ЖЕТІСТІККЕ ТОЛЫ ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛ

Уақыты: 15.12.2016
Оқылды: 1941
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақ хандығының уығын қадаған Керей мен Жәнібектің, мұқым елдің басын қосқан Әз Тәуке мен хан Абылайдың, азаттық үшін атойлаған кешегі Кенесары мен Алаш арыстарының арманы орындалды. Төрткүл дүние Тәуелсіз Қазақстанның қарыштап дамыған қуатты экономикасына, Бұқар жыраудың аманаты – айнала алмай ат өлетін татулығы мен бірлігіне, ядролық қарудан бас тартқан бейбітшілігіне, сондай-ақ, дақ түсірмейтін достық пейіліне тәнті. Сәрсенбіде Күлтегін мен Тоныкөк негізін қалаған Мәңгілік Елдің мұрагерлері Тәуелсіздік мерекесін тойлады. Салтанатты шараға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ қатысып, облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ кеудесіне Елбасының атынан «Қазақстан Рес­публикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалін тақты. «Жастар» сарайында жалауын желбіреткен дүбірлі жиын соңы думанды ән кешімен жалғасын тапты.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын әрбір қазақстандық асқақ рухпен атап өтуге құштар. Талдықорғанда ту тіккен Тәуелсіздік форумында республика мен облыстың жетістіктері сараланып, келешекке айқын мақсат қойылды. Форумға жиналған жастардың жанарынан бабалардың аманатына адалдық, Тәуелсіздікке шексіз құрмет ап-анық аңғарылып тұрды. «Жастар» сарайы егемендік атты ең қастерлі ұғымды жүрегіне құндақтаған халыққа лық толды. Мерекелік басқосу облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтау сөзімен басталды.
– Қадірменді қауым! Құрметті жерлестер! Сіздерді ең қастерлі мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан 25 жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына сенемін», – деген еді. Міне, бүгінде Елбасының сол сенімі орындалды. Ардақты ағайын, 25 жыл ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Елдің еңсесін көтеріп, іргесін бекемдеу жолында тиімді шешімдер қабылданды. Атап айтсақ, шекарамыз халықаралық шарттарға сай бекітілді. Мемлекеттік рәміздер, Ата Заңымыз қабылданды. Ұлттық валюта енгізілді, жаңа Астанамыз бой көтерді, – деді облыс басшысы кіріспе сөзінде.
Ширек ғасырда  Қазақстан биік белестерді бағындырды. Сындарлы жылдарда қауіпті де қатерлі көрінген асулар бүгін артта қалды. Азаттық алған алғашқы жылдары экономикалық дағдарыстың салдарынан келешекке күмәнмен қарайтындардың қатары көп еді. Бүгінде әрбір жүрегі Отан деп соққан азамат алға ұмтылады. Қазақстанды дамыған 30 елдің алдыңғы сапынан көргісі келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында өткен күннің қиындықтарын еске салып, жастарға тәуелсіздіктің оңайшылықпен орнамағанын айтады. Ең қасиетті құндылығымыз – егемендікті алудан гөрі сақтап тұрудың қаншалықты жауапкершілік жүктейтінін жеткізіп, халықты тарихқа құрметпен қарауға, болашаққа нақты мақсаттар қойып, жемісті еңбек етуге шақырады. Облыс әкімі Елбасының бас­тамасымен қол жеткізген жарқын жобаларды тізбектей келе Жетісу өлкесінде жүзеге асып жатқан ілкімді істерге тоқталды.
