КІСІЛІК ПЕН КІШІЛІК

Уақыты: 12.09.2019
Оқылды: 1293
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қашан көрсек те айналасын бойындағы әдебімен, жібектей мінезімен баурап, «айналайын» деген жылы сөзін тастамай айтып жүретін абзал аға айналасына таусылмайтын мейірім шуағын төгіп келеді. Ол – өмір жолы өнеге, кісілігі мен кішілігінен айнымайтын Өтесін Құбиев. Ол – Қазақстанның Құрметті журналисі, Қарасай және Іле аудандарының Құрметті азаматы.


Өтесін Құбиев 1949 жылы 15 қыркүйекте Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қоныстану ауылында Құби Иманқұлұлының шаңырағында дүниеге келеді. Оған дейін Құби мен Ақзибаның 1936 жылғы тұңғыштары Құбаштан кейін өмірге келген бес баласының барлығы бірінен кейін бірі жастай қайтыс болып кетіпті. Сол бес баланың орнын толтырсын, жасамаған жасын өтесін деген ниетпен ата-анасы есімін Өтесін қояды. Одан үш жыл кейін туған ұлды оған серік болсын деп Серік атайды. Әкемнің аты өшпесін деген ниетпен Құби баласының аты-жөнін құжатқа Құбиев Өтесін Иманқұлұлы деп тіркетеді.

Бала Өтесін сол өңірдегі Мақат ауданына қарасты Доссор мұнай кәсіпшілігіндегі В. Белинский атындағы орта мектепті бітірген соң ауылда бір-екі жылдай еңбекке араласты. Тәртіпті бала бір қарағанда қой аузынан шөп алмас, ештеңемен қақ-соғы жоқ момын көрінгенімен  іштей мығым болып өсті. Ата-ананың тәлімді тәрбиесімен үлкеннің алдынан қия өтпейтін жұқалтаң ақсары өреннің бала кезден арманы – журналист болу еді. Осы мамандыққа ынтызарлығы жас жігітке жігер беріп, арман арқалап Алатауға, ару қала Алматыға келді. Жолы болып Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны 1976 жылы бітіреді. 

Журналистикадан бақыт іздеп, бақ табуды мақсат еткен студент сабақтан бос уақытында республикалық жастар басылымының киелі босағасын жиі аттайтын. Бұл туралы өзі: «Менің қаламымды ұштаған «Лениншіл жас» еді», – дейді. Оның себебі 70-ші  жылдары-ақ редакцияның белді журналистерімен тығыз байланыста болды. Газет бетінде «Өтесін Құбиев» деген атпен қысқа хабарлар, мақала-суреттемелер, өлеңдері жарияланып жатты. Көп ұзамай  газеттің штаттан тыс тілшісі атанды. Сол кездегі бас редактор Сейдахмет Бердіқұловты өзіне ұлағатты ұстаз санады. Қаламы қарымды журналистер Ырым Кененбаев, Серік Әбдірайымов, Төлен Қаупынбаев, Эрнест Төреханов, Мағира Қожахметова, Жұмагүл Солтиева, Қуанышбай Құрманғалиев, Сиез Бәсібеков, Дәуітәлі Стамбеков, Жеңіс Оспанов, Орысбай Әбділдаұлы сияқты табиғатынан таланттылардың ойларынан тәлім, болмыстарынан тәжірибе жинақтады. Талаптың тұлпарына мініп, қызығы мол өмірдің сан қилы сырына үңілген осынау жас албырт шағынан бастап Жетісу жеріне кіндігі берік байланды.

Студенттік шақтың алғашқы жылы қазақ әдебиеті алыптарының бірімен кездескен сәтті ешқашан ұмытпайды. 1970 жылдың 24 қыркүйегі. Пошта ғимаратының алдындағы саябақта орындықта Сәбит Мұқанов отыр екен. Барып амандасты. Сәлемін алған жазушы: «Айналайын, балам, атың кім?», – деп  сұрады. Ол есімін айтып, қолтаңба қойып беруін өтінді. Ұсынған қойын кітапшаға: «Балам Өтесінге. Сәбит Мұқанов» деп жазып берді. Қолтаңбаны әлі күнге дейін тәбәріктей сақтап келеді.  

Кеудесі асқақ арманға толы ауыл баласы оқуын бітірген соң үлкен қаладан алыстамады. Журналистік еңбек жолын Алматы облысының Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде тілшіліктен бастап, басылымның бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы қызметтерін абыроймен атқарады. Жас журналист 1978 жылы Күрті аудандық партия комитетінің ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөліміне нұсқаушы болып бекітіледі. Ал  1981 жылы «Шұғыла» газетінің бас редакторлығына тағайындалады. Бұл қызметті 1993 жылдың қыркүйегіне дейін атқарады. Халық қалаулысы атанып, аудандық кеңес депутаты міндетін қоса алып жүреді.
Іскерлік қырымен танылған азамат одан соң аудандық кеңес төрағасының орынбасары болып сайланады. Одан кейін аудандық мәслихат хатшысы қызметінде істейді. Еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің және үлкенге құрмет, кішіге ізетін аямайтын тамаша мінезінің арқасында билікпен де, халықпен де оңай тіл табысып, жемісті еңбек етті. Осындай қасиеттері оған ел сенімін арқалатты. Оны лайықты ақтай білді де. Әкімшілік қызметтегі жылдары да мамандыққа адалдығынан айнымай, қолынан қаламын тастаған жоқ. Газеттен қол үзбей, өзінің қалаған тақырыбында мақалалар жазып тұрды.

