«SMART TALDYKORGAN»: НЕСІМЕН ТИІМДІ?

Уақыты: 18.02.2019
Оқылды: 1125
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық әкімдіктің «Жетісу – адалдық алаңы» кеңсесінде «Smart Taldykorgan» жобасын талқылау бойынша жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев қатысты.

Жиын барысында сөз алған Талдықорған қалалық ақпараттық-сараптамалық орталықтың  директоры Елжас Қуанғалиев «Smart Taldykorgan» жобасының қаңтар айынан бастап іске қосылғанын, мұнда 40-тан астам сервис көрсетілетінін атап өтті. Бұл жоба білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, сәулет, қала құрылысы, тұрғын үй және жер қатынастары салаларындағы көрсетілетін қызметтерді автоматтандыруға бағытталған. Смартфон арқылы қолжетімді «Smart Taldykorgan» мобильдік қосымшасын Play-market және App Store арқылы жүктеп алуға болады.

Әлі де толықтыруды қажет ететін жаңа жобаның тиімділігі мол. Ол арқылы баспана, балабақша кезегінде тұрғандар өз кезегін бақылап, ЖСН-ін енгізе отырып, тұрғылықты жеріне жауапты учаскелік полициясы туралы ақпарат алып, көмегіне жүгініп, қай емханада тіркеуде тұрғанын біліп, дәрігердің қабылдауына жазылуға немесе үйге шақыртуына мүмкіндігі бар. Іздеген дәрілерінің қай дәріханада бар екендігі туралы да мәлімет табады. Қаладағы қонақүйлер, көрікті жерлер, музей, мектептер, балаларға арналған үйірмелер, бос жұмыс орындары туралы да ақпарат ала алады. Қоғамдық көліктердің бағытын, қай жерде келе жатқанын, үлкен супермаркеттердегі жеңілдіктерді  де осы қосымшадан көруге болады. Үштөбеден қатынайтын пойыз, Астанаға ұшатын ұшақ кестесін көріп, билетке тапсырыс бере алады.

Қала тұрғындары үшін тиімді жобаның әлі де толықтырар тұстары көп. Жоба енді ғана жүзеге асып жатқандықтан көпшіліктің пікірін  ескеру маңызды. Бұл турасында Ақан Жылқышыбайұлы:

– Жоба әлі де шикі. Мұны жетілдіру керек. Халықтың ой-пікірін жеткізе алатын қоғам белсенділерін шақырып, олардың ұсыныстарын тыңдау қажет. Жобаға адамдарды көптеп қатыстырып, қосымша қызметіне тарту үшін  насихат жұмысын жүргізу керек. Халық қосымшаны пайдалана бастаған соң қай тұста кемшілік бар екендігі де байқалады. Тұрғындар қосымша арқылы өзіне қажет қызметін алды ма, оның нәтижесі қандай болды? Осы мәселеге мән беру керек, – деді.

Өз кезегінде сөз алған Серікбай Өрікбайұлы «Smart Taldykorgan» жобасының басты мақсаты жемқорлықты болдырмау, ақпараттардың ашықтығын, шынайылығын қамтамасыз ету, бүгінгі технологияның дамыған заманында халыққа мейлінше тиімді, қолжетімді мүмкіндіктер ұсыну екендігін еске салды. Жоба бойынша сын-ескертпелерін айтты.

Жалпы үш кезең бойынша қарастырылған жобаның әзірге бірінші кезеңі іске асуда. Сондықтан оны әлі де толықтырып, зерделеу қажет. Ал егер бұл сәтті жүзеге асатын болса, облысымыз көлемінде «Smart Jetisy» жобаcы жалғасын табады.

Алма ЕСЕНБАЕВА