Егемендік алған жылдан бері облыс тұрғындарының саны 300 мыңға өсті. Өндірісі дамыған өлкенің табиғаты да көрікті. Ауасы жұпар аңқыған аймақ туризмді дамытуға қолайлы. Алыс-жақын шетелден келіп Жетісуды саяхаттаушылар жыл он екі ай үзілмейді. Бұдан бөлек, өңірлік өнім соңғы 25 жылда он бес есеге дейін артқан. Өндіріс орындарының қарқынды жұмысы нәтижесінде облыс бюджеті 1997 жылмен салыстырғанда 37 есеге дейін өсіп отыр. Амандық Ғаббасұлы экономика, әлеумет, білім, мәдениет, спорт және жол құрылысы бағытында жеткен оң көрсеткіштерге тоқталды. Ел игілігіне қызмет жасап жатқан Достық үйі, Тіл сарайы, «Жастар» спорт сарайы, «Жетісу» теннис-корты, Журналистер үйі, Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы, «Жастар» сая­бағы, Талдықорған қалалық көпсалалы аурухана жұмыстарын тілге тиек етті. Сондай-ақ, бүкіл талдықорғандықтардың мақтанышына айналатын бүгінгі заманға сай бірегей ғимараттар – Салтанат сарайы мен көрме орталығының құрылыстарын, 510 орынды  жаңа драма театрдың қазығы қағылғанын айтып берді. Тәуелсіздік жылдарының жемісіне тоқталған өңір басшысы сөз соңында: «Жетісу жерінің келешекте бүгіннен де құлпырып, көркейе береріне сенім зор», – деді.
Салтанатты жиында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев сөз сөйлеп, мерейлі мерекемен жетісулықтарды құттықтады. Ол біздің ел әлемге тек бейбітшілік пен бірлікті ту еткен мемлекет ретінде танылып қоймай, қырық пышақ болып жатқан діндермен де диалог құрып отырғанын айтты. Атап өтсек, Қазақстан бес мәрте діндер съезін өткізіп, түрлі сенім өкілдерін Астана төрінде жинап келеді. Нәтижесінде, әлемдегі сан алуан діни ағымдар адам өмірінің қауіпсіздігі мен дос­ тастық жолында бір жеңнен қол шығару керектігін түсінді. Министр Қазақстанның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ ядролық қарудан бас тартуын бүкіл әлемге көрсеткен бейбітшіліктің жарқын үлгісі ретінде айтып өтті.
– Қазіргі таңда халықтың 55 пайызы Тәуелсіз Қазақстанда кіндігі кесіліп, егемен елде еркіндік идеясымен өмір сүріп отыр. Оларда келмеске кеткен кеңестік көзқарас жоқ, – деді Ерлан Кенжеғалиұлы. – Біз Қазақстанның білімі мен ғылымын жетілдіру үшін 5 ұлттық Заң қабылдадық. Бүгінде еліміздің білім беру технологиясы халықаралық талаптарға толық жауап береді. Кез келген халықаралық байқауларда Қазақстанның оқушылары озық білімімен көзге түсіп, жүлделі орындардан көрініп жүр. Ең бас­тысы, еліміздегі оқушылардың 75 пайызы қазақ тілінде білім алып жатыр. Ал биыл бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндердің 85 пайызы мемлекеттік тілде оқытатын мектептерге барды.
Министр өңір тұрғындарын құттықтағаннан кейін Амандық Ғаббасұлына Мемлекет басшысының атынан марапат тапсырды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» медалі облыс әкімінің кеудесінде жарқырады. Салтанатты форум еліміздің өркендеуі жолында еңбек сіңірген бір топ азаматтарды марапаттаумен жалғасты. Бірқатар аудан және қала әкімдері, басқарма басшылары мен олардың мамандары, медицина мен білім саласының қызметкерлері «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарын, «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерін, сондай-ақ, Құрмет грамоталарын алды. Олардың қатарында төскейде төрт түлік өргізген шопандар, жылқышылар,  80 жасты алқымдаған еңбек ардагерлері де бар. Сонымен бірге, ғасыр жасаған «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерін шығарып отырған «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділовке, «Жетісу» телеарнасының басшысы Бейсен Құранбекке облыс әкімі өз қолымен «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты. Марапаттау рәсімінен кейін әйгілі «МұзАРТ» тобы бастаған өнерпаздар сахнаға шығып, отаншылдық рухты дәріптейтін асқақ әндерді шырқады.

Ќуаныш Т¦НЃАТАР