Мәслихат хатшысы лауазымын 1997 жылдың маусым айында аудан тарағанға дейін атқарады. Күрті ауданының әкімшілік-аумақтық бөлінісі таратылып, жері көршілес Жамбыл, Балқаш, Іле аудандарына қосылғаннан кейін ондағы аудандық газет те жұмысын тоқтатты. Өнімді еңбегімен көпке танылған Өтесін аға біраз уақыт қызметсіз  қалғанымен  қиындыққа жасымады. Бойға сіңген сабырлы мінезімен төзімділік танытты.

«Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген тәмсіл адами қасиетті бәрінен биік ұстайтын дәл осы  азаматқа қарап айтылғандай. Сырт көзге тұйықтау көрінгенімен  сыр тартқан адамына бүкпесіз ақтарылатын білімді журналист Күрті өңірінде жүргенде-ақ облыстық «Жетісу» газетінің бетінде  жақсы очерк, проблемалық мақалалары арқылы қаламының жүйрік екенін байқатқан болатын. 1998 жылдың мамырынан Қарасай аудандық «Заман жаршысы» газеті бас редакторының орынбасары болып, журналистік еңбек жолын әрі қарай жалғастырды. Басылым басшысы Шекербек Садықанұлы құрметті еңбек демалысына шыққан соң, яғни, 2002 жылдың тамызынан «Заман жаршысының» бас редакторы болды. Бұл қызметті өзі құрметті еңбек демалысына кеткенше абыроймен атқарды.

Қарасай ауданында ол сүйікті жұмысына құлшыныспен кірісті. Көңілі орнына түскен Өтекең қолына ұшқыр қаламын қайта алып, өмір жолы өнеге, тағдыр жолы тағылым, айтары ақиқат аудан азаматтары жайлы қалам тербеді. Шәкірттерге жанының жарығы мен жүрегінің жылуын беріп жүрген ұстаздар туралы, туған жердің туын биік ұстап, өз ауылында, өскен ортасында кәсіпкерлікпен, шаруа қожалығымен айналысып жүрген жігіттер жөнінде бұрқырата жазды. Бұдан басқа да атқарған, редакцияға келген хаттарды қорыту, әр саладағы жиналыстардың есебі сияқты сан қырлы жұмыстарда есеп жоқ. Тәжірибелі журналист, қарымды қаламгер осылайша Қарасай жерінің шежіресін қалам ұшымен әрледі.

Махамбеттің, Исатайдың ұрпағы,
Қалам сілтеп борасындай бұрқады.
Жер жаннатын жанарына тұндырып,
Қара сөзбен шабыттанып шырқады, – деп ақын Орысбай Әбділдаұлы жырға қосқан журналист өзіне көрсетілген сенімді ақтап, осында үлкен абыройға бөленді. Алғашқы жылдары Қаскелең мен Күртінің арасын жол қылған ол қаланың шығысынан бой көтерген ажары атына сай «Алтын ауыл» ықшамауданынан пәтер алды. Журналистер одағы облыстық бөлімшесінің С. Бердіқұлов атындағы сыйлығын иеленді. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметіне қосқан үлкен үлесі үшін сол кездегі Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін екі мәрте Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Басылымның оқырман сұранысына сай сапалы, мазмұнды шығуын қамтамасыз етіп, ұтқыр ұйымдастырушысына, айналды.

Әріптес, ақын Нүсіпбай Додабайұлы оған арнаған жырында «Күртінің қазанаты», «Қарасайдың бекзаты» деген теңеу бергені тегін емес. Өтесін Иманқұлұлы газетті әрдайым халыққа, қалың оқырманға жақын ұстап, солардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға тырысты. Қашан да қайнаған өмірдің бел ортасында жүретін тілшілерге білікті басшылық жасады. Жылт еткен жаңалық пен баянды бастаманың жаршысы журналистерді қолдады. Бұл ретте оқырман, автор, тілші, көпшіліктің талап-тілегімен, ой-пікір, ұсынысымен санасып отырды. Редакцияға нағыз өз ісінің шеберлерін жинай білді. Оқырман хаттарына арқа сүйеді. Бұл қай газеттің болсын ұстанымы. «Заман жаршысының» шын мәнінде заманның жаршысы болуына жалықпай-талмай еңбек сіңірді. Халық пен билік арасындағы алтын көпірді тең ұстауға тырысты. Бұл ретте ол баспасөздің негізгі міндеті жөнінде: «Егер ол жалған демократияны бетперде етіп, дәнекерлік, адамгершілік бағытынан айныса, ондай баспасөзге біздің қоғамнан орын берілмеуі керек», – деген ой айтады. 

