АРМАНЫМ, САҒАН, АМАНАТ

Уақыты: 08.09.2019
Оқылды: 976
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әдебиет әлеміне құштарлық танытқан сонау жылдары кітап оқуды үзілмес үрдіске айналдырып, мектептен кейін шопан-ата таяғын ұстаған сәттерде қоржынның бір басына қазақ қаламгерлерінің туындысын салып ала шығатынбыз. Түліктің өрісі кең болған соң бәлендей қинала қауға ұстамай, керісінше, тұмса табиғатқа шыққанға қуанып, боз жусанға шалқалай құлап шығармаға үңілетінбіз. Қызығы, сол жылдары жазушы шығармасынан гөрі қазақ ақындарының жырларына көбіне-көп бой ұрыппыз. Өлең шөпке домалап өлең нәрімен ауызданыппыз. Есіре соққан желдің, екпіндей аққан өзеннің жырын ақын туындысымен астастырып, салыстырып, өзіміз де шайырдай шалқып, шалықтап кетер бір дертке душар болыппыз.


Тың топыраққа ғайыптан-тайып алтын дән түсіп, ол аз мерзімде қаулап өсіп, жайқалған егіске айналғандай сол балалық шақтағы бақташылық «кәсіппен» шұғылдана жүріп оқыған кітаптар кеудемізге ақындық тамырды алты тарамдап бекіткендей. Содан да болар, қазақ поэзиясының қадау-қадау шығармаларын тудырған шайырлардың кейпіне еніп, шамырқанып, шамданып, кейде көркем образ сомдап жыр оқитынбыз. Солардың бірқатары Еркін Ібітановтың ақық туындылары еді. 

Аспантаулар аясындағы аядай мекенде жамбастай жатып, жалпақ далаға жырмен үн қатып, өлең дауылын соқтырған дауылпаз ақынның ғұмырнамалық хамсасын ол кезде жыға танымайтынбыз. Кітаптағы там-тұмдаған деректерге көз жүгіртіп, «Е, Мұқағалимен жерлес екен ғой. Бердібек түлеген мекеннің бір арналы өзені деші» деп қана толғанатынбыз. 

Қожыр-қожыр шыңдары ақ сәлде киген қариядай талай тарихтың қанды қырғынын, қарапайым елдің мұңды ғұмырын, шежіресін, сүрінгенін, түңілгенін көрген тілсіз куәгер: мұсатыр мұзы талай керуенді көштің аңдыздап үркіншілікпен құбыла таппай сайғақша сандалып, талай буыршынның ирек мойны үзіліп, мехнатты-шерді шығара алмай шарасы жасқа толған сан мұңлықтарды үнсіз жалмаған жебір. Табиғат емес-ау, тарлан тарихтағы оспадарлардың себебімен мұңға батты көп жұрт. Сол жұрттың қасиетті қонысы, кең жайлауы, пана болар, ықтасын болар асқар таулары Қарасаз деген қасиеті бөлек елді мекенді төсінде әлдилепті. Сол аққу ұшып, қаз қонған аядай ауылдан құстың қос қанатындай қос ақын андағайлап асыл өнер – поэзияға алапат күшпен келіп, өлең өрісін кеңейтті. Соның бірі, әрине, Еркін Ібітанов.

