Теңге - тәуелсіздік белгісі

Уақыты: 16.11.2018
Оқылды: 1034
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық қазынашылық департаменті мен аудандық қазынашылық бөлімінің қызметкерлері Қаржыгерлер күнін атап өтті. Департамент жиынжайында кездескен сала мамандары  қаржыгерлердің қоғамдағы орны жайлы әңгіме өрбітіп, өңірдің экономикалық ахуалы турасында сөз қозғады.

Жиында облыстық қазынашылық департаментінің директоры Таңат Айдарбеков әріптестерін құттықтады.
– Елімізде 15 қараша – айтулы күн, өйткені, барша қауым Ұлттық валюта және Қаржыгерлер күнін мерекелейді. Бұл күн –  еліміздің мәртебесін көтеру үшін қызмет ету жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан, елдің алғысы мен ықыласына бөленген қаржы қызметкерлерінің төл мерекесі. Ақшамен жұмыс істеу өз кезегінде жауапкершілік пен белсенділікті талап етеді. Заман талабына сай қазір экономикамыз да күрт дамудың үстінде. Сондықтан да, қаржыгердің бойындағы маңызды байлығы – оның жұмыс барысында есте сақтауының жақсы болуы, шығыс пен кіріс құжаттарын тиянақты жүргізудің кәсіби маманы атануы. Сонымен бірге, барша қазақстандықтар Ұлттық валюта күнін атап өтеді. Теңге күні ел тәуелсіздігінің бір белгісі. Осындай шуақты күнде қаржыгерлерге кәсіби жетістіктер тілеймін, – деді ол.
Осыдан кейін мекеме басшысы жыл бойы табысты еңбек етіп, жұрт ризашылығына бөленген бір топ қызметкерді марапаттады. Сол қатарда Айжан Қойшыманова ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал облыстық қазынашылық департаментінің қызметкерлері Гүлнар Атажанова мен Шолпан Нұриева облыс әкімінің Құрмет грамотасын алып, мерейленді. Сондай-ақ, қазынашылық саласының бір топ қызметкерлері Дәулет Сайлыбаев, Алтынгүл Әбутәліпқызы, Венера Нығметжанова, Еркебұлан Нұрқалиев, Наргиз Таипова, Гүлжан Бекмұханбетова, Әлемгүл Сүлейменова, Айгүл Рысқұловалар облыстық департаменттің Құрмет грамотасын иеленді. 
Мерекелік шара аясында ардагер қаржыгерлер мен жас мамандар да сөз алып, өздерінің мерекелік тілегін жеткізді. Сонымен қатар, тапқырлықты талап ететін қызықты ойындар ойналып, жеңімпаздар анықталды. Шара соңында Жандос Смағұлов бастаған “Талдықорған әуендері” фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары әннен шашу шашып, кеш шырайын аша түсті.

Қажет АНДАС,
“Жетісу”