларымызды солдатқа бермейміз» деп жазба түрде қарсылық білдіреді. Оған Әміре Төлеубаев бастаған 45 кісі қол қояды. 10 шілде күні тағы да сол Үлкенсазда 5 мың адам қатысқан жиын өткізіледі. Жиналғандар «Патшаға солдат бермейміз, бәріміз бірігіп соғыс ашамыз» деп көпшілікке хабарлайды.
Осы жайында 9 шілде күні Үлкенсазға барып, «ештеңені біле алмай оралған» Ыбырайым Жайнақов 13 шілдеде Верныйға Меркі, Үлкен Алматы болыстарының әйгілі адамдарын шақырады. Жиналыс өткізеді. Басқосуға Тоқаш Бокин де қатысады. Жайнақовтың іс-әрекетін, пиғылын әшкерелейді. «Солдатқа бала беруді шешу үшін Жетісу қазағының басы қосылуын» талап етеді. Ал келесі күні халық қамқоршысы Тоқаш Бокин Үлкен Алматы, Шамалған, Шығыс Қастек болыстарын аралауға аттанады. 12 шілдеде Мойынқұмда, 14 шілдеде Үлкен Алматыда, 3-4 тамызда Шығыс Қастекте болады. Ондағы ауыл азаматтарымен сөйлеседі. Көтеріліс басшыларын тағайындайды. Жалынды сөздер сөйлейді. Халықты патшаға қарсы көтерілуге үгіттейді. 17 тамызда Самсы мен Шиен бекеттеріндегі жазалаушы отрядтарға қарсы шыққан көтерілісшілердің басы-қасында болады. Сөйтіп, Самсыда (басшылары Қасабек Кәкенов, Сырғабек Жалпыетеков, Қасеней Айдарбеков), Шиенде (басшылары  Омарбек Жантаев, Досмұхамбет Қашағанов, Нүке Сатыбеков, Мойнақ Берденов, Бектұрсын Кебекбаев, Қашаған Ырысқұлбеков), Ақшиде (басшысы Қарабай Аламанов) болған халық қозғалысына белсене араласады. Сөйтіп, 4 тамыз күнгі Шиенде тұратын Қашаған Ырысқұлбековтің үйінде келіскендей, Самсы-Шиен-Күртібастау-Ақши көтерілісшілері Ұзынағашқа беттейді. Одан Үшқоңырдағы Бекболат Әшекеевке қосылып, Алматыға шабуыл жасауға бекінеді. 
…Бекболат ауылында үш тәулік бойы ел ақсақалдары мәжілістесуде. «Құрық ұстаған малшыны, таяқ алған қойшыны, соқа соңында жүрген егіншіні түгел матап беріп, бала-шағаны аштан қырмаймыз, қарақан басымыз қаңқиып қалмаймыз. Патша өкіметінің жарлығына қарсымыз» дейді ақсақалдардың сөз түйіні.
– Басшы Бекболат! Көтер Әшекейдің көк туын! Әумин!.. – деп алақанын ілгері жайды жасы тоқсанды алқымдаған Қалампырдың Мыңжасары.
– Кеудесін оққа тоспайтындар атқа мінбесін! – деді Бекболат өзінен бір лебіз күткен қалың топтың шарасыз көздерін шола қарап. – Мылтық атылғанда тауға шаппай, жауға шабыңдар! – деді және біраз ойлана түсіп, қатты-қайырымсыз жауды жақсы білетін Бекболат.
Ел қызылтанау боп сабылып-шалдығусыз-ақ қол көтермей Бекболатты бірауыздан басшы сайлап алды. Ақ киізге отырғызып, хан көтереді. Бекболат та жұрт үкіміне жүгінді.
«Алматыдан орыстар шығыпты» деген хабар жұртты біраз сейілткендей болды, асуларға сақшылар жіберіліп, олар екі асудың Шұбарат пен Жамбастың аузын алды, жол бойынан сыбыс тыңдайды, өткен-кеткендерді сұраққа тартады.
– Қайдағы орыс?! – дейді жансыз боп келгені кейініректе әйгіленген бір «жолаушы». – Алматыдан шықтым, ырымға бір орыс көргенім жоқ.
– Олай болса, жігіттер, тартыңдар, жуық жердегі ауылдан қымыз ішіп қайтайық.
