ИГІЛІК БАСТАУЫ

Уақыты: 30.08.2019
Оқылды: 800
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ғасырлар бойы тағдырдың жазуымен шапқыншылықты, жаугершілікті көп көрген батыр ата-бабаларымыздың тәуелсіздікті құруды армандап өткені анық. Сол жолда баласына аңыз қылып айтқан ерлік дастандары мен батырлық жырлары халқымыздың ұлттық мәдениетін байыта түскені белгілі. 

Бүгінде Қазақстан Республикасы күллі әлемнің назарын аударып отырған іргелі елге айналды. Құдайға шүкір, мемлекеттік рәміздеріміз бар, көк Туымыз желбіреп, Гимніміз шырқалып жатыр. Азаматтарымыздың саяси бостандығы мен құқын қорғауға арналған Конституция – Ата Заңымыз барлық Заңдар мен заңнамалардың негізіне айналды. Осының бәрі еліміздің еркіндікке ұмтылған, бостандыққа құштарланған шынайы ниетінің, ықылас-пейілінің нәтижесі. 

Халқымыздың қой аузынан шөп алмас мінезі мен қолындағы барын беретін қайырымдылық қасиеті жақсылықтың, береке-бірліктің, ынтымақ пен бейбітшіліктің бастауына айналып отыр. Қазақтың осындай дарқан көңілін шынайы бағалай білген ұлттар мен ұлыстар кең-байтақ жерімізде тату-тәтті тіршілік кешуде. Оған да Конституцияның қойған талабы мен шарттары ықпал етуде. Жалпы адам баласы үшін басты құндылық – бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық екендігін жақсы ұғынған халқымыз Ата Заң – Конституцияны өзгеше құрмет тұтады. Өйткені игілік атаулының бастауы Ата Заң екендігін көпшілік жақсы біледі. 

Жанат АЙМАҚОВ,
«Бірлік» агрофирмасы ЖШС-нің атқарушы директоры