ФУТБОЛ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 09.07.2019
Оқылды: 826
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Балпық би ауылында жаңа спорт алаңы қолданысқа берілді.  


Аудандық мәслихат депутаты, меценат Қуат Жүнісовтің бастамасымен салынған спорт алаңының ауданы 850 шаршы метр. Құны 9 млн. теңге болатын алаң футбол, балаларға арналған және жаттығу алаңы болып үш бөлікке бөлінген. Іші жарықтандырылып, өрнектастар төселіп, табиғи көгалдандырылған. Балаларға арналған әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш, төбесі жабылған ойын құрылғылары да бар.

Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Алмас Әділ спорттың маңызы мен өзектілігін сөз етіп, ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сондай-ақ, жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ауылдарды өркендету бағытында әлі де талай жұмыстыр атқарылатынын жеткізді.

Ауыл азаматаның тартқан сыйына риза болған 11 жасар Әліби Асылбеков:

Біз осы жерде жаттығатын боламыз. Балалармен жиналып футбол ойнауға болады. Бізге осындай алаң сыйға тартқан жандарға рақмет айтамыз, – деді.

Ал, балаларын ерте келген Райгүл Бидайбекова:

Балаларымызбен кешкі серуенде уақыт өткізгенге таптырмас орын. Смартфонға әуес болмай, таза ауада басқа да балалармен бірге ойнап, уақыттарын тиімді өткізеді. Біз де шынығып, денсаулығымызды нығайтамыз, – деп жомарт жандарға алғысын жеткізді.

Соңынан балаларға базарлық ретінде теңбіл доп таратылып, жаңа футбол алаңында аудан әкімі Алмас Қабдулұлы бастаған топ жолдастық кездесу өткізді.

 

Еңлік ҚАБДЕШ

Көксу ауданы