Сол екі арада Алматыдан шыққан жазалаушы отряд та асуға жетіп қалған. Отряд бастығы – Верный оязының өзі, подполковник Базилевский. Отряд Верный гарнизонының – Симбирск жаяу әскер полкінің солдаттарынан табан астында іріктелгендер. Олар қаланың атты полициясы мен өрт сөндіргіштер дивизиондарының аттарына мінгізіліп, кіші Алматыдағы соғыс қоймасынан қылыш-сайман, оқ-дәрі алысымен-ақ осылай жөнелтілген. Жолшыбай Қаскелеңде отрядқа жолбастаушылыққа және тілмәштыққа бірқауым казак-орыстар қосылды.
Тамыздың 10-ы және 11-і күндері жазалау отряды анталап асуға шықты. Ел шетіне жетуі-ақ мұң екен – әлекедей жаланып сайран сала бастады. Қару-жарақ асынған мұншама орысты жөнді көре алмай, жол жиегінде көзін көлегейлеп қарай түскен, мал қайырған жайдақ атты қарияны көзі шалған Базилевский: «Сіз анау шпионды шауып тастаңыз!» деп бұйырды солдаттардың біріне. Атын шпорлап омырау­лата түскен жаяу әскер киіміндегі ебедейсіз кавалерист ол қарияны ықай-шықайсыз шауып тастады. Қозы бағып жүрген бір жасөспірімді Базилевский және бір солдатқа винтовкадан көздетіп атқызды. Базилевский өзінің бұл найсаптығын қылмысқа баламайды, қайта мынадай сұмдықты жауынгерлікке үйрету деп біледі.
– Жау келіп қалды! Аттан, аттан! – деген айқай шықты. Әлгінде ғана тыныштықта бейқам көрінген жастар жағы жаңа ғана абыржыды. Тұтқиылдан сау еткен жауды жігіттер енді өз көздерімен көрді.
Бұл – тамыздың 13-і күні.
Жаяулатып сап түзеген солдаттар бірі жатып, бірі тізерлеп оқ жаудырды. Дара шығып, ат қойған сойылшылар арқан бойыдан артық бармай оққа ұшып жатты.
– Оқтан қозыкөш шегініңдер, жылқы келеді! – деді Бекболат аттары оршып, шиыршық атқан сарбаздарға арт жақты нұсқап.
Жылқы дүбірі Бұрған жақтан да, Кіші Шыңбұлақтан да – екі бүйірден шықты, жер қайысқан қысырақ үйірлері жүйткіп кеп қалды. Сарбаздардың бір сәтке үміт оты жанды, отрядты құрсап алу да ойларында болған. Жылқы беті жауға бұрылды. Қиқулаған қалың нөпірден сесі қайтқан жау қашуға бет алды. Бірақ дауылдай ескен қуғыншылардан құтылмасын түсініп, белестегі қойтасқа бекініп, қайта оқ жаудырды. Дүркін-дүркін атылған оқ алапатынан үріккен жылқы алай-түлей. Ат басын ірікпей жеке дара «төтелеп» шапқан Көпесбай мен Мұсабай қарт бірдей оққа ұшты. Осы қақтығыста 43 адам қаза тапты, алты адам жаралы болды.
Ұрыс өңіріне жайлау-жайлаудағы құз-шоқылардан жазбай көз тіккен ауыл сақшылары: «біз жеңілдік» деп азан салуы-ақ мұң екен, артынып-тартынып дайын отырған ел Қырғызды бет алып, одан әрі Қытай асуға лап көтерілді. Көшкен елдің жұрты үрей туғызады.
Солдаттар ауыл-ауылды аралап бала-шаға демей ұрып-соғып қылышпен турап, еркеккіндікті түгел қыра бастады. Алатау етегі қанға бөкті. Бәріне «Бекболатты тауып беріңдер» – деп тепсінді.
Халықты қынадай қырып жібермесін деп Бекболат ел басына түскен қорлыққа шыдамай өзі келіп, Шамалғанда тұратын Төлегенов Балғабектің үйінде жауына беріледі.
Қыркүйектің 7-сі күні губернатор Фольбаумның: «екі күн ішінде тергеліп, сотқа берілсін» деген әмірімен Алматыда (ресми Верныйда), қолма-қол соғыс жағдайындағы заңмен жүргізілген әскери сот процесінде:
– Айыпкер Әшекеев, айтыңызшы: тастабандап тұрған Германияны тықсырып бара жатқан осындай дүлей күшке қарсы шығуға Сізді кім еліктірді? – дейді лепіре сөйлеген трибунал басшысы, орыстың юстиция полковнигі Левашев.
