ҚАРШАДАЙ ҚЫЗ, ҚАРШЫҒАДАЙ ҰЛ ҚУАНТТЫ

Уақыты: 23.01.2019
Оқылды: 1204
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Ұлы Даланың иесі болған қазақ халқының сан ғасырлық тарихына зер салсақ, дана да батыр, ақын да шешен, кемеңгер де көсем бабаларымыз ұлт болашағы болатын ұрпағының ертеңіне ерекше көңіл аударған. Ол үшін бала тәрбиесін тал бесіктен бастап, ұлтын ұятқа қалдырмайтын ұрпақ өсіруді негізгі мақсатына айналдырған. Осы жолда «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт. Он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сырлас», – деген. Бұл – дала ділмары болған дана бабаларымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі ұстанымы.

Ал қазір заман басқа, қоғам бөлек. Бірақ жас ұрпаққа деген көзқарас уақытпен бірге жаңарып, жасампаз жастардың тәуелсіз еліміздің болашағы болуына сара жол ашылуда. Оның бірден бір дәлелі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылды Жастар жылы деп атауы. Жастар қашан да қоғамның қозғаушы күші. Бұл тілдің ұшындағы жаттанды сөз емес. Ақиқаты да осы. Ендеше жастарымызға осындай сенім артқан екенбіз, олай болса сондай деңгейде қолдау да қажет. Биылғы Жастар жылы тәуелсіз елімізді алты құрлыққа танытып, алып елдермен иық тірестіре алатын сан саладағы алғыр да білімді, зерек те, зерделі, намысты да қайсар жастарға қолдау көрсетілетін кезең. Бүгінге дейін де  мемлекет тарапынан жастарды қолдау аз болып жатқан жоқ. Ұлт болашағы, ел ертеңі болатын жас жеткіншектер осы сенімге сай өздерін білім мен ғылымның, өнер мен спорттың, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіптің биігінен көрсетіп, ел мерейін еселеуде. Астана төрінде өткен «Жастар жылының» салтанатты ашылуында біз тәуелсіз еліміздің Көкбайрағын көкке өрлететін сан салада жетістікке жетіп жүрген жастарды көріп, көңіліміз марқайып қалды. Соның ішінде өзіме ерекше әсер еткені ұлттық құндылықтарымыздың бірі, Ұлы Дала ұрпақтарының бабадан балаға мұра болып келе жатқан бүркітшілік өнерін бес жасынан бастап, қолға алып, әке ақылы, ана қолдауының арқасында осы бір бекзат өнер арқылы әлемге қазақ халқын танытқан Айшолпан Нұрғайыпқызының жұдырықтай жүрегін тебірентіп, көңілін толқыта айтқан ақжарма тілегі болды. Осы бір қаршадай қыздың саятшылық өнері арқылы әлем назарын аударып, ұлтын танытқаны біз үшін зор мақтаныш. Монғолияда дүниеге келіп, қазір тәуелсіз елінің жүрегі Астана қаласында білім алып жатқан , Айшолпан бабадан жеткен асыл мұраны ата қонысында да ары қарай жалғастырғысы келетінін жеткізді. Сонымен біреге, Елбасына «Монғолиядағы аттың төбеліндей қандастырының ортасына барып, жат топырақта жүрген қазақ халқының рухын бір асқақататып кетсеңіз», деген перзенттік тілегін де айтып, елдің ықыласына бөленді.

   Екіншісі Қазақ-Британ университетінің екінші курс студенті,  он үш жасар Абзал Мырзаш. Бабаларымыздың: «Озар елдің баласы – он бесінде баспын дер, тозар елдің баласы – отызында жаспын дер» дегеніндей он үш жасында ғылымның тереңіне бойлап, жаңа технологияның қарқындап дамып келе жатқан замынында жаңалық ашып, тәуелсіз елінің болашағы жарқын боларына көз жеткізе түсті. Абзалдың бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып, ел ертеңіне жасалған жарқын қадамның бірі – латын қарпіне көшуімізге қосқан үлесі. Ол ұсынған бағдарлама бойынша әлемнің кез келген жерінен компютердегі пернетақта арқылы-ақ қазақша жазабамызды жазып, тарата алатындығымыз. Екіншіден жас ғалымның ашқан тағы бір жаңалығы – конвертер бағдарламасы арқылы бір минуттың ішінде кирилицамен жазылған 1200 кітапты бірден латын қарпіне аударатындығы. Міне, осындай талапты да, талантты жастар шынымен де ұлт болашағы болары сөзсіз.

   Қазақтың осы бір қаршадай қызы мен қаршығадай ұлы бізге кеше мен бүгінді жалғап отырған алтын көпірдей әсер етті. Бірі бабалар аманатын ұмытпауымызды меңзесе, екіншісі қарқынды дамып келе жатқан жаңа технологиялар дәуірінде көштен қалмай, алдыңғы қатарда жүруге жол бастап тұрғандай. Абзал Мырзаш Елбасының екі жыл бұрын Қазақстан халқына арнаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында көтерілген қазақ әліпбиінің кирилицадан латын қарпіне көшуін жеделдетуге мүмкіндік туғызса, Айшолпан Нұрғайыпқызы өткен жылдың соңында ел Президенті ұсынған «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламасында айтылған  ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаудың айқын көрінісін көрсетті.

   «Жастар жылының» салтанатты ашылуында ел жастарының жан-жақты өркендеп, қанат жайып келе жатқанына куә болдық. Осыны көріп отырып, тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын боларына көңіліміз сеніп, еңсеміз бір көтеріліп қалды. Осы сәтте ғасырға жуық уақыт бұрын айтқан Алаштың алдаспан перзенті Мағжан Жұмабайдың: «Алаш атын аспанға, шығарар олар бір таңда. Мен жастарға сенемін!», – деген рухты жыры санамда жаңғырып тұрды.

Жұматай ОСПАНҰЛЫ.