"SAMǴAÝ-2018": ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК ЖУРНАЛИСТЕР

Уақыты: 07.12.2018
Оқылды: 1577
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жарық кеудесіндегі жұдырықтай жүрегіне жұмыр жердегі түрлі жаңалықтарды толтырып, қасиетті мамандығының жолында маңдай терін сорғалатып жүрген жетісулық журналистер маңғаз басып, жаңа театр ғимаратына енді. Б.Римова атындағы саф өнердің сарайында сәлден кейін облыс әкімінің жүлдесі үшін дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан журналистердің «Самғау» байқауының жеңімпаздары марапатталмақ. Сәл кідіріп, ақпарат айдынында құлаш сермеген журналистерге бажайлап қарасаң, жүздерінде нұр ойнағанын аңдайсың. Жылына бір рет өтетін дүбірлі додада топ жарып, өңір басшысының қолынан сыйлық алып жатса, көңілі дарқан әріптестеріміз қалайша толқымасын деп түйдік.

 

Көп өтпей, теңіздің асау толқынындай күй кешкен журналистерді марапаттау сәті жетті. Алқалы жиынның шымылдығы хакім Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен ашылды. Шара жылдағыдан ерекше, атап айтқанда, үш тілде жүргізілді. Кеш тізгінін "Хабар" агенттігінің белгілі журналисі Нұрсұлтан Құрман мен "НТК" телеарнасының қызметкері Екатерина Краснова ұстады. Алғашқы сөзді облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ алды.
– Құрметті журналистер! Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жарқын жетістіктер мен толайым табыстар елім деген әрбір азаматтың көңіліне қуаныш сыйлайды. Ал сол жетістіктерге жетісулықтардың да қосқан үлесі зор. Біз мәдениет пен әдебиет, әлеумет, экономика сынды сан сала бойынша толымды көрсеткіш көрсетіп келеміз. Талдықорған шаһары көрсе көз тоймайтын сұлулыққа ие болды. Құрылыс саласы жанданып, зәулім де әсем ғимараттар сап түзеді. Бұл сіздер мен біздің ортақ жеңісіміз, – деген облыс әкімі ақпарат айдынында жемісті желкен көтеріп келе жатқан журналист қауымына бүгінгі игі басқосуға келгендері үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, жайдарлы жаңалықтарды жеке-жеке атап өтіп, облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық мерейтойы ел көлемінде жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, өңіріміздегі 6 журналист «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін омырауына таққанын, қос басылымның 6 қызметкері баспаналы болғанын тілге тиек етті.

Өңір басшысы өз сөзінде «Жетісу» газеті «Үркер» сыйлығын «Үздік өңірлік басылым» номинациясы бойынша, «Жетісу» телеарнасы «Тұмар» сыйлығын «Үздік өңірлік телеарна» аталымы бойынша қанжығалағанын да атаусыз қалдырмады. Сөз орайы келгенде өңіріміздегі әдебиет саласында жүрген қаламгерлердің де жарқын жеңістерін жетісулықтардың ортақ қуанышы екенін жеткізді. Облыстағы өркенді істер тілге тиек етілген ақжарма ниеттен кейін өңір басшысы оза шапқан ақпарат құралдарының қызметкерлерін марапаттау рәсіміне көшті.

Өлке журналистері үшін жылдың басты сыйлығы саналар «Самғау» байқауы 11 аталым бойынша өтті. Байқауға Жетісудағы журналистерден 143 материал қабылданған. Дегенмен, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар саналғандар санатында бұқаралық ақпарат құралдары саласының 33 қызметкері бой көрсетті. Аталымға және жеңімпаздарға жекелей тоқталсақ, «Баспа басылымының ең үздік дизайны, инфографикадан» «Талдықорған» газетінің дизайнері Зарина Чечетова, «Үздік бейне клип (монтаж) өңдеушіден» «Жетісу» телеарнасының режиссері Данияр Мұстафаев, «Үздік облыстық Vlog немесе үздік блогерден» «Atameken Business Channel» сайтына шыққан «Қаусаған қабырға, шайқалған шаңырақ» мақаласы үшін «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас бірінші тұғырдан көрінді. «Үздік желілік басылымнан» "ТІNFO" сайтының жетекшісі Талғат Абылаев, «Үздік тілшіден» (ауданаралық) Ескелді аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі Алима Нүсіпова, «Үздік фотосуретшіден» «Рухани жаңғыру» фотогалереясы үшін Жеңіс Ысқабай жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, «Үздік оператор» аталымынан «Хабар 24» телеарнасының операторы Олжас Байбосынов алға озды. Ал «Үздік журналист» (облыс және қалалық) аталымы бойынша қалалық «Талдықорған» газетінде жарияланған «Үнсіздік әлемі» мақаласы үшін Айгүл Оқбаева бірінші орын иеленді. «Үздік тележурналист» номинациясымен «Хабар» агенттігінің тілшісі Гүлнұр Жантасова, «Үздік республикалық (халықаралық) тілші» аталымы бойынша республикалық «Литер» газетіне шыққан «Текели: вчера, сегодня и всегда» мақаласы үшін Серік Малеев қатарынан оза шапты. «Облыстық журналистика саласына қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша (ардагерлер арасында) журналистика саласында 60 жыл еңбек еткен Әли Ысқабай марапатталды.

Облыс әкімінің "Самғау" байқауында ғасыр жасаған «Жетісу» газеті жақсы нәтиже көрсетті. Олай дейтініміз, ата басылымның бірқатар қызметкері жүлдегерлер қатарынан табылды. Мәселен, «Үздік желілік басылым» аталымы бойынша «Жетісу» газеті сайтының веб-редакторы Қуаныш Тұнғатар үшінші (100 мың теңге), «Үздік фотосуретшіден» аға фототілші Жұмабай Мұсабек екінші орындарды (200 мың теңге) еншіледі. Оған қоса, «Үздік журналист» аталымында газетіміздің қос қызметкері - («Миллиондарды мойындатқан Мұқали» мақаласы үшін) Қуаныш Тұнғатар екінші (300 мың теңге), Меруерт Молдағалиева ("Өнеркәсіп пен өндіріс қашан қазақшаланады?" мақаласы үшін) үшінші орын (200 мың теңге) иегері атанды. Ал «Үздік облыстық Vlog немесе үздік блогер» номинациясында газетіміздің тағы бір тілшісі Мәулен Әнербай екінші орын (200 мың теңге) иегері болды. Байқауға биыл қосылған «Баспа басылымның үздік дизайны, инфографика» номинациясының екінші орнын газетіміздің беттеуші-дизайнері Мөлдір Мұраталинова (200 мың теңге) жеңіп алды.

Шара тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Құрман сөз арасында "Жетісу" газетінің 100 жылдығына орай футболдан өткен республикалық турнирге бүкіл БАҚ құралдары белсене қатысқанын, мұндай жарыс бұрын-соңды ұйымдастырылмағанын, Талдықорғаннан бастау алған біріншілік қазіргі таңда өзге өңірлерде де жанданып жатқанын мақтанышпен жеткізді.

Шырайлы кештің соңында Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Алматы облысының Құрметті азаматы, ақын, жазушы Әли Ысқабай сөз алып, облысымызды биік белестерге бастап келе жатқан өңір басшысы Амандық Баталовқа алғысын білдірді. Сонымен қатар, халық пен билік арасына алтын көпір болған журналистердің қасиетті де қастерлі борышының жүгі ауыр, өтемі күшті екенін тілге тиек етіп, Жетісу топырағындағы ақпарат өкілдеріне асқардай тұғыр, алмастай намыс, шығармашылықтарына жеміс тіледі.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы