ҚОНАЕВ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Уақыты: 07.09.2019
Оқылды: 1134
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Панфилов ауданындағы Көктал ауылының тұрғындары ғана емес, осы өңірдің жұртшылық өкілдері жаңа оқу жылын ерекше шаттана қарсы алды. Оған арқау болған жайт, ауылдағы орта білім ордасының бұрынғы атауы өзгертіліп, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев есімінің берілуі еді.


 Сонау жылдары ауданға келген ұлы тұлғаны қарсы алушылардың бірі ауыл мектебінің іргесі сөгіліп, қабырғасы қаңырай бастағанын айтып, көмек сұраған екен. Қазақстан басшысы  Д.  Қонаев бұл сөзге мән беріп, нәтижесінде мектеп салынып, ауылдастар мәз-мейрам болыпты. 

Таяуда осы мектепке ұлы тұлғаның, аса көрнекті қайраткердің есімін беруге арналған салтанатты рәсім өткізілді. Оған қатысушылар көп болды. Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Ш. Қурбанов, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы 

Е. Келемсейіт, облысымыздың Құрметті азаматы Ғ. Тұрғанбаев, облыстық «Д. А. Қонаев» қоғамдық қорының төрағасы К. Жексенов, Көктал ауылдық ақсақалдар ұйымының төрағасы      С. Солтанқұлов, мектеп оқушысы  К. Кириллова, т.б. сөз сөйлеп, жүрекжарды алғыстарын жеткізді.

Жаңа 2019-2020 оқу жылында Дінмұхамед Қонаев есімімен аталған білім ордасының табалдырығын тұңғыш рет аттаған 110-нан астам жеткіншек, 118 мұғалім мен бірнеше жүздеген оқушы жаңа оқу жылының алғашқы аптасын осындай қуанышты көңілмен қарсы алды.

Мектепке Д. Қонаев есімінің берілуі үлкен мерекелік концертке ұласты. Ән шырқалып, би биленіп, күй күмбірледі. Өрендер біркісідей: «Димаш ата – бізбен бірге»,  – деді асқақ үнімен.

Болатбек БИСҰЛТАНҰЛЫ,
облыстық «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» қоғамдық қорының басқарма мүшесі – баспасөз хатшысы, Қазақ 
журналистикасының 
қайраткері