ҰЛТЫН СҮЙГЕН ҰЛАНДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Уақыты: 15.02.2019
Оқылды: 2007
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңінің жеңімпаздарымен кездесті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жоба ерен еңбекқорлық, табандылық пен іскерлік қасиеттерінің нәтижесінде биік белестерді бағындырып, өз саласында дараланып көрінген жандардың есімін елге таныту бағытында өткен жылы өріс алған болатын. Заңды жалғасын тапқан осынау игі жобаның екінші кезеңінде онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаз деп танылған 29 адам жылдағы дәстүр бойынша Елбасымен жүздесу сәтінде жетістіктерін паш етті.

 

Кездесу барысында Мемлекет басшысы жобаға қатысушылардың жетістіктерімен танысты. Сонымен қатар, мемлекеттілік пен егемендікті нығайту жолында жастардың әлеуетін іске асырудың маңызды екенін айрықша атап өтті. 
– Бәріңіз де тәуелсіздіктің перзентісіздер. Біз бабаларымыздың арманын жүзеге асырған ұрпақпыз. Енді сіздердің уақыт келді. Мұны ұмытпауға тиіссіздер, – деген Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу шежіресіне тоқталып, жастарға ашылған мүмкіндіктер туралы сөз етті. Еліміздің білім және ғылым саласының даму қарқынын сақтаудың әрі оны еселей түсудің маңыздылығы туралы айтты. Оған қоса, жобаға қатысушылардың жетістіктеріне тоқталып, жастардың тұлғалық және кәсіби тұрғыдан өсуі үшін өз мүмкіндіктері мен уақытын тиімді пайдаланудың маңызды екенін атап өтті.  Бас қаламыз – Астананың салыну тарихы жөнінде егжей-тегжейлі әңгімелеп, ұлттық экономиканы дамыту және өсімнің жаңа көздерін ашу үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

– Егер біз пайдалы қазбаларға үміт артатын болсақ, онда қаражатсыз қаламыз. Сондықтан экономиканы өзгеше қалыптастыруға мүмкіндік беретін индустрияландыру процесін іске асыруды бастадық. Алты жыл ішінде 1200 зауыт пен фабрика салдық. Бұл жұмысты жалғастыра береміз, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. 

Кездесу барысында өмірдегі жолын қосымша білім беруді ұйымдастыру арқылы тауып, 19 жасынан мектеп ашып, білгенін кейінгілерге үйретіп, табыстың көзіне айналдырған Асан Жолдасов сөз алды. 
– Балаларды оқытқан кезде, ең бастысы, олардың бойында математикаға деген сүйіспеншілікті оята білу екендігін аңдадым. Содан бері оқытудың арнайы әдістемесін жасап, жылдан-жылға өрістете түстім. Қазір «Пифагор» үлкен компанияға айналды. Алматы, Астана және Тараз қалаларындағы мектептерімізде 136 мұғалім жұмыс істейді, 1500 талантты бала білім алып жатыр, – деді ол.  Асан Жолдасов білім саласында жұмыс істеген 10 жылдың ішінде 10 мың баланы тәрбиелеп шыққан-ды. Шәкірттері бүгінге дейін  халықаралық олимпиадаларда 300 алтын медаль олжалапты. 

Өз кезегінде xалықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының төрт дүркін иегері, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы Ержан Сәлімгереев сөз алып, спортқа деген махаббаты мен биік жетістіктерге деген ұмтылысының нәтижесінде паралимпиада ойындарында ел қоржынына жүлде салып жүргендігін тілге тиек етті. Ал, талдықорғандық кәсіпкер Ларион Лян бизнеске келуіне болашақ енесінің «Мына түріңмен отбасыңды асырай аласың ба?» деген бірауыз сөзі әсер еткенін атап өтті. Жанға батқан сөздің нәтижесінде еңбекке араласып, алғашында еш арланбастан пәтер тазалауға жалданып, уақыт өте келе Орта Азияда теңдесі жоқ тазалау орталығын ашқанын, өзін қиындықтар қалыптастырғанын жеткізді.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Қазақстаннан шыққан тұңғыш халықаралық әскери журналист атанған Назгүл Кенжетай, осы кезге дейін адамдардың миына 2500-ден аса күрделі ота жасаған, отандық нейрохирургияның қалыптасып, дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан жас нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев, қолдан ұрықтандыру саласына маманданған репродуктолог дәрігер Алмаз Ибрагимов сөз алып, өз мамандықтары бойынша жетістікке жетулеріне Мемлекет басшысы тарапынан болған зор қолдау себепші болғанын атап өтті.

Кездесуде Ел Президенті қарағандылық жас спортшы, акробатикадан әлем чемпионы Никита Амоскинді көпшілікке үлгі қылды. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының қатарынан көрінген спорт саңлағы соңғы он жылда мақсатына жету үшін аптасына алты күн жаттығу залында болып, тынымсыз тер төккен. Нәтижесінде, әлемдік деңгейде Көк байрақты желбіретіп келеді. Осынау қаршадай қыздың қайсарлығы көңілінен шыққан Нұрсұлтан Назарбаев: «Кез келген жетістік тұрақтылық арқылы келеді. Қолға алдың – жүзеге асырдың. Орта жолда шаршап, мақсатыңнан бас тартсаң, жетістік болмайды. 10 жыл бойы арманға қарай қарышты қадам жасау оңай емес», – деді.  
Қуанарлығы сол, жоба жеңімпаздары қатарында ғасырлық ғұмыры бар «Жетісу» газетінің меншікті тілшісі Мақпал Мыса әріптесіміз де бар. Ата газеттің үкілеп отырған үміті өз сөзінде:
– Біз – Тәуелсіздік тудырған есімдерміз. Алаштың рухы болып қайнаған қара қазанның суы сарқылған жоқ. Бүгінде мен секілді қалам тартып жүрген жастар сол қасиетті судың бір-бір мөлдір тамшысы. Шығармашылық жолыма келсем, өлеңдерім әлемнің бірнеше тілдеріне аударылып, сол елдердің антологиялық жыр жинақтарында жарық көрді. Өзім де өзге тілдегі өлеңдерді қазақ тіліне тәржімаладым, – деп тебіренді. Поэзия өлкесінде жұлдызы жарқыраған сәті Елбасы қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» республикалық байқауында бас жүлдеге ие болуы екендігін айшықтады. Сонымен қатар, адамзат баласының ақыл-ойы аламанға түскен қазіргідей заманда әдебиетіміздің көркейіп, кемелденуі аса маңызды екенін айтып, өмір деген адами құндылықтардан тұратынын жеткізіп, рухты жырын тебірене оқыды. 

Емен-жарқын әңгімемен өріс тапқан кездесудің соңында Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жобаға қатысушылардың бәріне ризашылығын жеткізіп, Қазақстан жастарын елімізді одан әрі дамытуға  ерен күшпен атсалысуға шақырды. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.