КӨЗДЕРІ – ОТ, СӨЗДЕРІ – ЖАЛЫН

Уақыты: 23.01.2019
Оқылды: 1532
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кеше Арқа төсіндегі «Нұр әлем» павильонында «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылына арналған салтанатты шараның ашылу рәсімі өтті. Арманы биік, мақсаты айқын жастардың басын қосқан алқалы жиынға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қатысып, озық ойлы өрендердің жарқын жобаларымен танысты. Басқосуға түрлі салада топ жарған алғыр буын өкілдері, атап айтқанда, миллиардтардың құлақ құрышын қандырған Димаш Құдайберген, шахматтан шартарапты мойындатқан Жансая Әбдімәлік, көгілдір экранның көркін кіргізген Асылхан Төлепов, шаршы алаңда көк Туды желбіреткен Ибрагим Ескендір секілді сайыпқырандар жиналды. Салтанатты шараны бірнеше телеарна мен электронды сайттар тікелей эфирде таратты.

 

Мемлекеттік Гимнмен шымылдығын түрген шара өзгеше форматта ұйымдастырылды. Алдымен жастығына қарамастан өз саласында биікке ұмтылып, адал еңбегінің жемісін жеп жүрген буынға сөз берілді. Жиырмадан астам мейрамхана ашып, небәрі 23 жасында қомақты табысқа кенеліп отырған Расул Абдуллаев мінберге бірінші болып көтеріліп, көкейдегі арман-тілегін ақтарды. Жастар жылында берілген мүмкіндікті пайдалану – әрбір қазақстандықтың міндеті екенін айтқан ол болашақта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Маркетинг министрлігін құру туралы идеясымен бөлісті. Ал Тамила Розметова шалғай ауылда жүрген жастар үшін құрылған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының тиімділігін айта келе, Астананың айналасына алма ағаштарын отырғызу туралы ұсынысын жеткізді. Отандық ауылшаруашылығын дамытуды қолға алған қыз сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорынды басқарады. Сондай-ақ, бала кезінен өзі сүйетін мамандық иесі атанып, абырой арқалап жүрген жастар алма-кезек сөз сөйлеп, Елбасы алдында жарқын жетістіктерін паш етті. Солардың қатарында Айшолпан Нұрғайыпқызының орны бөлек.
– Мен сізбен кездесуді армандаған едім. Міне, бүгін сол арманым орындалған күн. Мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туып-өстім. Бірақ атамекенім Қазақстан екенін ешқашан ұмытқан емеспін, – деген қазақтың қайсар қызы «Нұр Орда» халықаралық мектебінде оқып жатқанын тілге тиек етті. Әлем елдері Айшолпанды «Бүркітші қыз» есебінде таниды. Қазақ қызының бүркіт баптау әдісіне қызыққан шетелдік кинорежиссерлер арнайы фильм де түсірген. Бүркітші қыз Елбасына қазақтың киелі құсын насихаттайтын мектеп құру туралы идеясын айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысына Алтайдағы аз қазақтың аманатын жеткізіп, Баян-Өлгейдегі Алаш жұртының ақ дастарқанынан дәм татуға шақырды.
Шарада өз кезегімен шығып, жалынды сөз сөйлеген жастардың қатарында 13 жа-сар студент   Абзал Мырзаш көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ол Елбасына қазақ тілін таңбалайтын латын графикасына қатысты жаңа екі жобаны таныстырды. Абзалдың айтуынша, жаңа жоба арқылы қазақ тіліндегі сөздерді әлемнің кез келген бұрышындағы пернетақтамен тере беруге болады. Ағылшын әріптері негізінде жасалған әліпби қазақ тіліндегі сөздерді жылдам жазуға ыңғайлы. Ал кирилл әріптерін латын қарпіне минут ішінде оп-оңай қотара салатын бағдарламалық жүйесі тіптен қызық. Дарынды жас дәл осылай 1200 кітапты аударуға болатынын сөз етті. Автор атындағы жобалармен танысқан Елбасы ақын-жазушылардың жинақтары қайда қалады деген мәселенің шешімі өзінен-өзі табылып тұрғанын жеткізді. Осындай озық ойларын Президент алдында мәлімдеген өнертапқыш Иван Крепак, жеті баланың анасы Жазира Тұрғынова, джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева секілді жас буын өкілдері – Ұлы Дала елінің әрбір тұрғыны үлгі алатын тұлғалар.

 

СЕНІМ АРТЫЛДЫ

Сан салада өзінің талантымен танылған жалынды жастардың форумда көтерген мәселелері, ұсыныстары мен  ақеділ ниеттері ерекше әсерге бөледі. Бүгінгі жаһандану дәуірі жастардың бойына үлкен жауапкершілік жүктейді. 