– Елімнің ерлік ынтасына мені Жасаған ием еліктірді, – деді Бекболат жайлап. Ол жау шеңгеліне мықтап іліксе де күмілжіп саспады және жауабын сонда отырған куәгерлер Күнтубаев пен Сүлейменовтерге, жалтақтаған үрпекбас тілмәштарға да арнағандай рай білдіріп.
– Сонда да болса, өзіңіздің әлгі сыбайластарыңыздың аттарын атаңызшы?
– Сыбайласым – елім, оны қоштаған – бір өзім, көрген – екі көзім, – деді Бекболат.
– Үшқоңырдағы бата не жайлы болды? Және ол батаны берген кім? Соны айтыңызшы?..
– «Қазақтан солдат алмаймын» деген антын бұзған ақ патша оңбасын!» деп бата берілді.
– Айыпкер Әшекеев, Сіз ата жолын қуып, өзіңізді хан жариялапсыз ғой. Соны айтыңызшы?
– Мені дарға ассаңдар, сонда «қан» болады. Қан төгу сендердің қолдарыңда, – деді Бекболат Левашевті табалай түсіп, аз қалған өмірін жұдырығына жұмып отырған жаудан жасқанбай.
Сот мүшелері Бекболаттан бірнеше рет жауап алды. Бірақ халықтың адал ұлы, ержүрек ардагерінің: «Халқым, сендердің ешқайсыңды да жылатпаймын. Бар кінәні өз мойныма аламын. Сендер үшін құрбан боламын» дегені, айтқанын орындауы оның адамға деген шексіз сүйіспеншілігін, жау алдындағы қайсарлығын, батылдығын, бірбеткейлігін, алдына қойған мақсатына беріктігін байқатады. Бұл ойымызды Бекболаттың тергеушілерге берген мына жауабы да толықтыра түседі. «Ешкіммен байланысым болған жоқ. Көтерілісті өзім ұйымдастырдым», – деп өлім тұзағын саналы қарсы алады. Көпшіліктің құрбаны болуға бекінеді.
Бас-аяғы бір күн ішінде әскери сот Бекболат бастаған 13 адамды (ішінде Бекболаттың үлкен баласы Әбділдә бар) ақиқат-айғақсыз ең ауыр жаза – дарға асуды ұйғарды. Бекболат Әшекеевке «заңсыз съезд шақырды», «елді көтеріліске үндеді», «өзін хан жариялады» деп оны және оның жақын серіктері Тамабаевты, Бекбатыровты, Сыпатаевты, Әбдірашевті, Сатқыновты, Қасымбековті қылмыстың ең ауыр жазасына – дарға асуға үкім шығарды. Үкімді Фольбаум сол күні бекітті.
Бұл қыркүйектің 8-і күні болатын. Қыркүйектің 9-ы күні.
Таңазанғы елең-алаңда абақтының көп камераларының бірінен:
– Молданы әкетті! Молданы әкетті! Ләйлаһа иллалаһ! – деп сүрен салған бір тұтқынның жанайқайы шықты. Молдасы – Бекболат. Бекең сол аз күннің ішінде абақтыда «молда» атағын алған. Ажал аузында жатса да бес уақыт намазын қаза етпеген, тұтқындардың басын сәждеге жығып, өзі имамдық жасаған.
Сәске әлетінде мылтық кезеніп, қылыш көтерген айдауыл Бекболаттарды күні бұрын дайындалған жерге айдап келді. Губернатордың әмірімен төңіректегі дүйім ел осында айдаумен келтірілген. «Көрсін, түге! Шошысын! Дәрмені қашсын!» – деген Фольбаум үкімін іске асырды. 
Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің сол жылғы 12 желтоқсандағы бұйрығы бойынша Жайылмыс болысының 23 адамы қосымша тергеуге тартылып, әскери соттың қармағына ілікті. Бас-аяғы үш күн ішінде әскери сот 14 адамды «бүлікші» деген айыппен өлім жазасына кесті. Олардың ішінде: Әшекеев (Бекболаттың ортаншы баласы), Әбішев, Аманбаев, Нұрабаев, Сұлтанов, Аманжолов, тағы басқалары бар. Куропаткин сот үкімін ірікпей 22 ақпанда бекіткен, бірақ сол күндері Петроградта Ақпан көтерілісі басталып, ол үкім орындалмай қалды, сонда да елді меңдеген езгілік дерт асқындаған бетінде қала берді.
