ЖАҢА ҚҰРЫЛҒЫМЕН ТОЛЫҚТЫ

Уақыты: 09.09.2019
Оқылды: 599
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Аудандық орталық ауруханада «Оптоник» ЖШС-нің ұйытқы болуымен 500 млн. теңгелік компьютерлік томограф (КТ) құрылғысы пайдалануға берілді.


Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Әлібек Жақанбаев ендігі ретте өңір тұрғындары алыс жол жүрмей-ақ толықтай тексерістен орталық ауруханадан өте алатындарын және осы мақсатта арнайы мамандар оқытылып, жұмыс басталғанын жеткізді.

«Оптоник» ЖШС директорының орынбасары Мұрат Ибрагимұлы облыс және аудан әкімдігімен келісімшарт жасалып, ел мүддесі үшін қомақты қаржыға осы аппараттың орнатылғанын және алдағы уақытта еш үзіліссіз, ауытқуларсыз қызмет ететінін айтып өтті. Артынша барша жиналғандар КТ құрылғысының жұмыс ретімен танысып, ниет білдіргендер тексерістен өтті. 

Енді сырқаттанған тұрғындар облыс орталығына не болмаса өзге де елді мекендерге бармай-ақ толықтай тексерістен өтіп, денсаулықтарын қадағалай алады. КТ күніне 9, жылына 2376 адамды тексерістен өткізуге қауқарлы. Мұнда арнайы оқудан өткен 1 дәрігер, 2 лаборант, 1 медбике қызмет етуде. Бұл құрылғы арқылы қатерлі ісік, миға қан құйылу, іш қуысының қабынуы және тағы басқа ауруларды контрастсыз, сондай-ақ, көктамыр ішіне препарат енгізіп анықтауға болады.

А. АСХАТҰЛЫ
Алакөл ауданы