БАСПАНА БАҚЫТЫ: КОТТЕДЖДІ ҚАЛАШЫҚТАН ҮЙ БЕРІЛДІ

Уақыты: 04.10.2019
Оқылды: 1221
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Дана халқымыз «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан, өзін бақытты сезініп, алаңсыз өмір сүруі үшін алдымен әр адамның тұрақты жұмысы, мекенжайы болуы тиіс. Ол, әрине, өз үйің, кең сарайдай боз үйің. Онда ішкен қара шайың да сіңімді, бір тілім нанның да дәмі ерекше болатыны рас. Үкімет халықтың осындай мүмкіндікке қол жеткізуі үшін көптеген жұмысты атқарып жатыр. Нәтижесіне көңіл тояттайды. Оған облыс орталығы Талдықорған қаласының «Береке» шағын ауданындағы коттеджді қалашықта тұрғын үй кілттерінің табыс етілуі дәлел. Жаңадан бой көтерген баспаналар көпбалалы отбасылар мен Ауған соғысының ардагерлеріне берілді.

Бірінен соң бірі салынып жатқан жаңа үйлер өзінің өзгешелігімен алыстан менмұндалап көз тартады. Ал оған қол жеткізу – кім-кімнің болса да ішкі арманы. Қала күні мерекесімен тұспа-тұс келген мұндай қуанышты сәттің дәмін сезінген көптеген отбасы баспаналы болу бақытына кенеліп, мәре-сәре болды.

Сол күні бақытқа кенелгендердің қуанышымен бөлісу үшін адам көп жиналды. Бәрі бір-біріне жылы сөздерін арнап, жақсылық жасап жатқан Ел басшылары мен Үкіметке алғыстарын жаудырды. 

Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы келді. Облыс басшысы баспанаға қол жеткізгендерді құттықтап, жаңа үйлердің кілтін табыс етті.

– Құрметті, Талдықорған қаласының тұрғындары, міне, бүгін біз сіздермен керемет қуанышты сәтте басқосып отырмыз. Осының бәріне Елбасы мен ел Президентінің арқасында қол жеткізудеміз. Өздеріңіз білесіздер, жаңа үйлерді тұрғызу үшін қажетті инфрақұрылымның бәрі жасалды. Баспаналарды салу кезінде бұл жерге талай келдім. Әсіресе, сапа жағын ерекше бақылауда ұстадым. Сондықтан, баспаналы болу бақытына ие болған барлық үй иелерін шын жүрегіммен құттықтаймын! Әр шаңырақ құт-берекеге толы болсын! Жаңа үйде бала-шағаларыңыз өсіп-өнсін, бақытты болыңыздар! Біз мұнымен тоқтап қалмай, сіздердің жағдайларыңызды жақсарту үшін әлі де күш-жігерімізді жұмсап, қызмет ететін боламыз, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Сондай-ақ, облыс басшысы көпшілік қауымға бүгінде Жетісу жерінде ел болашағы үшін іске асырылып игі шаралар жөнінде әңгімелеп берді. Осылайша, облыс әкімі қоныстой иелеріне кезек-кезекпен жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Қала күні мерекесіне арнайы келіп, шаттыққа бөленген қоныс иелерін ғарышкер, Халық қаһарманы, генерал-майор Айдын Айымбетов те құттықтады. «Құрметті жерлестер, сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын! Күн де сіздердің көңілдеріңіздей ашық болып тұр. Осындай жақсылық жасап жатқан басшыларыңызға рахмет. Құрметті қоныс иелері, жаңа баспаналарыңыз жайлы болып, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын! Ішінде тек татулық пен береке, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс, салтанат болсын!», – деп сөзін аяқтаған Айдын Ақанұлы бірқатар үй иелеріне кілт табыс етті.

Бұдан соң облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ермек Келемсейіт, «Нұр-Шапағат» ЖШС директоры Қайрат Кереев, көпбалалы ана Злиха Нұрсейітова, Ауған соғысының ардагері Мұрат Амитов, тағы бірнеше азамат сөз сөйлеп, ақ ниет, ізгі тілектерін білдірді. Соңынан облыстың Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков тілек тілеп, ақ батасын арнады. 

 Айта кетейік, аймақта тұрғындарды баспанамен қамту ісіне жеке кәсіпкерлер де зор үлес қосуда. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылып жатыр. Осы ретте бір топ жергілікті кәсіпкерлер 1979–1989 жылдары Ауған соғысында көрсеткен ерліктерін ескере отырып, сол соғыс ардагерлеріне өз қаражаттарына баспана алып берді.

Амандық Ғаббасұлы бастаған топ жаңа үйлерге бас сұғып, жайылған ақ дастарқаннан дәм татты. Тағы бір мәрте баспана иелерінің қуанышымен бөлісіп, құтты болсын айтып тарқасты.

Талғат МАМРАЕВ, Ауған соғысының ардагері:

 – Бүгінгі қуанышымда шек жоқ. Осы уақытқа дейін анамның баспанасында төрт отбасы бірге тұрдық. Ол үйдің әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрған еді. Енді, міне, елге жаны ашитын азаматтар мен демеушілердің арқасында жаңа үйге қол жеткізіп, қоныстой тойламақпыз. Осындай игі істерге мұрындық болып, елі үшін еңбек етіп жүрген басшыларға айтар алғысым шексіз!

Қалқаман ӘМІРҒОЖИН, көпбалалы әке:

– Бақыттымын, баспаналы болып отырмыз. Біз сияқты адамдарға қамқор болып, үйлі болуға қол ұшын созып, көмек көрсеткендерге үлкен рахмет! Осындай бақыт әр адамның басына қонып, көңіл өсіретін сәттер көбейе берсін дегім келеді. Өзім талай жыл малшы болып еңбек еттім. Он балам, отыз немерем, он сегіз шөберем бар.

 

*  Көпбалалы отбасылар үшін «Le Pes» серіктестігі жалпы ауданы 10,2 мың шаршы метрлік 125 пәтерлі 2 тұрғын үй салуда.
*  «7–20–25» бағдарламасы арқылы 8 және 9-шы шағын аудандарда ауданы 23,8 мың шаршы метр болатын 5 үйдің құрылысы биыл басталып, келесі жылы аяқталмақ.  
* Бюджет есебінен 8 және 9 шағын аудандарда жалпы ауданы 140,5 мың шаршы метр 1 553 пәтерлік 12 үйдің жобалық-сметалық құжаттары жасалуда.

Айгүл Байбосынова
Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков