ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ҮЛГІСІ

Уақыты: 29.11.2018
Оқылды: 1468
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

  Елімізде дәріс алу мен білім берудің жаңа әдістері күн тәртібіне енгізіліп, Тәжірибе алмасуға ерекше көңіл бөлінуде. Осындай бір игілікті шара Бақанас орта мектебінде жалғасын тапты. Жақында ұйымдастырылған семинар білім беру мәселелерін шешуге арналды.

 

   Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Назарбаев зияткерлік мектебінің іс-тәжірибесін мектептерге енгізу керек» – деген ұсыныс тастады. Бұл – ел болашағын ойлаудан туған тұжырым.  Бастама  әр жерде қолдауға ие болды. Көптеген мектептерде шаралар ұйымдастырылды. Мұғалімдер арнайы деңгейлік курстардан өтіп, жаңа форматты сабақтар өткізуде. Білім шаңырақтарында сабақ өткізудің жаңа тәжірибелері қолданысқа енгізіліп, инновациялық жұмыстар жүргізілуде. Орта мектеп сабақтарын терең талдау, жан-жақты саралау негізінде  білім берудің мазмұнын жаңарттық. 
  Әрине, жаңалықты, жаңашылдықты қабылдауда түсініспеушілік орын алатыны заңдылық. Сондықтан  ұсыныстар әлеуметтік желіде талқыға түсуде.  Бүгінгі таңда сабақты бағалау жүйесі қиындық туғызуда. Оны ата-аналарға түсіндіргенмен бірден ұғынып кете алмағаны анық. Қуанышқа орай, «Мектеп – оқушы – ата-ана» үштігінің  бірлескен жұмысы  нәтижесін беруде.  Облыстық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының шалғайдағы Балқаш ауданына барып, «Білім берудегі өзекті мәселелер: критериалды бағалау және оқытудың жаңа стратегиялары» тақырыбындағы оқыту семинарын өткізгендігі қуанарлық жайт. Оқу-әдістемелік орталық семинарда сабақ үрдісін саралау, критериалды бағалау және оқытудың жаңа стратегияларын қолдану, білім берудің өзекті мәселелерін анықтау және шешу жолдарын ұсыну, сондай-ақ, ұстаздар құзыреттілігін қалыптастыру жайын кеңінен талқылады. Кемшіліктерді жойып, сабақ берудің озық үлгілерін қолданысқа енгізудің әдістері қарастырылды. 
   Семинардың алғашқы кезеңінде Бақанас орта мектебінің мұғалімі Л. Өскенбаева «Астана қаласына саяхат», №1 Жамбыл атындағы орта мектептің мұғалімі А. Орынбаева “Ас қорыту жүйесі”, Ақдала орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі С.Тазабекова «Қарахан мемлекеті», Ақдала орта мектебінің мұғалімі А. Халықова  «App Inventor» бағдарламасын пайдалана отырып, ұялы телефонға қосымша жүктеу», №2 Жамбыл атындағы орта мектептің мұғалімі Г. Әбішева «Қанның құрамы мен қызметін сипаттау», №1 Жамбыл атындағы орта мектептің технология пәнінің мұғалімі С. Түменбаева «Әртүрлі бұйымдарды ілмек бізбен тоқу» тақырыбында сабақ өткізді. Сабаққа қатысушылар дәріс берудегі тиімді тәсілдер жайлы ойларын ортаға салып,  сабақты саралады.  Білім беру саласының мамандары арнайы курстардан өткенмен сол сабақты қолданысқа енгізіп, жаңа әдісті әріптестерімен талқылап, тиімділікті айтпаса білім нәтижесін бермейтіні анық. Осы орайда, семинар жұмысы бойынша түске дейінгі жоспарланған жұмыстарды бір мәрте саралау және сөз болған мәселелерді шешу жолдарын ұйымдастыру мақсатында аудандық әдістемелік кабинеттің аға әдіскері А. Смағұлов «Критериалды бағалаудың мүмкіндіктері мен ерекшеліктері» тақырыбын таныстырса, аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскері Ж. Қойшығұлов «Қалыптастырушы бағалау – сапалы білім негізі» тақырыбында коучинг өткізді. Мұғалімдер арасында жекелеген мәселелер бойынша талдау, талқылау жұмыстары жүргізілді.
  Түстен кейінгі сабақ аудандық әдістемелік кабинет әдіскерлері тарапынан үйрету, әдістемелік көмек беру бағытына арналды. Бұл шара көпшіліктің көңілінен шықты. Атап айтқанда, аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскерлері А. Омарханның математика пәнінен өткізген «Квадраттық функция», Ж. Төлеубекованың «Тарих сабағында балаларды сыни тұрғыдан ойлауға дағдыландыру жолдары» және П. Абенованың «Жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқытудағы белсенді әдіс-тәсілдердің тиімділігі» шеберлік сыныбы, Н. Үкібасовтың «Не? Қайда? Қашан?» деген тақырыптағы іскерлік ойыны жаңартылған әдіс-тәсілмен өткізілді. Шара барысында осындай шеберлік сабақтардан үйренеріміз көп екені айтылды.   
   Облыстық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскерлері  Гүлназ Далабаева,  Алтынбек Тұйғымбеков бүгінгі семинардың өткізілуі, қазіргі білім мазмұнын жаңартудың ерекшеліктері, еліміздегі «Білім саясаты» бойынша алдағы кезеңдердегі міндеттеріне кеңінен тоқталды. 

Семинар соңында Д. Қонаев атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Дәрменова семинардың жоғары деңгейде өткендігін айтты. Жүргізілген жұмыстардан Выготскийдің ЖАДА-сы бойынша еңбектенудің нәтижесін көрдік. Сондай-ақ, Блум таксономиясын сабақты жоспарлаудың өзегіне айналдырудың нәтижесін сезініп қайттық.

Назым МАЛИБЕКОВА, 
Жиделі орта мектебінің мұғалімі
Балқаш ауданы