ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ АРТАДЫ

Уақыты: 12.08.2019
Оқылды: 675
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовтың төрағалығымен селекторлық режимде жиын өтті. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына арналған жиынға облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, мемлекеттік қызмет көрсету мекемелерінің өкілдері қатысты.


Өңірлерде жүргізілген бақылау нәтижелерін, кеткен кемшіліктерді сөз еткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Жеңіс Андабеков:
– Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында департаментке мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасы бойынша барлығы 48 өтініш келіп түсті, оның ішінде 34 өтініш жергілікті атқарушы органдарға қатысты. Қызметтерге сұраныстың жыл сайын ұлғаюына байланысты байланысты оларды көрсету сапасына тиісті бақылауды қамтамасыз етудің өзектілігі сақталуда, – деп бақылау функцияларын іске асыру шеңберінде ағымдағы жылы ЖАО-да 17 бақылау іс-шаралары өткізіліп, үш мыңнан аса бұзушылық анықталғанын айтты. Тексеру кезінде бұзушылықтың басым бөлігінің Іле ауданында – 1735 екендігі анықталды. Панфилов ауданында 325 және Алматы облысының ауылшаруашылық басқармасында 226 бұзушылық орын алған.

Баяндама соңында Жеңіс Саятбекұлы аталған олқылықтарды шешу жолдарын да ұсынып: «Қорытындылай келе жоғарыда аталып өткен кемшіліктер түрлі деңгейдегі лауазымды жауапты тұлғалар мен қызметкерлердің өз жұмыстарына салғырт қарауларының нәтижесі деп білеміз. Сол себепті, халыққа мінсіз мемлекеттік қызмет көрсету мен оның сапасын арттыру бағытындағы жұмысқа қарқынды сипат беруіміз қажет», – деп сөзін түйіндеді. Әрмен қарай Жеңіс Шылбынұлы барлық жауапты тұлғаларға кеткен кемшіліктің себебін анықтап, нақты шара қабылдауды тапсырды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев кемшіліктердің көбі мамандардың кәсіби біліктілігінің аздығынан екендігін айтып, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалында оқытуды ұсынды. 

Жиын барысында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Гауһар Шоқанова аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, цифрландыру қарқынын баяндады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