Иә, Еркін Ібітанов мұзарт таудың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың кіндік қаны тамған құстың ұясындай ғана ауылда туды. Сонау 1935 жылы маусымның 4-жұлдызында от жүрегін тулатып өмірге келген ақынның балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Алты жасында ақпандатқан қыстың қарлы-бораны соғыс деген дабылдан жылы сезілетіндігін жан жүрегімен ұғынды. Ұғынған соң:
Балалығым – татуы жоқ 
кермек күн,
Мөлдір күлкі, бал ұйқыға 
шөлдеттің.
Менің сәби балалығым шырылдап,
Уысында кетті фашист-
жендеттің.
Тыныштықтың үмітімен 
жылынып,
Сонда-дағы сынып, солып, 
сөнбеппін.
Иә, солай...
Бесігімнен тұра сап,
Балалықты аттап өтіп, 
ержеттім, 
– деп жырлап, бақытты балалықты бастан кешірмегендігін айшықтаған. «Мөлдір күлкі, бал ұйқыға» шөлдеткен сол бір қаралы кезең буыны қатып, бұғанасы бекімеген кімдерді аямады десеңші?! Қауызын енді жарған гүл-ғұмырлы періштені де, жапырағын жайған бәйтеректі де топалаң-топыраққа көміп, көмілмегенінің жүрегіне үрей сеуіп кетті-ау. Міне, сондай кезеңде ержеткен сұңғыла ақын, тағы бір жырында:
Көз алдымда көлеңке өмір – 
дүлей күн,
Құлағымда сұңқыл жоқтау – 
үрейлі үн.
Бақытымның балғын көгін 
жапырып,
Сол күндердің оралмауын тілеймін.
Сондықтан да шайқастардан 
шайлықпай,
Тыныштықтың күзетінде 
түнеймін.
Өйткені, мен ұрпағыма, жұртыма,
Тыныштықты тілеймін,
Тыныштықты тілеймін... 
– деп толғанады. 

***

Жұмыр басты пенденің маңдайына «тағдыр» деп таңбаланған сүрлеудің бар азабы мен қиындығын, шаттығы мен шырғалаңын танып, томағасы тастүлек кезінде сыпырылғаннан ба, Еркін ақын өмірді өзінше суреттейтін, өзінше жырлайтын өзгеше шайыр болып қалыптасқан. Содан да болар:
Шіркін менің жүрегім 
шаршамаған,
Күндіз-түні күй тілеп, аңсаған ән.
Жалған сезім, жасанды сұйық 
сөзбен
Жасық өлең жазуды ар санаған, – деп өзі жырлағандай өлеңнің жасығын емес, асылын жазуды ғұмырлық мұраты етті. Сол арқылы Аспантаудың алып шыңындай биіктен тұғыр сайлады. Оған әрине, соңында қалған том-том туындылары дәлел. 

Еркін елдің Еркін ақыны еркіндікті сүйді. Қатарластары, қалам ұстар құрдастары астана төрінде алшаңдай басып, ақындық ғұмырының алтын әріппен жазылған жылнамаларын түзіп, есімін байтақ далаға танытып жатқанда, әдеби ортадан алшақтау жатса да Елшенбүйрек шыңына шығып жыр сахарасына күн салып қарап, күнқақты жүзін айдай толқытып, текті өнерді өмірдің өзегі деп білді. 1956–1966 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде қызмет етіп жүріп екі бірдей «Жолға сапар», «Қойшылар» атты кітабын қалың оқырманға ұсынды. 

1962 жылы жарық көрген «Қойшылар» кітабы қырдың самал желіне маңдай тосып, саумал ауасымен тыныстап, мөлдір суына аяқ салып, өлең шөбінде аунаған Шопаната таяқты бүлдіршіннің жүрегін ерекше күйге бөлеген еді. «Осыдан жарты ғасыр бұрынғы адам, қойшы болса, ол мына менің бабам. Жамыраған қозысын қайтара алмай, кім жыласа, ол мына менің бабам», – деген жыр жолдарымен басталатын «Қойшылар» поэмасы кеудеге мақтаныш сезімін ұялататын. Неге? Сонда бүгінгі кейбіреулердің көзқарасымен қарағанда қойшылық-бақташылық кәсіптің ең төмені, өлместің күнін көргендіктен амалсыз жанбағарлыққа барғандағы әрекет болып саналмай ма? Көң иісін аңқытып, бауырсақ құлақ қозылармен бірге түнеп, олардың аузы көкке іліккенше байыз таппас шопандардың кәсібінің шетін көріп, алдыға санаулы қара салынған біздер сол кезде несін мақтандық екен? 

