ҮЗДІК КОЛЛЕДЖ

Уақыты: 08.10.2019
Оқылды: 1049
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған агротехникалық колледжінде «Ең үздік кәсіптік білім беру ұйымы – 2019» атты облыстық байқауы өтті. 


Білім басқармасы ұйымдастырған шараға 8 оқу ордасы қатысты. 

Шараның мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ететін үздік колледжді анықтау. Байқау екі кезең бойынша өткізілді. Алғашқы кезекте техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінің презентациясы, екінші кезеңде оқу-тәрбие үрдісінің моделі қорғалды. 

Шағын қойылымнан бастау алған шарада алғашқы болып сөз сөйлеген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова педагогикалық байқаулардың берер пайдасы туралы айта келіп,  ұстаздардың біліктілігін арттыру үшін арнайы курстардың да жүйелі өтіп жатқанын тілге тиек етті. 

Әділқазылар алқасының шешімі бойынша оқу моделімен айрықша көзге түскен Алматы экономикалық колледжі бірінші орынды иеленді. Ал, креативті ойлауымен дараланған Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінің ұжымы екінші орынды қанжығаға байласа, Бастөбе сервистік техникалық колледжіне үшінші орын бұйырды. Жарысқа үлкен дайындықпен келген басқа колледждер де құралақан қайтпады. Әрқайсысы жеке-жеке номинацияға ие болып, барлық оқу орнына  сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды. 

Аймарал ОМАР