ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕСІ

Уақыты: 16.05.2019
Оқылды: 821
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласындағы көрме кешенінде «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтті. Шараға екінші деңгейлі банктер, тұрғын үй құрылысын салушы ұйымдар өкілдері қатысып, көпшілікке бағдарлама туралы жан-жақты мәлімет берді.

Бағдарламаның тиімділігі несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің 7 пайызды және несиені өтеу мерзімінің 25 жылды құрайтындығы. Бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама бойынша облысымыздың Талғар, Қарасай, Іле аудандары мен Талдықорған, Қапшағай қалаларында 16 тұрғын үй кешені салынуда. Ол бойынша халыққа егжей-тегжейлі кеңес берілген шарада алғашқы болып сөз алған «Центр кредит банкі» АҚ Талдықорған қалалық филиалының директоры Манат Байғонысова аталмыш банктің бұл бағдарлама бойынша көшбасшы болып табылатынын атап өтті.

– Былтыр бұл бағдарлама бойынша «Көшбасшы» номинациясын жеңіп алдық. Оған себеп, Қазақстан бойынша берілген несиенің 91 пайызын «Центр кредит банкі» рәсімдеді. Бұл орайда Талдықорған қаласындағы банктер бойынша да алда келеміз. Өткен кезең бойынша 18 ипотекалық несие берілді. Оның жалпы сомасы 300 млн. теңгені құрайды», – деді ол.

«Қазақстан Ұлттық банкі» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Алма Сакенова «7-20-25» бағдарламасының тиімді тұстарына жан-жақты тоқталды.

Келесі кезекте сөз алған «Баспана» ипотекалық ұйымының серіктес банктермен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Қанат Әбдраимов:

–  Бүгінге дейін «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ипотекалық несие алуға 13 мың өтінім қабылданып, оның  7633-і мақұлданды. Алматы облысы бойынша 191 несие рәсімделді.

Қазіргі таңда «7-20-25» бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін 1800-ге жуық пәтер сатылуға қойылды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйді өткізу қағидаларына да өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған баспаналар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына және кезекте тұрғандарға және «7-20-25» бағдарламасы арқылы кезекте тұрған барлық азаматтарға берілмек. Жергілікті атқару органдары «7-20-25» бағдарламасының қатысушыларына 5 мыңға жуық пәтер беруге дайын. Оның ішінде Алматы облысының әкімдігі 130-ға жуық пәтер ұсынып отыр. Қазіргі кезде бағдарламаны кеңейту үшін «Қазақстан Ұлттық банкі» қарыз алушыға тұрғын үй қарызының 20 пайызынан асатын бастапқы жарна енгізу мәселесін пысықтауда, – деді.

Бүдан соң «Жаңа Генерация» ЖШС-нің өкілі Әлия Рахметова Алматы қаласының маңында салынып жатқан екі ірі тұрғын үй кешені туралы мағлұмат берсе, «Қазақстан Халық банкі» Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Ернар Айтжанов та банк ұсынатын халыққа тиімді шарттарды баяндады.

Облыстық құрылыс басқармасы директорының орынбасары Марат Нүсіпбаев баспаналы болуды армандайтын жандар үшін бүгінгі шараның маңызы зор екендігін, тұрғызылып жатқан нысандармен, оны жүргізіп жатқан құрылыс компаниялары өкілдерімен танысып, банктер қызметкерлерінен ипотекалық несиеге қалай қол жеткізуге болатындығы туралы толық ақпарат алуға болатындығын жеткізді.

«Аспан Сити» құрылыс компаниясының директоры Заида Асқарова да Талғар ауданында салынып жатқан тұрғын үй кешені, оны алғашқы жарна құюсыз-ақ алуға болатындығы туралы баяндады.

Жәрмеңкеге жиналған көпшілік өздерін алаңдатқан сұрақтарын қойып, мамандардан қажетті жауап алды.

Алма ЕСЕНБАЕВА