Мық шегедей түбін тауып қадап айтар ақынның шымыр-шымыр шумақтарынан бабалардың көшпенді өмір-салтын, жайлау, күзеу, қыстау мен көктеу арасындағы тіршілік-тынысын танып, көз алдымызға олардың кескінін көлбеңдеткенде қалайша мақтанбассың?! Ақын осы поэма арқылы бабалардың атакәсібін ұлықтап, әкесінің, бабасының басына өршіл өлеңмен ескерткіш орнатқандай болса, бұл поэма шығармашылық ғұмырының, шайырлығының куәлігі емес пе?
Біздің қазақ қой десе бала жастан,
Ішкен асын тастай сап араласқан.
Эстафета таяғы – қойшылықты,
Бір ұрпақтан бір ұрпақ ала қашқан, – деген жыр жолдарының өзі қырға қозы жамыратқан бабаларымыздың өмірін әдемі өрнектей білген ғажайып жыр. Осы бір поэма арқылы Еркін Ібітанов исі қазақтың арда тұрмысын айшықтап берген. 

Негізінен ақындық ғұмырдың айшықты жылдары мен шығармашылығының тұтас дәуірлеу кезеңін, яки толысу, ернеуінен асып-төгілген тұсын дөп басып жеткізу үшін ақынның бірқатар жырларын алға тартатынымыз рас. Ол жырлар, әрине, еркіндік пен кеңдік белдеуін ұштастырар терең мазмұнды туынды болуы керек. Еркін ақын Ібітанов поэзиясындағы кез келген өлең біз айтқан тұспалға саяды. Өйткені ақын өзі жырлағандай жыр асылын теруге құмар болған. Оның қаламынан саф алтындай туындылар түлеген-ді. Соның бірі – «Үйлену» поэмасы. 

«Үйлену» поэмасы қазақ лиро- эпостық жырларының бүгінгі заманғы көзқарасымен жазылған, жалғасқан бір бөлігіндей көрінетіні бар. Алайда мұнда махаббат үшін күрес жоқ. Батырлық та айшықталып, дәріптелмеген. Одан гөрі Мұқағали Мақатаевтың   «Аққайың әні» поэмасымен өзектес, сабақтас секілді көрінеді. Дей тұрғанмен, азамат пен ару арасындағы ішкі сезімнің тартысы, бір- біріне деген ынтызарлық, тілмен айтып жеткзбес түйсік осы туындыда мейлінше шынайы берілген. 
Қызықсың-ау, о, жастық шақ, 
той уақыт!
Тез өтесің асау тайдай ойнақшып.
Көрдіңіз бе Алтайдың да, мінекей
Қыр соңына шындап түсті 
бойдақтық, 
– деген жыр жолдарымен басталатын «Үйлену» поэмасының бас кейіпкерлері – Алтай мен Райхан. Дастанда екеуінің махаббаты жыр етіледі. Алайда, Төлеген мен Қыз Жібектің, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың, Фархат пен Шырынның сезіміндей күрескерлікке толы ғұмыр емес. Қарапайым ғана оқиғалар арқау етілген, дегенмен ақынның көркемдеуімен ерекше әсер еткен поэма... Осы бір көлемді туындыдағы әрбір тармақ, шумақ ғажайып теңеулермен өрілген. Тіпті, адам психологиясын жоғары деңгейде аша білген туынды деуге болады. Бұл орайда өлең сезім-күйдің қыл пернесін ашқанымен, жалпы поэзия жанрында адам психологиясын ашу деген болмағанын айта келіп, осы сүрлеуде Еркін Ібітанов айрықша қолтаңба қалдырғанын да алға тартуға жосық бар.

