Жауапкершілік жүктелді

Уақыты: 28.11.2016
Оқылды: 1169
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен алқа жиыны өтті. Оған барлық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты.

Жиында  Балқаш  және  Ұйғыр  ауданы әкімдері аппаратының тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасына бақылау жүргізу жұмысы туралы облыс әкімінің аппарат басшысы Сұлтан Дүйсембінов баяндама жасады. Ол өз сөзінде көрсетілетін қызметтердің сапасы мен мерзімін сақтау бойынша бақылау жоспары құрылғанын, тоқсан сайын көрсетілетін қызметтердің сапасына мониторинг жасалатынын айтты. Сонымен қатар, қолданыстағы мемлекеттік қызметтер тізіміне сәйкес облыстың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметтің 174  түрін ұсынғанын жеткізді. Биылғы он айда мемлекеттік органдар тарапынан 6, 8 млн. қызмет түрі қарапайым халыққа көрсетілген. Олардың ең көбі, яғни 70 пайызы денсаулық сақтау мамандарының үлесінде. Одан кейін ветеринария, халықты жұмыспен қамтамасыз ету, білім беру салалары бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілген. 
Жоғарыда аталған қос ауданда осы мәселеге орай бірқатар кемшіліктер анықталған. Мысалы, қос аудан тұрғындарының мемлекеттік қызмет көрсету бойынша түскен шағымдарының бірі де тіркелмеген. Оны тіркейтін журнал мүлде жоқ. Бұл дегеніміз ҚР «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының 25-бабын бұзу. Облыстағы аппарат басшысының айтуынша, Балқаш, Ескелді, Көксу, Райымбек және Сарқан аудандарының ресми интернет ресурстарында «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімінде мемлекеттік қызметтердің регламенттері орналастырылмаған, тіпті, көрсетілетін сілтемелер істен шыққан. Мұндай маңызды дүниелерге немқұрайдылық танытқан аудан әкімдеріне жақын арада кемшілікті бір арнаға тоғыстырып, мемлекеттік қызметтің барлық түрін аудан тұрғындарына таныстыру керектігі айтылды. 
Осы уақытқа дейін көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандарттары мен регламенттерінің талаптарын бұзғаны үшін 23 әкімшілік мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Алдағы уақытта да бұл қызмет бойынша жауапты мамандардың істеген істері тікелей бақылауға алынып, қадағалау жұмыстары жоғары деңгейде атқарылмақ. 
Баяндама аяқталысымен Балқаш ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сайран Смағұлов, Ұйғыр ауданының әкімі Алимжан Тохтасунов және облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Серік Самұратов аталған кемшіліктер алдағы уақытта түзелетінін айтып, барынша жұмыс істеп, БАҚ арқылы халыққа кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізетініне уәде берді. 
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстары жөнінде сөз алған басқарма басшысы Қаныбек Айтжанов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, аталған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін 2011-2015 жылдары республикалық бюджеттен 27,7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінсе, 2016 жылға 17,9 млрд. теңге қарастырылған. Бағдарлама іске асырылғалы бері барлығы 46 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Баяндамашы мемлекеттік бағдарламада көрсетілген үш бағыт бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ал шағын несие алушылардың негізгі бөлігі, яғни 84 пайызы ауылшаруашылығы саласын дамытса, қалғандары өз кәсіптері бойынша атап айтсақ, жиһаз жасау, киім-кешек, көрпе-жастық тігу цехтарын ашып, өз кәсіптерін дөгелентуде. Аталған несиені алып, өз істерін бастауда Сарқан, Панфилов, Кербұлақ, Жамбыл, Алакөл аудандары көрсеткіштерінің төмендігін айтқан басқарма басшысы алдағы уақытта мұндай кемшіліктің орын алмауын қадағалауды, аталған мемлекеттік бағдарламаны жоғары деңгейде атқаруды аудан әкімдері басты назарға алса деген ұсыныс-тілегін жеткізді. 
«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының аудан көлемінде атқарылу турасында Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бисембаев пен Ескелді ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Қалиев баяндама жасады. Жеткен жетістіктерін айтып, жыл соңына дейін кеткен кемшіліктердің орнын толтыратынын тілге тиек етті. 
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары көтерілген алғашқы мәселе бойынша айтылған бірқатар жұмыстың алдағы уақытта дереу аяқталуын барша әкімдерге айта отырып, ол жұмысты бақылау, сапасын анықтауды облыс әкімінің аппарат басшысы Сұлтан Дүйсенбіновке тапсырды. Ал «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы көрсеткіштерінің орындалуын және бөлінген қаражаттың толық игерілуін, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша және шағын несиеге бөлінген қаражатты толық және сапалы түрде игерілуін, жұмысқа орналасқан азаматтардың зейнетақысының уақытылы аударылуын және алдағы жылға міндеттелген бірқатар жұмыстарды сала мамандарына тапсырды.

Еңлік Кенебаева