ТОҚСАН ЖАСАҒАН АНАНЫ облыс басшысы құттықтады

Уақыты: 06.12.2016
Оқылды: 1378
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облысының, Талдықорған қаласының, Кербұлақ, Ақсу аудандарының Құрметті азаматы, дербес зейнеткер Бәтима Сақауова торқалы тоқсан жасқа келді. Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ абыз ананы салтанатты түрде құттықтады. 

Таңның атысынан құттықтаушылардың қатары сирей қоймады. Оған қолдарына шоқ-шоқ гүл ұстаған кезіндегі қызметтес әріптестері мен кейінгі ұрпақтың құрметі мен қошеметі дәлел. Бұл аяулы ананың адал еңбегі мен адамгершілігінің жемісі десек артық болмас.   
Бәтима Есболатқызы кезінде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мен мәдениетін көтеруге өзіндік үлесін қосып, перзенттік парызын өтеген. Сонау 1968 жылы Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымында жүргенде бүгінгі қаладағы әлеуметтік маңызы зор ғимараттардың бой көтеруіне өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын ерекше атап өткен Амандық Ғаббасұлы ел анасына деген ақжарма тілегін жеткізді:
– Ана – өмірдің жарық шырағы. Ол жандар барда біз бақыттымыз. Кезінде Талдықорған облысы тараған тұста елдің бірлігін сақтап, ақылын айтып: «Елбасы оң шешім қабылдайды. Сабыр сақтайық, күтейік», – деп ақылшы болып, ел тұтқасына айналған қайраткер қазір де ел басқарып жүрген азаматтардың ісін сырттай бақылап, қадағалап, қажет кезінде ақылын айтып, елдің тілеуін тілеп отырады. Заманында алдыңғы буынның сенімін ақтап, кейінгі ұрпаққа өнеге болған, өмір сабақтастығын жалғастырған, бір аймаққа ғана емес, елімізге сыйлы сіздей абыз аналардың бүгінде арамызда жүргені ғанибет. Сіз барлық саналы өміріңізді Жетісу елінің экономикасы мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне арнадыңыз. Шынайы, риясыз, еселі еңбекпен ғана абырой биігіне көтерілуге болатындығын өз өміріңізбен, болмысыңызбен дәлелдеп бердіңіз. Осы мағыналы да байсалды ғұмыр жолыңыз – кейінгі буын өкілдеріне, тәуелсіз еліміздің жастарына өнеге боларлық тағылымды жол. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға береке-бірлік, ырыс пен бақ тілеймін, – деді өңір басшысы. 

Жетісудың жауқазындай жайнаған қайраткер қыздарының бірі Бәтима Есболатқызы күні бүгінге дейін Елбасының саясатын қолдап, жас ұрпаққа айтар ақылын жеткізіп жүр. Қазақтың қызы деген ғажап атқа лайық Бәтима апайдың өмірінен алар сабақ көп. 
Әдемі қартайған асыл ананың ендігі тілегі – елдің тыныштығы, ұлттың амандығы. Ғасыр жасаған аяулы анамен өңір басшылығы емен-жарқын сөйлесіп, сый-сияпатын жасаса, ғасырға жуық өмір сүрген қоғам қайраткері таяуда ғана қызметке орналасқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарды құттықтап, барша облыс әкімдігінің аппарат қызметкерлерінің деніне саулық, жұмысына береке, ісіне сәттілік тіледі. 
Ел-жұртының құрметіне бөленген, мемлекет және қоғам қайраткері, елінің аяулы қызы, көненің көзі болған қазыналы қарт ананы ата басылым атынан біз де мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. 

Еңлік Кенебаева