БАСТЫ БАҒЫТ АЙҚЫНДАЛДЫ

Уақыты: 31.08.2019
Оқылды: 650
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. «Әр iстiң өз iргетасы бар» дегендей, әр жаңа оқу жылының өз жоспар-жобасы болуы заңдылық. Осыған орай дәстүрге айналған «Тамыз кеңесі» биыл да өз жалғасын тапты.


Аудандық Мәдениет үйінде «Келешекке кемел біліммен» атты тақырыпта өткен тамыз кеңесі білім беру ісіндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналды. 

Мерекелік шараның шымылдығы мемлекеттік Гимнмен ашылғаннан кейін Б. Бейсекбаев атындағы орта мектеп оқушылары аудан ұстаздарына деген ізгі тілектерін арнады.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Айман Аймұханбет баяндама жасап, өткен оқу жылы ішінде білім саласы бойынша атқарылған ауқымды жұмыстарға және жеткен жетістіктерге кеңінен тоқталды. Ұстаздар алдында тұрған алдағы міндеттерді де саралап өтті. Мұнан соң сөз кезегі аудан әкімі Ғалым Қасымұлына берілді. 

– Мектептердің басты міндеті – сапалы білім беру. Бұл орайда біздің ұстаздарымыздың еңбектері мақтауға тұрарлық. Аудан мұғалімдерінің тынымсыз ізденісінің нәтижесінде ҰБТ сынағында облыс бойынша алдыңғы үштікке жеттік. Бұл білім беру үдерісіне инновациялық әдіс-тәсілдерді тиімді енгізу, оқушылар деңгейін зерттеу арқылы қажетті шараларды толыққанды жүзеге асыру, ұстаздарымыздың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру істерінде асқан жауапкершілік таныту нәтижесі деп білеміз. Сіздерге сапалы білім берудегі тынымсыз еңбектеріңіз үшін айтар алғысым шексіз,  – деген аудан басшысы ұстаздарға толағай табыс тіледі. 

Бұдан соң шәкірт тәрбиелеуде аудан мақтанышына айналған бірқатар ұстазға Алғыс хат, Құрмет грамоталары табыс етілді. Түрлі білім байқауларында топ жарып жүрген жүлдегер ұстаздарымызды «Бірлік» кәсіподақ ұйымының төрағасы Сайран Нұрайдаров марапаттады.

Осылайша өз деңгейінде өткен алқалы жиында оқу жылының жетістіктері сараланып, келер жылдың басым бағыттары айқындалды. 

Алтынай СЕЙТКЕН
Балқаш ауданы