Сондықтан да әрбір қазақстандық азамат өзінің жалынды шағында ел үшін игілікті іс тындырып, Отанның гүлденуі, өз кәсібінің жандануы жолында тынбай еңбектенуі тиіс. Бұл орайда форум барысында сөз алған әрбір жастың бойынан біз атап өткен дүниелерді көріп, олардың рухты сөздерінен қуат алып, болашақ жолында аянбай еңбек етерін аңғардық. 
Көңілді көкжиекпен астастырғандай күйге бөлеген жастардың қатарында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Мерей Қарттың лебізі әдебиетке қолдау керектігін аңғартты. Ол қасиетті қаламның қуатымен тарих қатпарында жасырынып қалған ұлы оқиғаларды қайта тірілтіп жүрген барша жазарман қауымның атынан ниет білдіріп, әлемге қазақ жазушыларын таныту жолында жас қаламгерлердің академиясын ашу туралы өз ұсынысын білдірді. Сөз соңында рух жанитын жыр жолдарын паш етті. Әдебиетпен жаны егіз халықтың өкілі ретінде жалындаған жастардың қазақ тарихы мен өткенін тірілтуге зор үлес қосарына сенімдіміз. Сонымен қатар, сан салада толайым табысқа жеткен жастардың ертеңгі күні ел көшін өрге сүйрер бір-бір қайраткерге айналарына да шек келтірмедік. 
Форум барысында көтерілген әрбір мәселе мен ұсыныстар ел игілігі үшін. Сондықтан да ғылым мен білім, экономика мен сан саланың дамып, еліміздің озық өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылуы үшін жастардың атқаруға тиіс жұмыстары жетерлік. Бұл тұрғыда Елбасы: «Әркім өз мамандығы бойынша еңбек етіп, соның түбіне жетіп, елге жемісін көрсетуі керек. Әртүрлі бағытқа бір бара берудің қажеті жоқ. Өзің қалаған саланың саңлағы болуыңды ғана мығым мақсат етуге тырыс», – деген сарында айтқан парасатты пайымы ерекше әсер етті. Сондықтан да барша жалынды жандар үшін биылғы жыл берекелі, табысты болатынына сеніміміз кәміл!

Жандос БАУЫРЖАНҰЛЫ,
облыстық жастар ресурстық орталығының директоры  

АСЫЛ - ТАСТАН, АҚЫЛ - ЖАСТАН ​

Астана төрінде өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жас-тар жылының ресми ашылу салтанатын І. Жансүгіров атын-дағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары мен білімгерлері тікелей эфир арқылы тамашаладық. Алғашқы ке-зекте ел көлемінде танымал, білімді, іскер, өз кәсібін жүргізіп отырған жастардың жалынды сөздерін естіп, олардың жас та болса атқарып жатқан үлкен істерімен танысып, қанаттана түстік.​

Ал Елбасының сөзі бойымызға жігер беріп,  патриоттық сезімімізді ұштады. Біздің Қазақстанның болашағын қалайтын азаматтар екен-дігімізді тағы бір мәрте терең сезінуімізге мүмкіндік ашты. Елбасы биылғы жылды – Жастар жылы деп жариялауы тегіннен-тегін емес. Бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік. Біз тәуелсіз елдің ұрпағы Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асыру арқылы жастардың қолынан не келетінін дүниежүзіне танытуымыз керек. Олардың қолынан қандай іс келетінін сөзбен емес, іспен дәлелдеуіміз қажет. Осы орайда, биылғы Жастар жылында мен бірнеше жоба құрастырдым. Ол өз мамандығым бойынша және одан тыс бастамалар. Соның бірі – Алматы облысында жастардың арасында дебат клубын ұйымдастыру, екіншісі экотуризмді  қалыптастыру. 
Елбасы бүгінгі жастарға қарата айтқан сөзінде де еліміздің көрікті жерлерінің бәрін аралағанын, әсіресе Алматы облысында мақтан тұтарлық жеріміздің көп екендігін атап өтті. Бізде Шарын шатқалы, Алтынемел сынды өзгелерге мақтанышпен көрсететін табиғи бай-лығымыз жетерлік. Соны қолжетімді етіп туризмді дамыта білсек, еліміздің абыройы бұдан бетер арта түседі деп ойлаймын. 
Сондай-ақ, Елбасы «Ақыл жастан, асыл тастан» дей келе жастарды сапалы білім алып, ғылымды дамытуға, өркениет көшінен қалмай уақыт талабына сай адымдауға шақырды. Жас ғалымдарды қолдау мақсатында бөлінетін грант көлемін екі есе арттыруды тапсырды. Бұл бізге үлкен серпін берді.