Үшқоңырда сұрапылда оққа сойыл сермеп, азаттық үшін өлімге жол тартқан Мұсабай Рысқұлұлының, Көпесбай Бижанұлының, Сағындық Жанысбайұлының, Иісбай Самалұлының, Әмір Шуақұлының, Сәрсенбек Қошақұлының, Бұғыбай Құрманбайұлының, Сұлтанбай Кебекбайұлының, Елеусіз Бағылұлының ерен ерліктерін бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс. Бабалардың батырлығын, олардың ел үшін өлімге жол тартқан қайсарлығын, біз үшін бітімсіз қалған сол бір қантөгісті білсе екен дейміз. 
Бекболаттың азаттық ұраны, көтеріліс дүбірі сарқыла қоймаған 1936 жылы бұл оқиғаны жазушы Дәулетбаев қағазға түсірген (Еркебай Қойшыбаев. Үркіншілік жыл. «Қазақ әдебиеті», №20, 14 мамыр, 1996 жыл; Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мұрағаты, 76-қор, 510-іс, 385-397-беттер). 
Жайылмыс болысындағы көтерілісті дайындаған, оған басшылық еткен Тоқаш Бокин екендігі айқын сезіледі. Бекболат Әшекеевтің соғыс жоспары орасан еді. Оның батыстағы  Ботбай, шығыстағы  Албан, Қырғыздағы  Пішпек, Тоқпақ, Ыстықкөл көтерілістерімен тікелей байланысты болғандығын соттың протоколдары да дәлелдейді.
Ресей Думасының мүшесі, кейін уақытша өкіметті басқарған Керенский Қазақстан мен Орта Азиядағы 1916 жылғы көтерілісті басып-жаншудың сорақы асқындағанын «Бұл өмірде мұндай сұмдық геноцид бұрын-соңды болмаған» деп жазды.
Бекболат Әшекеев бастаған ұлт-азаттық көтерілісі жеңіліспен аяқталды. Рас, патша жендеттері бас көтерген қазақты атты, шапты, түрмеге салды, дарға да асты, бірақ тәуелсіздікке деген елдің ұлттық рухын жоя алмады.
Патша жендеттері көтерілісшілерді ғана емес, олармен бірге бейбіт халықты да қатал жазалады. Жалпы, Түркістан өлкесі бойынша мыңдаған көтерілісші сотқа тартылып, 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге отыруға кесілді (ҚР ОММ, 46-қор, 1-тізбе, 385-іс, 42-п).
Қатал қуғын-сүргінге ұшыраған 300 мыңнан астам адам немесе Жетісу өңірінің тұрғылықты халықтарының төрттен бір бөлігі атамекендерін тастап кетуге мәжбүр болды. Сондықтан да Жетісуды мекендеуші тұрғылықты халықтар 1916 жылды тек қана көтеріліс жылы емес, сонымен бірге «Үркіншілік» (үрке көшу) жылы ретінде көп уақыт ұмыта алмады.
Бекболат Әшекеев дарға асылғанда жұрт күңіреніп кетті. Күнде ертеңгісін ел жиылып келіп қараса дарға асылған батырдың табаны жерге тиіп, жерді басып тұрады.
Жібі созылып, денесі ұзарып екі табаны жерді басып тұрғанын көріп қалың жұрт: «Арда ардағымыз-ай, асыл еріміз-ай» – деп қан жылайды.
Болыс Сәт Ниязбекұлы Мақыш Райымбекұлы, Омарбек Жантаев, Оразалы Күртібаев бастаған жеті наркескен өжет жігіттерді жинап:
– Батыр Бекболатымның сүйегін алып келіңдер, соның жолында құрбан болсаңдар өзім жаназаларыңды шығарамын, – депті көзінен аққан жасы сақалынан алты тарам болып ағып.
Мақыштар серіктерімен түн жамылып жүріп, екі казак сақшыны өлтіріп, Бекболат батырдың денесін дардан алып кетіп, Сәт болысқа әкеледі. 
Сәт болыс шымы қалың жерден ақым қаздырып, өзі құранын оқып жаназасын шығарып көміп, бетін шыммен қайта бекітіп тастайды. Казак солдаттар ары-бері шапқылап іздейді, бүкіл бейіт-зираттарды қарайды, Бекболаттың денесін таба алмайды.
Үшқоңырдың етегінде отырған бүкіл бала-шаға, туыстарын қатаң сұраққа алады. Олар білмейтіндерін айтады.
Барлық бала-шағасын, жақын бауыр, туыстарын Верныйға жаяу күйінде айдайды. Жол-жөнекей еркек біткеннің бәрінің оң қолдарын ұрып сындырып, ал әйелі мен қыздарының оң көздерін винтовканың штыгымен ағызып жібереді.