***

...Еркін Ібітанов ардакүрең ақын. Жыр жүйрігі. Оның екпіні – тау өзеніндей. Нәрлілігі – алты ай жазғы ақ жабырдай. Бұл тұрғыда қазақ поэзиясының қайталанбас тұлғасына айналған Тұманбай Молдағалиев: «Жылдар тез өткенін қарашы. Біз жасайтын жылдар азайды. Бейғамдық беріп жатыр сазайды. Анда-санда сені, сенің тағдырыңды есіме аламын. Анадан ақын болып туған бала едің. Бүкіл қазағыңа жақын бола алдың ба, жоқ па? Бәрі өзіңе белгілі. Өзің ойлағандай сенің ақындығыңның күш-қуаты менің ақындығымның күш-қауатынан артық болмаса, кем емес. Егер екпіндеп қиялыма ерік берсем, тең де шығармыз деп ойлаймын», – деген естелігі Екін Ібітановтың дара ақын екенін аңғартатындай. Замандасы солай дейді. Өзі биіктен тұғыр сайлап, бүкіл қазағының жүрегінен жол тауып, Аспантаулар аясында тіршілік етіп жатқан қаламдасының аяқ алысын, арда болмысын осылайша айшықтайды. 
Расында заңғар таулардың шыңына қарап шабыт шақырған шайырдың ақындық күш-қуаты бөлек. Қалам желісі, стилі де өзгеше. Содан болар ақын поэзиясының басым бөлігін поэмалар мен дастандар, толғаулар құрайды. Мәселен:
Не іздеп келдім осынау құм 
даладан?!
Құм даладан – меңіреу тұл 
даладан?!
Кім мені асқар таудан аластаған,
Кім мені Жетісудан қудалаған?! – деп келетін «Құмда туған құдірет» поэмасы немесе:
Сұлулық сағым боп қарсы ағар,
Тербетіп саяқ жел, сал самал.
Жалаңтөс жартасқа жармасып,
Мүлгиді қарағай, аршалар, 
– деген жыр жолдарымен басталған «Боздақтар» поэмасы, сол секілді «Жаза алсам», «Түс көрдім», «Қарқараның қаһары», «Арылу», «Шыңырау-шындық», «Хантәңірім, қайдасың», поэма, толғау-толғаныстар ақын поэзиясының ерекше толғар тұсы. Әдетте тұлпар тұрпатын айшықтауда кеудесі керегедей жүйріктерді кең тынысты, дыз етпе, қыза шабар жануар деп даралаушы едік қой. Сол секілді Еркін Ібітановқа қаратып поэма тудырушы кең тынысты ақын деп атап өтуге болатындай. 

***

Тұмса табиғаттың әлдиімен қазақ алыптарының қатарына қосылған арда ақын сол Табиғат-ананы суреттеуде ерекше күшпен қалам ұстаған. Әрбір жырында жусанның жұпары аңқып, елік ырғып, құс құйқылжыта ән салып жүргендей болатыны бар.
Оралып күн сапарынан кешегі,
Кең төскейге мол сәулесін төседі.
Тау басында үлбіреген ақша бұлт,
Бір шоқыдан бір шоқыға көшеді.

Шық моншағын жылтыратып 
ырғала,
Жарқабақта жалғыз қурай 
тұр дара.
Кілегей мұз тоңазыпты жағалай,
Түн ызғары аунап кеткен жылғаға.

Мамық тұман толтырып боп 
ылдиды,
Өрге қарай жер бауырлап 
жылжиды.
...Су алған қыз сылдырлатса 
шелегін
Арғы бетке үлік үркіп ырғиды... 
– деген «Таң» өлеңі ақын табиғатының көркем екенін, бейнелі сөзбен сурет салған шеберлігін паш еткендей. Осындай көптеген жырынан оның ұлттық поэзияның бірегей қара нары екенін аңдаймыз. Сондай қасиетті Қарасаз пұшпағынан байтақ Отанына жолдаған ақ сәлемді – ақық жырлары оның айбынының асқақ, абыройының биік, ақындық қуатының телегей тасқынды өзендей екенін танытатындай.

Елшенбүйрек етегінде еркін жырдың томағасын сыпырып, көксеңгірге қанат қақтырған шайырдың шығармашылығының дені поэма, дастан, толғау-толғаныстардан тұрса, соның бәрінде Табиғат-анаға деген іңкәрлік, тылсым дүниенің көркі мен құдіреті суреттеледі. Қыбырлаған жәндіктен бастап, құлдилай бірде қалықтай ұшқан қанатты құстар, адам, өсімдік бәрі-бәрі ақын қаламынан тысқары қалып көрген емес. Соған қарап Еркін Ібітановты табиғат мүсіншісі һәм суреткері деп еріксіз толғанасың. 

Таңертең қыстың жылы 
күншуағы,
Үңіліп тереземнен телміреді.
Әйнектен тұнық тамшы 
жылжып әні.
Қыраудың көңілі босап елжіреді.

Алдында тереземнің бір топ 
тал да,
Сыпырды ақ қырауын 
терлеп-тепшіп.
Іркіліп оның нәзік сабағында,
Ойнайды күн нұрымен 
мөлдіреп шық.

Қарасаң асқар тауға терезеден,
Тым-тырыс жайбарақат 
қалғып қапты.
Кешегі мөңкіп аққан терең өзен,
Жамылып мұз көрпесін 
дамылдапты, 
– деп келетін жырлар ақын поэзисының, лиркалық толғаныстарының ең бір ғажайып тұсы. Осындай жыр жолдарын оқып отырып таудың тағысындай тарпаң тірлік кешкен, сөйте тұра сөз өнерінің інжу-маржанын ыждағаттылықпен сүзіп, оның ең ірісін, кесегін арда жұртының қасиетті қамбасына – руханиятына қосқан шайырдың кескін-келбеті көз алдыңа келеді. Шыдыр күндей өткір жанары, Хантәңірінің қарағай мен самырсынындай қалың қабағы, Елшенбүйректің қожыр-қожыр тастарындай ұлы поэзия айғыздаған әжім-әжім маңдайы жанарыңда көлбейді. Соның өзі жүрегіңді толқытар, көңіліңді көкжиекпен астастыратындай өзгеше сұлулық емес пе? Оның өзі ақынға деген, оның түпсіз терең поэзиясына деген ытнызарлықтың әсері ғой деп тебіренесің.

Өлкеге өлең келді төл өңгеріп,
Өң беріп, өмір беріп, өлең беріп.
Аспаннан әдемі әуез сорғалайды,
Тырналар мөлдір көкте 
көгенделіп, 
– деп май таңын мамырлата жырға қосқан ақынның жан дүниесі шұғылаға толы. Бәлкім, сол кен көкіректің алтын сәулелері шығар, бізді еріксіз өзіне тартып, жанды сиқырлап, жадыны дуалап алған. Бәлкім, ақынның шоқ шылымды бір езуіне қыстырып алып шоқ басқандай шырылдап өмір шындығын, қоғам іреңін, адам мен тылсым күш арасындағы, сенім мен наным белдеуіндегі жұмбақты жырмен шешуге талпынып, талпынған тереңіне бойлап, сол тұңғиықтан теңеу сөздің төресін теріп шыққаны болар мастандырған. Иә, боз жусанның үстінде боза ішіп, бесті қымызға бөгіп, масайып жатқандай ен дала табыстырған Еркін Ібітановты біз солай танығанбыз. Содан да болар:
Жеткізбей кеткен бір сағым,
Көре алмай кеткен бір таңым.
Құрсақта қалған ұрпағым,
Арманым, саған, аманат,
Арманым, саған, аманат... 
– деп жырлаған ұлы аманатынан аз-кем сыр тарқатып, Елшенбүйрек етегінен жөңкіп аққан өлең селіне бір шомып, шөліркеген жүрекке қуат берген нұрлы әлемге қаламмен саяхат жасап қайттық... Ал абзалында,  Аспантаулық арда ақынның мол мұрасын тарамдап талдау, бұл секілді қысқа-қайырымды естелікпен шектелмесіне шәк жоқ.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