Дидар Жұмахан,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті құқық және экономика факультетінің 2-курс білімгері

ЕҢБЕК МЕРЕЙ ӨСІРЕДІ

Елорда төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Жастар жылының ашылу салтанатын теледидардан тамашалап, үлкен әсер алдым. Жастарды әрдайым қолдайтын Мемлекет басшысының сөзі, тікелей эфирде атаулы жылдың тұсауы кесілуі мені ерекше тебірентті.​

Мыңдаған шақырымдағы алыс ауылда болсам да өзімді сол сәтте осы жиында отырғандай сезіндім. Еліміздің ең белсенді, ең табысты жастарының басқосуында шығып сөйлеген құрбы-құрдастарыма риза болдым. Сөздерінен олардың білімділігі, ойының жүйріктігі сезіліп тұрды. Ой-пікірлерімен бүкпесіз бөлісіп, батыл ұсыныстарын білдіруі өзім сияқты ауылдық жерде тұратын талай жасқа ой салады деп ойлаймын.
Мені атыраулық Тамиля Розметованың тірлігі қатты қызықтырды. Өйткені мен алыстағы ауылда мал шаруашылығымен айналысып, қой өсіремін. Оның асыл тұқымды ешкі өсіріп, одан алынған өнімді өндірістік жолға қоя білуі мені таңғалдырды әрі қызықтырды. Атакәсіптің шынайы жанашыры ретінде таныстырылған ол ешкі сүтін өңдейтін кәсіпорынның жұмысын жүргізіп, сүттен 15 түрлі өнім өндіреді екен. Ұжымында негізінен өзі сияқты жастар еңбек етеді. «Жер мені өсірді, жермен көркейдім» деген сөзінен қасиетті қара жерге деген махаббаттың лебі еседі. Аянбай жұмыс істесек, жаннатты өз қолымызбен орнатамыз деп батыл ұсыныс айтқанына тәнті болдым. 
Ата дәстүрді жалғастырушы бүркітші қыз Айшолпан  Нұрғалиқызы-ның, еліміздің солтүстік өңіріндегі Ақсу зауытының металл қорытушысы Александр Шутовтың сөздері де көңілімнен шықты.
 
Еламан ҚҰМАРБЕК, 
шопан 
Мәтібұлақ ауылы,
Жамбыл ауданы

Жиында Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы Жастар жылы атқарылатын жаңа міндеттерді баяндады. Олардың ішінде ерекше атап өтерлігі – Астана ашық университетінің құрылатындығы, «100 жаңа оқулық» жобасы аясында тағы да отыз кітаптың қазақ тілінде шығатындығы. Сонымен бірге, салтанатты шарада Қазақстан Жазушылар одағы Семей өңірі бойынша филиалының төрағасы Мерей Қарт Әдебиет академиясын құру туралы ұсынысын білдіріп, шығармашылық өкілдері атынан жүрекжарды жырын оқыды. Ал 27 жасында жеті бала өмірге әкелген Жазира Тұрғынова: «Мен бүлдіршіндерімнің келешегіне сенемін. Ел жастарын көпбалалы болудан қорықпауға шақырамын. Әр бала өз несібесімен келеді», – деді.
Жиын соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз алып, Қазақстанның бүкіл өрендерін Жастар жылымен құттықтады. Әрбір жастың жетістігін тыңдай беруге ниетті екенін білдірген Елбасы тәуелсіздіктің 27 жылында бағындырған белестерді атап өтті. Алғашқы жылдардағы қиындықтарды еске салды. Дүниежүзінің картасында Қазақстан деген атаудың болмағанын тілге тиек етті. Елбасы ауылшаруашылығы, жасанды интеллект, цифрландыру бағыттарында атқарылатын игі шаруаларды да таныстырды.
– Тәуелсіздігімізді алдық, экономиканы, халықтың әл-ауқатын, мәдениетін, денсаулығын көтердік. Астананы салдық. Бірақ ішіндегі ең негізгі жетістік – сендерді, жас буын – қазақстандықтарды тәрбиелеп шықтық, – деді Елбасы жастарға қарата. – Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірі келді. Менің буыным мектепте оқып жүргенде, әсіресе, ауылда теледидар да жоқ болатын. Радио енді ғана шыға бастаған еді. 100 жыл тарих үшін тым қысқа уақыт. Қазір бәрі 10 жылдың ішінде қалай өзгеріп жатқанын көре беріңіз. Сол үшін біздің мемлекет уақыт алға тартып отырған тегеуріндерге жауап бере алуы керек.
Жиында Президент ірі қалаларда жастарға арналып жылына мың пәтер салынатынын, болашақта «Жас маман» бағдарламасы әзірленетінін, студенттерден құралған еріктілердің шәкіртақысы өсетінін, жас кәсіпкерлерге берілетін грант қаржысы екі есе артатынын, ауыл жастарының жәрдемақысы көбейетінін мәлімдеді. Сонымен бірге, жас ғалымдарды қолдау мақсатында 3 миллиард теңге қаражат бөлінетінін жеткізді. Жастар жиынында белгілі болғанындай, болашақта Түркістан қаласының құрылысына студенттер тартылады әрі жастардың бастамаларын жүзеге асыру үшін арнайы қор құрылмақ.

Қуаныш ТҰНҒАТАР