МАМАН ЖЕТІСПЕЙДІ

Уақыты: 10.08.2019
Оқылды: 904
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қалалық әйелдерге кеңес беру орталығына бас сұққан нәзік жандылар бұл жердегі мәселені жақсы біледі деп ойлаймын. Мұндағы басты мәселе – маманның жетіспеушілігі.


Қазіргі таңда бір ғана дәрігер үш учаскенің әйелдеріне қабылдау жүргізеді. Талоны барлар алдын ала кезексіз қабылдауға кіреді. Ал талон алуға үлгермегендер кезекке тұруға тура келеді. Өткен жолы аталған орталыққа шаруаларыммен ертеңгі 8.00-де бас сұғып, түскі 12.00-де әрең шықтым. Жас жеткіншектер де,  жүкті әйелдер де, одан қалса орта жастағылар да бір ғана маманға қаралуда. Әрқайсысы жоқ дегенде 30-40 минут тексеріледі. Енді санай беріңіз, қанша уақыт кезекте отыратынымызды. Мәселен, шет мемлекеттерде әр жасқа арналған жеке мамандар бар. Осыны біріздендіру керек деп ойлаймын. Талон алып ертерек тіркеліп қойсақ та болады. Бірақ талон бәріне бірдей жетпейді. Сонда қолында кезексіз кіре беруге жарамды бір жапырақ қағазы жоқтар таңнан кешке дейін кезек күтіп телміріп отыра беруі керек пе? Қазір елімізде денсаулық сақтау саласына қатты көңіл бөлінуде. Алайда біздің мекемелер бұрынғы жүйемен қызмет атқаратыны түсініксіз. Неге мамандар тапшы? Оқу бітіріп, табақтай дипломмен жұмыс іздеп жүргендерге неге қолдау көрсетпеске? Ең әуелі, әйел денсаулығы мықты болуы үшін білікті де білімді мамандар ауадай қажет. Ел демографиясына үлес қосатын аналарға жағдай жасауды бірінші кезекке қойғанымыз жөн. Сол үшін де әйелдерге кеңес беру орталығының меңгерушісі Алма Қасенқызынан осы мәселенің мәнісін тауып, жұмысты бір жүйеге келтірсе деп сұраймын. 

Жансая АРМАНҚЫЗЫ