АРДАГЕРЛЕРДІҢ АҚ БАТАСЫ

Уақыты: 03.04.2019
Оқылды: 856
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарқан аудандық Мәдениет үйінде Жастар жылына арналған «Ардагерлердің ақ батасы» атты форум өтті. Жиынға әр саланың үздіктері қатысты.  

Сахна   шымылдығын   Н.Островский атындағы мектеп-лицей  ұстаздары оқыған  Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңімен ашылды. Одан кейін Сарқан  жастар ресурстық орталығы дайындаған бейнефильм ұсынды. Онда аудан жастарының бастамашыл, қайырымдылық іс-шаралары көрсетілді.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Сендер-болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер. Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиялда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш», – деген пайымы  жастарымызға айқын жол нұсқайды. Ұлт көшбасшысының сенімін ақтар жастар  ауданның барлық саласында кездеседі.  Бүгінгі таңда аудандық орталық ауруханада 100-ге тарта жас маманның еңбек етуі осы сөзіміздің айғағы. Олардың ішінде квота бөлініп, арнайы шақырылған 20-дан аса жоғарғы білімді жас дәрігерлердің атынан сөз алған  реаниматолог Ернар Сүлейменов тұрақты жұмыспен, қызметтік пәтермен қамтамасыз етіп отырған аудан басшылығына алғысын білдірді.  

Келесі кезекте Сарқан шекара комендатурасы комендантының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, капитан Бауыржан Ақыбаев өз сөзіне патриоттық сезімді,  Отан қорғау парызын арқау етсе, жас кәсіпкер Қуаныш Алдекенов қолға алған ісін ілгерілетемін деген жастарға мемлекет тарапынан берілетін көмекті саралап берді. Қай заманда болмасын жас ұрпақтың буынын босатпай, қанатын қатайтып саналы тәрбие беру мен рухани құндылықтарды жас буынның бойына сіңіруде ұстаздың  алар орны ерекше. Жас ұстаз, Абай атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дастан Қалиевтің сөзі осы арнадан табылды. 

Сарқан ауданының Құрметті азаматы, аудандық «Ардагерлер ұйымының» төрағасы Қадыл Жанасбеков,  күні кеше Сарқан ауданын басқарған, Балқаш, Сарқан аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ерғазы Қошанбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, танымал кино және театр актері Саят Мерекенов болашаққа нық сеніммен қадам басқан жастарымызды өзара келісім мен татулықта, сабақтастық пен ортақ бағытта өмір сүруге шақырып, ақ баталарын ақтарды.

Форумға  облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт арнайы қатысып, ізгі тілегін айтты. Жиынды Сарқан ауданының әкімі Марат Разбеков қорытындылады.   

 

Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы.