ТАЛДЫ ҚАЛАНЫ ТАЗА ҰСТАЙЫҚ

Уақыты: 03.10.2019
Оқылды: 1518
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласы республика бойынша ең таза қаланың біріне жатады. Мұны қалаға келіп кеткен қонақтар, жалпы жұрт осылай деп атайды. Бірақ, қала соңғы жылы осы тазалығынан айырылып бара жатқандай. Орталық көшелер тазаланғанымен қаланың шеткі аудандарында бірқатар кемшіліктер бар.


Өткен жылдан бері қаланың барлық ауласына жаңа қоқыс салғыш контейнерлер қойылған. Ол заман талабына сай, бұрынғы жәшіктен өзгешелеу жартылай жерге көмілген арнайы қоқыс салғыштар. Сырт келбетіне қарағанда өте әдемі және сыйымдылығы жағынан да көлемді. Әйтсе де, осы қоқыс салғыштар тұрғындарға қолайсыз болып тұрғандай. Олай дейтінім, қоқысқа толғаннан кейін біраз уақытқа дейін шығарылмай жатады. Мысалы, Қабылиса жырау көшесіндегі 213 «б» үйінің аумағындағы қоқыстың тазаланбағанына біраз уақыт болған. Жерге көмілген бөшкенің іші лықа толы. Сасыған иісі қолқаны алады. Санитарлық талапқа сай емес. Дәл сол көшенің бойындағы арықтар да қоқысқа толып қалған. Арықтардан су жүрмегеніне біраз жылдың жүзі болғанға ұқсайды. Сол маңдағы тұрғындардан сұрап білгенімізде, 2011 жылдан бері арықтан су ағуы тоқтаған. Одан кейін қаланың «Шығыс» шағынауданында да осындай жайттар орын алған. «Заңғар» мейрамханасынан өткеннен кейінгі көшенің ауласына қойылған қоқыс салғыштар аузы-мұрнымен толып тұр. Тұрғындар қоқысты сыртқа тастауға мәжбүр. Бұл жерде де сасыған иістен көзің ашиды. Санитарлық талаптар орындалмағасын түрлі зиянкесті жәндіктердің қаптайтыны анық. Әрине, адам болғасын қоқыс төгуге мектеп жасындағы балаларды жібереміз. «Жаман айтпай жақсы жоқ», қоқыс төгуге шыққан баланы сасыған иіске, тамақ қалдықтарына келген егеуқұйрық тістеп алса не болады? Әрине, ондай жағдай кездесе қойған жоқ. Әйтсе де, алдын ала сақтанғанымыз жөн. Желтоқсан, Ғ. Сланов көшелерінің бойындағы люктардың қақпағы жоқ. Дәл жол ортасында үңірейіп жатқан тесікке көліктің дөңгелегі толықтай түсіп кетеді. Қазір зулаған көлік көп. Жүйіткіп келе жатқан көліктің бір доңғалағы осы шұңқырға түссе бітті, жол көлік апатының болары хақ. Одан да басқа, жаяу тұрғындардың да қараңғы түні осы тесікке құлап кетуі ықтимал. Осы Желтоқсан көшесімен саяжайға барар жолдағы 3 бөлімшеде бірқатар демалыс орындары орналасқан. Дәл осы демалыс орындарының маңы қоқыс төгетін алаңға айналғандай. Біз түсіне алмадық, мүмкін батпақты жер болғасын құрылыстан шыққан тас қалдықтарын төгіп, жерді нығыздап жатқанға ұқсайды. Егер дәл солай болса, біз көндік. Әйтсе де, үйіліп жатқан қалдықтар көзге оғаш көрінеді екен. «Шығыс» шағынауданындағы әскери прокуратура маңындағы орналасқан үйдің ауласындағы қоқыс жәшігі де толып кеткен. Маңайы өте лас. Тұрғындар, тұрмыстық қалдықтарды, ескі матрас, сынған дивандарды лақтырып тастаған. Бұл қоқыстар қашан шығарылатыны белгісіз. Кей аулаларға қойылған осындай қоқыс тастағыш бактардың аузы жабық. Қоқыс тастамаңыздар деген жазу да жазып қойған. Қосалқы контейнерлерді де көзіміз шалмады. Сонда бұл ауланың тұрғындары қалдықтарды қайда төгіп жүр. Мысалы Н. Алдаберген көшесінің бойындағы «Айкүнім» мейрамханасына қарама-қарсы орналасқан көпқабатты үйдің ауласындағы қоқыс салғыш дәл осылай жабық. Одан шеткері жерде жалғыз ескі контейнер тұр. Бетінен асып кеткен қоқыс сыртқа төгіліп жатыр. Бұған дейін әлеуметтік желіден көріп қалғанымыз бар. Дәл осы жаңа қойылған қоқыс жәшігін тазалаудың өзі бір азап. Арнайы қоқыс тазалайтын көлік ілгішімен аспанға көтеріп, көлікке төгеді. Күл қоқысқа, тамақ қалдықтарына толы мөшекті аспанға көтерген уақытта астына аққан су маңайды былғайды. Одан аңқыған иіс, бүтін ауланы алып кетеді. Бұл расымен де қолайсыз ба деп ойладық. Мүмкін аулаға қарайтын КСК өз жұмысын атқармайтын болар? Қоқыстың толуын күтпей жиі шақыртып, тазалатып тұрса, мұндай жағымсыз иіс пен шашылған қоқыс болмайтын еді. Әйтсе де, қала әкімшілігі осыны қолға алса деген тілек бар. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бұл олқылықтың орнын жояды деген сенімдеміз. Қала әкімдігі дәл бұлай салғырттық таныта беретін болса, «Таза қала Талдықорған» деген атымыздан айырылып қалу қаупі туып тұр.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