ЖАҢА КОЛЛЕДЖ БІРНЕШЕ МАМАНДЫҚТЫ МЕҢГЕРУГЕ МҮМКІНДІК АШПАҚ

Уақыты: 06.12.2018
Оқылды: 1532
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Биылғы оқу жылында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті жанынан колледж ашылды. Жаңа ашылған оқу орнының болашағы, облыс жастарына берер игілігі туралы колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Марат Мәлтекбасовтан сұрап білген едік.

 

– Марат Жабықбайұлы, жаңа ашылған колледждің облыс жастарына берері не? Онда қандай мамандықтар  оқытылмақ?
– Елбасы Н. Назарбаев оқу жүйесіне құрылымдық өзгеріс қажеттігін, білімді экономиканың бір бөлшегі ретінде қарау керектігін атап өткен еді. Оқу орындарының да мәртебесін түлектердің жоғары табысты жұмысқа орналасуымен өлшеу қажеттігін алға тартқан. Осы орайда колледжді ашудағы мақсатымыз – көпдеңгейлі білім беру моделін енгізе отырып, түлектеріміздің бірнеше мамандықты қатар игеріп шығуына мүмкіндік ашу. Ондай маманның жұмыс табуы да қиынға соқпасы анық. Әрі бірнеше мамандықты меңгерген адам істің тетігін де жақсы білетін болады. Өйткені, ол жан-жақты білім алып, тәжірибе жинақтап машықтанады. Осылайша еңбек нарығында түлектеріміз сұранысқа ие маман болады деген сенімдеміз. Бүгінде біз 8 мамандық бойынша лицензия алдық. Атап айтар болсақ, бұл қатарда жиһаз өндірісі, ағаш шебері, тігін өндірісі және киімді модельдеу, полиграфиялық өндіріс, мектепке дейінгі білім беру, қонақүй шаруашылығы қызметін ұйымдастырушы, бала күтушісі (гувернантка), үй қызметшісі (горничная) сынды жұмысшы мамандықтар бар. Бұдан басқа да бастауыш сынып мұғалімі, орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, заңгер, дизайнер, ақпараттық сала маманы, туризм, қаржы, аударма ісі бойынша орта буынды мамандарды да оқытпақпыз. Барлық мамандық бойынша бакалавриаттық дәрежеде білім беріледі.
– Ең бастысы – білім сапасы. Осыншама мамандықтарды оқытуда оқытушылық құрам, материалдық-техникалық база қалыптасқан ба?
– Сапаға бірінші кезекте көңіл бөлінеді. Жетісу мемлекеттік университетінде сапалы оқытушы-профессорлық құрам қалыптасқан. Демек, колледж білімгерлері мықты тәлімгерлерден, ғылым докторлары мен кандидаттарынан білім алады. Сондай-ақ, олар университеттің заманауи оқу зертханаларының мүмкіндігін пайдаланады. Кәсіптік-техникалық біліммен, жұмысшы мамандықтарымен шектеліп қалғысы келмейтін жастар үшін бакалавриат, магистратура, доктарантурада оқып, ғылымның шыңына шығуына, оқытушылық қызмет атқаруына мүмкіндік бар. 
– Колледжде қолданылатын оқыту жүйесі, бағдарламалары туралы да айтып өтсеңіз.
– Студенттер кредиттік оқу жүйесі бойынша білім алады. Бұл жүйе бүгінде мектептерге де енгізілуде. Тоқсандық және бөлімдік жиынтық бағалау жүйесі – бұл кредиттік жүйеге өтудің алғашқы сатысы. Мұнда оқушылардың функционалдық дайындығы негізгі рөл атқарады. Кредиттік технологияның ерекшелігі – білім алушы пәндерді ғана емес, оқытушыны да өзі таңдай алады. Болашақта оған не керек, керек емес екенін таңдап, өз білімін өзі дамытып, интеллектуалдық деңгейін көтере алады. Министрдің айтып өткеніндей, қазір физика мамандығы бойынша білім алып, оған қосымша заңгерлікті де меңгеруге болады. Міне, бұл дегеніңіз бәсекелестік. 
Университет қабырғасында модульді білім беру бағдарламасы да кеңінен қолданылады. Бұл жүйені де колледжге енгізбекпіз. Ол білімгерге бір жылдың ішінде бір емес, бірнеше жұмысшы мамандығын меңгеруге мүмкіндік береді. Білімгер білім беру процесінің әр деңгейінен кейін қаласа ары қарай оқуын жалғастыруына немесе өндіріс орнына баруына болады. Бізде білім берудің әр кезеңінен кейін түлектердің жұмысқа орналасуын қадағалап отыруға мүмкіндік бар. 
– Қоғамда кредиттік жүйеге өту арқылы дәстүрлі білім беруден біржолата ажырап қалмаймыз ба деген қорқыныш бар. Осы туралы ойыңызды білсек.
– Кредиттік жүйеге өту арқылы біз ештеңе жоғалтпаймыз, білім беру жүйесі ашық, икемді, бүгінгі заман талабына сай болады. Бұрын соңды біз есте сақтау қабілетіне ғана жұмыс жасасақ, бүгінде студенттерге дайын нәрсені қабылдатып қана қоймай, білімді өз бетімен алуға және іс жүзінде қолдана білуге үйретеміз. Мұның берері мол.
– Бүгінде дуальды оқыту туралы көп айтамыз. Ол колледжде қолданыла ма? 
– Әлбетте. Дуальды оқытудың артықшылығы – білімгерлер оқу уақытының 60 пайызын өндіріс ошағында тәжірибе жүзінде өткізетіндігі. Демек, ол дайын маман болып шығады. Бұл жұмыс берушілердің өзіне қажетті кадрды тәжірибелік сынақтан өту кезінде таңдап, ары қарай жұмысқа қабылдауына мүмкіндік ашады. Дуальді оқыту бойынша кәсіпорындармен келісімшарттар жасаудамыз.
– Оқу тегін бе?
– Елбасы Н. Назарбаев бірінші жұмысшы мамандығын тегін оқыту туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан студенттер жұмысшы мамандықтары бойынша тегін білім алады. Басқа мамандықтарға қатысты да мемлекеттік тапсырыс негізінде грант болады. Оқу-білімге ұмтылған, мамандық алып, оның сырын меңгеріп, шыңына шығамын, ары қарай оқуын университетте жалғастырамын деген жастар үшін колледж есігі ашық.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан 
Алма Есенбаева