Өтесін Құбиев – «Қаламымның ұшында тыныстайды өмір», «Қазақтың Әйтей батыры» және «Өтеуменен келемін парызымды» кітаптарының авторы. Қарымды қаламгер жас журналистердің тәлімгер-ұстазы да. Оның қызмет барысында баулып, мамандықтың қыр-сырына үйреткен шәкірттері көп. Олар бүгінде жан-жақта жемісті еңбек етуде. Өзі зейнеткерлікке шыққаннан кейін орнына талантты шәкіртінің бірі Атлана Исаева редакторлық тізгінді ұстап, басылымды одан сайын түрлендіре түсті. Бүгінгі заман талабына сай газеттің электрондық нұсқасын өрістетіп, редакцияда бейнематериалдар дайындауды қолға алды. Тәлімгер-ұстазы туралы Атлана Жанатқызы былай дейді: – Өтесін аға «Заман жаршысына» келгенде мен тілші едім. Өте қарапайым адам, ал орындаушы ретінде өз ісін жақсы білетін тиянақты маман екені бірден байқалды. Уақыт өте келе ағамыздың бойында жақсы қасиеттер тұнып тұрғанына көз жеткіздік. Жұмысқа деген жауапкершілігі өте жоғары, ісін бітірмейінше үйіне қайтпайтын. Ал басшы ретінде мінезі жұмсақ болғанмен өте талапшыл. Материалдың уақытында жазылуын, жұмыстың дер кезінде орындалуын қатаң қадағалайтын. Керек кезде ескерту жасағанымен  дауыс көтеріп ұрысқанын көрмедік. Қызметкерлерінің жағдайын түсінетін жайлы басшы болды. Соған орай ұжымның көңіл-күй ауаны жақсы болып, редакцияны екінші үйіміздей сезіндік. Өтесін ағаны тіпті әкеміздей көріп кеттік. Үнемі белгілі бір тәртіптен ауытқымайтын, өзіне өте мұқият қарайтын. Жұмысқа бәрімізден ерте келіп, бізден соң кеш қайтатын.  Киім киісі өте ұқыпты, мұнтаздай, жүріс-тұрысы тап-тұйнақтай. Үстіне қылпық жұқтырмайды. Осы қасиетінен әр азамат үлгі алатындай.  Қырағы редактор болды. Қазақ және орыс тілдерінде аралас шығатын газет қой, екі тілде де қате жібермей қадағалайтын. Біздің бірнеше қайтара оқығанымыздың өзінен қате тауып алатын. 

Өтесін аға бұл күндері жетпіс жасқа толып отыр. Үлгілі отбасының басиесі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өмірлік жары Күлжаһан апа екеуі немерелерінің күміс күлкісіне тоймай, бақытты ғұмыр кешуде. Ұлы Рүстем мен келіні Зухра, олардан көрген немерелер Азамат, Айсұлтан, Жұлдыз-Ай, Елдос қолында. Рүстем Қаскелеңдегі Санжар Жандосов атындағы кәсіптік колледжде ұстаздық етеді. Үлкен қызы Дана мен күйеубаласы Мехмет Стамбұл қаласында тұрады. Кіші қызы Жанар мен күйеубаласы Нұрлан да өз алдына бөлек отау. Олардан көрген жиендері де тәтті, ата-әжесін сағынтады. 

Күлжаһан апа құдай қосқан қосағы туралы: «Бас қосқанымызға 47 жыл болды. Үйдегі береке осы кісінің арқасы деп білемін. Бір-бірімізге «шәй» десіп көрмедік. Шындықты, жұмыстың берекелі болғанын жақсы көреді. Дүние төңкеріліп жатса да асықпайтын өте сабырлы кісі. Ақкөңіл, елдің бәрін бауырындай көретін жүрегі кең. Ақшиде есігіміз қонаққа үнемі ашық болды. Шаңырағымыздан көп жақсылар дәм татты. «Жетісу» газетінен Мұғалімбай Жылқайдаров аға іссапармен келгенде ылғи біздің үйге тоқтайтын. Телефон шалып: «Келін, айналайын, шайыңды сағындым, сенің үйіңе барсам», – дейтін. «Келіңіз, аға», – деймін. Басқа ешкімнің үйіне барғысы келмейтінін айтатын. «Өтеш бауырымды сағындым», – дейтін. «Өтештей жар таптың, айналайын, қызым. Сен бақыттысың» деп әріптес інісін мақтап отыратын», – дейді.

Ардагер қаламгердің өзі: «Жыл мезгілінен күзді ұнатамын. Себебі, күз берекенің, байлықтың, кемелдіктің көрінісі. Әрі өзім де күзде туғанмын. Бір себебі осында шығар», – дейді.

Күзіңіз берекелі де мерекелі болып, молшылығын берсін, аға! «Жетісудағы» әріптестеріңіз сізге осыны тілейді.