Әшеке тұқымы содан соқырлар мен шолақтар елі атанады. Кеңес өкіметі орнап, аман қалғандар фамилияларын өзгертіп, басқа елге сіңіп кетеді. Қуғын-сүргін кейінгі жылдарға дейін созылады.
Батырдың дарға асылған жері Боралдай жотасына кезінде орталық архив директоры Марат Хасанаев, Әлімқұл Жамбылов, Хамза қажы Екейбаевтарды апарып, теледидарға түсіріп, сол жерге Құран оқытып, құрбан шалдырған едім. Аруақ, оның ішінде қасиетті әулие, аруақ. «Дүниеден өткен соң жүз жыл жерде боламын, жүз жылдан соң елде боламын» – деп айтады екен.
Биыл Қарасай ауданындағы Бекболат ауылында халық батыры, азаттық үшін арыстандай алысқан, тәуелсіздігіміз үшін жанын қиған Бекболат Әшекеев атындағы саябақ ашылды. Бұл – сол 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінде құрбан болғандардың рухына арналған лайықты ескерткіш деп бағалаймыз. 
Арада 70 жыл өткендегі 1986 жылы желтоқсан көтерілісі – сол он алтыншы жылғы көтерілістің заңды жалғасы, рухы қайсар қазақ елінің тәуелсіздікті аңсаған ерекше бұлқынысы еді.
Үшқоңыр тауы толғанып, толғатып 1916 жылдан кейін, арада 24 жыл өткенде бұл қасиетті асқар тауда маңдайы жарқыраған  Нұрсұлтан есімді ұлды өмірге әкелді. Нұрсұлтан Әбішұлы – еліміздің бағы болып, тәуелсіздігімізді бейбіт жолмен алып берді, тәуелсіз Қазақстанды әлемге мойындатты.
1916 жылы Бекболат батыр Боралдайда дар алдында соңғы сөзіңді айт, патшадан кешірім сұра дегенде:
Рас, мен соғысуға шықпақ болдым,
Басыңды жер астына тықпақ болдым.
Еңіреген елім үшін соғыс ашып,
Ақ патшаның тұқымын құртпақ болдым, – деп қасқайып тұрып айқай салыпты.
Ал 1986 жылғы Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбекұлы: 
«Қазақ деген атым бар,
Атам десең атыңдар!» – деп басын имей, тәуелсіздік жолында құрбан болды ғой қайран ер! 
Қайран қайсар рухты, қайтпас қара нардай батырлар осылар емес пе?!
Бекболат Әшекеев басқарған көтеріліс жайлы Зейін Шашкин, Ғ. Сапарғалиев, Есберген Естаев, Х. Тұрсынов, Ғ. Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Балғабек Қыдырбекұлы, Мейрамбек Төлепбергенұлы, Төлеу Көлбаев, т.б. көптеген ғалым, жазушы, журналистер қалам тербеді, арнайы ғылыми жинақтар шықты. Әсіресе, қазір жүзге келген ардагер – қаламгер журналист Үсенбай Тастанбеков ағамыз көп зерттеп, құнды деректерді жазды.
1916 жылғы көтерілістің жалынды жыршылары Жамбыл, Үмбетәлі Кәрібаев секілді атақты ақындар ел-жұртын, көтерілісшілерді жігерлендірді. Жамбыл Қастек, Шиен көтерілісшілерінде болып, азаттық жайлы жар сала жырлады, кейін Үшқоңырда қайсар сарбаздармен күндіз-түні бірге болып, жалынды өлеңдерін айтты. Шүкітай және басқа да ақындар көтерілістің бел ортасында жүрді. Иса Дәукебаевтың «Бекболат» поэмасы оқулықтарға енгізілді. 
Шамалғанның ауылым жағасында,
Кім жетеді асылдың бағасына.
Ардақты аға сен едің, ер Бекболат,
Тұлпар мініп, ел бастап барасың ба? – деп жырлапты Шүкітай ақын. Бүгінгі азат елдің ұрпақтары жетпесе, кім жетеді асылдың бағасына?
Бұл аталарымыздың ерлігі – ұлт-азаттық қозғалысы тарихында батырлық пен батылдықтың, азаттық аңсаған елдің рухының биіктігін танытатын адалдық пен азаматтықтың символына айналды.
Кеше мен бүгін үшін талассаң ертеңіңнен айырыласың. Өткенді құрметтеу – болашаққа үлгі өнеге. 
Бағалай білмегенге бақ қонбайды.
Қуана білмегенге құт қонбайды.
Ел-жұртымызға береке-ынтымақ берсін, Бекболаттай арыстарымызды бағалай білейік.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы